Ақтауда аштық жариялағандар талабын орындату түгілі сотқа тартылды

/uploads/thumbnail/20170709200054091_small.jpg

Ақтауда тәуелсіз кәсіподақ конфедерациясын тіркеуді талап еткен аштық акциясы мәжбүрлі түрде тоқтаған. Әкімшілік сот 15 адамды Қазақстан әкімшілік құқық бұзу кодексінің 488-бабын (заңсыз шеру, митингі, пикет өткізу) бұзғаны үшін айыпты деп танып, азаматтарға 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл салған. Бұл туралы Азаттық жазды.

Жұма күні Ақтауда «Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы таратылмасын» деген талаппен аштық жариялаған мұнайшыларға қатысты сот үкімі шықты. Олардың 2 апта бойы нәр татпай наразылық танытуын №2 Ақтау қалалық соты заңсыз деп таныды.

Сондай-ақ, құжатта: «Oil Construction Company» серіктестігіне қарасты жұмысшылар мен кәсіподақ басшылары кәсіпорынның ғимараты мен аумағын босатуы тиіс», делінген.

Ақтауда Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын тіркеу туралы талаппен Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ кеңсесінде екі аптадан астам уақыт жалғасып жатқан жаппай аштық акциясы сенбі күні түс шамасында полиция талабы бойынша тоқтатылған.

Кеңседен шыққан жұмысшыларды есік алдында тосып тұрған полиция қызметкерлері тізімге алып, қолдарына Ақтау ішкі істер басқармасына шақыртылатыны туралы қағаз тапсырды.

Бірнеше күн бойы тамақ ішуден бас тартып, қалжыраған мұнайшылардың кейбіріне полиция әкімшілік іс қозғап, сенбі күні кешке олардың ісін Маңғыстау облыстық ауданаралық әкімшілік соты қарады. Сотқа журналистер қатыстырылмаған.

Сондай-ақ, Астананың Алматы аудандық соты қаңтардың 21-і күні Маңғыстау облысында екі аптадан астам уақыт аштық жариялап келген жүздеген мұнайшыларға жетекшілік еткен Oil Construction Company компаниясы кәсіподағы лидері Әмин Елеусінов пен кәсіподақ еңбек инспекторы Нұрбек Қошақбаевты екі айға тұтқындауға санкция берді. Ол екеуі соның алдында Астанадан Ақтауға жеткізіліп, қылмыстық айыптар тағылған.

Қаңтардың 4-і күні Оңтүстік Қазақстан облыстық ауданаралық экономикалық соты кеңсесі Шымкент қаласында орналасқан конфедерация "заңмен белгіленген мерзімде жергілікті филиалдарын тіркеуден өткізбегені" үшін жабылатыны туралы шешімін жариялаған болатын.

Айта кетсек, Тәуелсіз кәсіподақтың тіркелмеуі 2014 жылғы кәсіподақтар туралы заңға тікелей байланысты. Қазақстанда бұған дейін екі түрлі кәсіподақ ұйымы (нақтырақ айтқанда конфедерациясы) болған. Олардың бірі "Қазақстан кәсіподақтар конфедерациясы" де екіншісі осы мұнайшылар жақтап отырған "Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясы". Соңғысының республикада 40 шақты бөлімшелері бар еді. Бірақ заң бойынша 6 айдың ішінде тіркелмесе оларды конфедерация құрамына қоспайды. Сондықтан 6 айда тек 20 шақтысы ғана тіркелген. 

Связанные Статьи