Алматы халықаралық әуежайы мен екі темір жол вокзалындағы қауіпсіздік күшейтілді. Бұл Алматыда Универсиада ойындарының өтуіне байланысты деп хабарлады «Хабар 24» арнасы. Алматыға жаһандық жарысқа қатысушылар қаңтардың 16-нан келе бастады. Қонақтарды қарсы алып, олардың жүктерін бақылаудан өткізгенге дейінгі қауіпсіздікті тәулігіне 800-дей бейнекамера және 200-ден астам тәртіп сақшысы қадағалайды.
Құқық қорғаушылар қажетті техника және көлікпен қамтамасыз етілген. Оған қоса, Австрия мен Алматыда үйретілген 12 иісшіл ит те бар. Кинологтардың айтуынша, үйретілген төбеттер жарылғыш заттың жеті, ал есірткінің бес түрін анықтай алады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Универсиада нысандарының жаһандық жарысқа дайындығын пысықтады. Кешенді аралап, қауіпсіздік жұмысын саралаған Үкімет басшысының бірінші орынбасары Халықаралық жарыста тәртіп сақшылары мен қауіпсіздік қызметінің өзге де өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктелетінін ескертті. Универсиада ойындарында қауіпсіздік мәселесі ерекше назарға алынған. Барлық спорттық нысанда 2 мың бейнебақылау камералары орнатылды. Жалпы жарыс өтетін күндері 7700 тәртіп сақшы ел тыныштығын бақылайды. Сонымен бірге төтенше жағдай қызметінен 660 адам, арнайы техникалар мен тікұшақ жұмылдырылып отыр. Меймандар мен спортшыларға ыңғайлы болу үшін миграциялық рәсімдеу жұмыстары да оңтайландырылған.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғұнбаевтің айтуынша, Қаладағы 400 қонақ үй мен атлеттер ауылында көші-қон полициясының өкілдері жұмыс істейді. Сол арқылы қонақтар мен спортшылар ғаламторды қолдана отырып электронды порталмен виза рәсімдей алады. Жалпы Универсиада нысандары 100 пайыз дайын.