«Қазақтар орыс тілінен саналы түрде бас тартуы қажет»

/uploads/thumbnail/20170709195939719_small.jpg

Тәуелсіздікке дейін орыс тілі  қазақ елі үшін дүние тілі, ғылым тілі, мәдениет тілі, ұлт аралық қатынас тілі, ұйытқылық тілі, өктемдіктің тілі болатын. Қазір заман өзгерді. Тәуелсіздік алған қазақ елі өз тілімен әлемге үңіле бастады.  

Бүгінгі таңда, орыс тілі қазақ елінің ғылым-техника тұрғысынан алға басуына, жастарымыздың жаңа көзқарастармен қаруланып, дүние жүзілік ғылыми-техниканың алдынғы көшіне ілесуіне бөгет болуда. 

Қазіргі әлем тілі - ағылшын тілі. Әлемдегі информацияның 70%-ы ағылшын тілінде таралады. Қытай елінде тұратын компьютерді өте жақсы меңгерген, ағылшын тілін жетік білетін, қытай тілін өз ана тіліндей сөйлейтін, жеке мектеп ашып ұлтымыздың ұрпақтарын ғылым-білімге тәрбиелеп жүрген ұлтжанды бауырымыз Ықылас Оразбайұлы «Үрімжінің көркем жігіттері» атты мақаласында белгілі бір серіктіктің тор бетіне иқуат қосу үшін қажетті информацияны жер шарындағы жаңа дүниені күнбе-күн аударып отырады деген қытай тілінде таба алмай, тек ағылшын тілінде тапқанын, «Ағылшын тілін білмесең адымың ашылмайды» деген сөздің шындығына мойынсал болғандығын айтыпты. Қытай жоғары оқу орнында жұмыс істейтін химия ғылымының докторы Күндәулет Әлімәжіұлы бір әңгімесінде «Қытайда докторлық жұмыспен жүргенде байқағаным қазіргі қытай ғалымдары орыс ғылымын, орыс тілін менсінбейді екен» деп еді. Шын мәнінде ізденіп жүрген жандарға ағылшын тілінің орыс тілімен, қытай тілімен салыстырғанда әлемнің, өркениеттің, ғылымның тілі екенін айту басы артық шаруа. 

Қазақ елі ағылшын тілін үйренудің маңыздылығын қанша дәріптегенімен, әдіс-шаралар атқарғанымен әлі де ағылшын тілін қажетті деңгейде жалпыластыра алмады. 

Орыс тілінің бүгінгі қазақ қоғамында тілдік ортасы бар. Балаларымыз кішкентай кезден ойнап жүріп орысша үйреніп алады. Орыс тілі - ғылымның тілі. Оны игерген бала ағылшын тілін білмесе де қажетті білімді, информацияны интернет әлемінен таба алады, мәлім деңгейде өз қажетін жақсы қанағаттандырады. Қазақстанның ЖОО-ғы қазақ бөлімсінде оқитын студенттер диплом жұмыстарын жазу барысында мәліметтерді орыс тілді дерек көздерінен көп пайдаланатыны белгілі. Ағылшын тіліндегі ақпараттарды қарамаймыз. Тіпті кейбір докторлық дисертациямыздың орыс тіліндегі мақалалардың көшірмесі болып жататыны күлкілі жағдай. Біздің жоғары оқу орындағы студенттеріміз ағылшын тілін үйреніп бас ауыртпай-ақ, өздерінің қажетін орыс тілімен шешіп тоқмейілсіп жан қинамай тірлік жасайды. Бұл үрдіс қазақ ғылым әлемін, қазақ мәдениетін, әлем өркениетінің алдыңғы легіне шығаруға тосқауыл болады. Қазақтың рухани санасын орыс қорасына қамап қояды. Олжас Сүлейменов Қазақстанға толық қанды тәуелсіздік қауыпты деп қорыққанымен, қазақ халқы қорықпайды. Олжастың бұл сөзі кешегі санасы орыстанған ұрпақтың жан айқайы. 

«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Қазақ тілі  - қазақстандықтарды біріктіруші күш» деп Елбасымыз айтқанымен, айналасында қазақ тілін білмейтін қазақтар аз емес. Олардың ұрпақтары да қазақ тілін білмейді. Орысша сұраққа қазақша жауап берсең жұмыстан қуыласың.

Енді іске асырылатын үш тұғырлы тіл идеясы. Міне бұлар бүгінгі билік іске асырып отырған тірліктер. Үш тұғырлы тіл идеясы орыс тілінің құрметі үшін ойлап табылған идея. Әйтпесе, заңдық негізі, беделі бар орыс тілін бір тұғырға айналдырып, сананы алжастырмай, ағылшын тілін дамытудың жаңа шараларымен айналысса, қазақ тілі мемелекеттік тілдік орнымен дәріптелсе, орыс тілі ақырындап ығысатын еді. Орыс шовинизмі қағынып тұрған бүгінгі таңда, орыс тілін білген жас ұрпағымыз өзін әлемнің қожасындай сезінуде. Егер қазақ елінде орыс тілінің қолданылуы дәл осы деңгейден түспесе, болашақта қазақ тілі мен орыс тілінің кескілескен күресі туылуы мүмкін.

Әлі есімде. 2012 жылы күз айында Астанадан Алматыға қарай поезбен жолға шықтым. Қарсы төсектегі жас шамасы 26-лардағы жас қазақ жігітпен әңгімелестім. Еуразия унверситетінің математика факультетінің магистрі екен. Қосымша сабақ береді. Осы сөздерді қазақша әрең жеткізген ол бірден бұрынғы кеңес кезін, қазіргі Ресейді мақтай жөнелді. Сол кезде Еуразиялық экономикалық одаққа қол қою уақыты таяп қалған, экономикалық одақ туралы алуан түрлі көзқарастар қоғамда талқыланып жатқан. Мен сынап көрейін деп бұл жігітке «Қазақстан Ресейге қайта қосылғаны дұрыс па? Деп сұрақ қойдым. Әлгі жігт: «болады, қосылу керек» деп жауап берді. Осы кезде үстінгі төсекте жатқан 40 жас шамасындағы әйел жігітке дүрсе қоя берді. Бір-біріне тебіскен екеуін жабылып әрең ажыратып, қойдырдық. Міне бұл сақтанбасақ болашақта болатын қақтығыстың шағын көрінісі. Болашақтағы Ермек Тайшыбековтерді жетістіріп жатқандығымыздың белгісі. (Ермек Тайшыбеков Қазақстан Ресейге қосылу керек деп әлеуметтік желіде ашық үндеу тастағаны үшін 4 жыл бас бостандығынан айрылды) Сонымен бірге, қазақ тілінің үстемдігінсіз тәуелсіздікті түсінбейтін, орысқа өшіге бір ұрпақ жетіліп келе жатыр. Сондықтан бүгінгі қазақ жастары орыс тілінен саналы түрде бас тартуы керек. Тек осы кезде  ғана болашақта болуы мүмкін  ұлт аралық қақтығыстан айналып өтуге болады. Орыс тілінен бас тартуда биліктің пәрменін, бастамасын күтудің қажеті жоқ. Билік пен заңның орыс тіліне тың мінез көрсетуі дәл қазір қазақ елін саяси тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Тек жастар, әрбір жеке тұлға идеяны азат етіп, азаматтық жауапкершілікпен, өз еркімен, өзінің жеке ісі тұрғысынан орыс тілінен саналықпен бас тартуы керек. 

Автор: Бектұрған Әубәкірұлы

 

Связанные Статьи