Мәдениет және Ақпарат министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желіде Қытай азаматтарымен бас құраған қазақ қыздары мен Қытайдан қыз алған Қазақстандықтар туралы деректі жариялады деп хабарлайды "Қамшы" порталы.
"Жұмыс барысында Статистика комитетінің мынадай бір деректерін кездестірдім. Жалпы, бұл цифрлар осыған дейін Фейсбукте қызу талқыланған мәселеге қатысты болғандықтан, оқырмандарыма маңызды болар деп ойлаймын.
Қарап отырсақ, 2010 жылдан бастап 2016 жылғы сәуір айына дейін ҚХР азаматтарына 253 қазақстандық тұрмысқа шыққан көрінеді. Соның ішінде, 190 қазақ қызын Қытайда тұратын өз қандастарымыз, яғни қазақ жігіттері жар еткен. Осы уақыт ішінде, яғни алты жылда этникалық қытайлармен некеге тұрған қыздар саны – небәрі 34.
Ал, осы кезең ішінде Қазақстанның 277 азаматы ҚХР қыздарына үйленген. Соның ішінде 244-і - Қытайда тұратын қазақ қыздарымен бас құраған қазақ жігіттері.", - деп жазды министр өз парақшасында.
Айта кетер болсақ, жыл басталғалы бері Қазақстанда "қытай күйеулер" тақырыбы қатты талқыланып кеткен еді.