Үстіміздегі жылы Қазақстанда электромобильдер мен олардың инфрақұрылымына арналған стандарттар әзірленеді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-миинстрі Алберьт Рау мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Олар жоспарда бар. 2017 жылдан бастап стандарттар әзірленеді. Ондағы шамамен 13 немесе 17 стандарт қазірдің өзінде қалыптастырылған. Біз бизнеспен келістік. Жетіспейтін стандарттарды бизнестің өзі жасайтын болады. Мен мемлекет есебінен әзірленетін стандарттарды айтып отырмын. Электромобильдер мен өндірушілерге арналған ифрақұрылымдар стандарты жайында сөз болып отыр», - деді ол стандарттау мәселелері жөніндегі заң жобасын таныстырудан кейін ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, электромобиль сатып алу өте тиімді. Сондықтан алдағы уақытта оның Қазақстанда сатылу көрсеткішінің артатындығы болжануда.
«Біз бір шақырымға кететін электр энергиясының бензиннен 4 есеге аз екендігін есептеп шығардық. Қазіргі уақытта электромобильдің бірдей модельдегі жанармаймен жүретін автомобильден құны 30-дан 50 пайызға дейін қымбат болып тұр. Ол 3-4 жылдың ішінде бензин мен электр энергиясы бағасының арасындағы айырмашылықтан өзін-өзі ақтайды. Бірақ, кез келген адам оны сатып ала алмайды. Ең біріншіден біз стандарттарды әзірлейміз. Екіншіден, біртіндеп инфрақұрылымын қалыптастыра бастаймыз. Өйткені, қалай болғанда да қазақстандықтар электромобильдерді сатып алады. Мұны біз көріп отырмыз. Өткен жылы Қазақстан бойынша бірнеше жүзі алынды. Бұл біз ойлағаннан да жылдам дамитын болады», - деді Рау.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Стандарттау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлшем бірлігін қамтамасыз ету және стандарттау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы жобаларының тұсаукесері өтті. Негізгі баяндаманы ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-миинстрі Алберьт Рау жасап, депутаттар тарабынан туындаған сұрақтарға да жауап берді.
Оставить комментарий