«Қамшы» порталы қазақтың өнерлі, іскер азаматтарын үзбей жұртқа таныстырып, дәріптеп келеді. Солардың бірі Қазақ қол өнерін заман талабына сай дамытуға атсалысып жүрген бауырларымыздың бірі – Нұрдын Тұрғын болатын. Ол «Қамшы» оқырмандарына жақсы таныс, жылға жуық уақыт бұрын оның есімі «Қамшы» порталы арқылы Атажұртына танылған болатын.
3 жылдан бері «Мұрағат» атты сауда белгісімен Қытай қазақтары арасында түрлі ұлттық өнімдер өндіріп келеді. Нұрдын Тұрғын «Мұрағат» компаниясының директоры. Мұнда қазақтың ұлттық киімінен бастап, өзге де бұйымдары ұлттық нақышпен көмкеріліп, көпке жол тартады. Серіктестіктің өнімдері де сұранысқа ие. Арғы бетте қазақ қолөнерін насихаттап жүрген сол серіктестіктің бас меңгерушісі Нұрдынның әпкесі Гүлмира Тұрғынқызы. «Мұрағат» компаниясы есімін әпкелі-інілі Тұрғын аналарының құрметіне қойған, «Анамыз кішкене кезінен ұлттық киім-кешек тігетін ісмер кісі еді» дейді олар. Ал, Мұрағат компаниясының Қазақстандағы өкілі Саябек Салияқын.

Құлжа қаласында орналасқан Компания қазір 180 адамға жұмыс беріп отыр. 2015 жылы билік олардың іскерлігін бағалап, кәсіпкерлікті дамытуға қолдау ретінде 2 миллион юанға(шамамен 300 мың АҚШ доллары) жұмыс істейтін үлкен зауыт салып берген. Іскерлік зауыты соңғы үлгідегі технологиялық жабдықтармен қамтылған.
Мұрағат компаниясы жақында жаңа тапқырлықты нарыққа қосты. Кез-келген адамның тұрмыстық қажетіне жарайтын бұйым функциясы бөлек тырнақалғыш.

Қазақстанға өнімін таныстыра келген Нұрдын Тұрғын Алматыға жолы түскен сәтінде, «Қамшы» порталына арнаулы сұхбат беріп, іскерлігінің қыр-сырымен бөлісті.
«Менің интернет арқылы істеген жұмыстарым өте жақсы болды, ісіміздің алға ілгерілеуіне біршама ықпал етті», - деп ғаламтордың артықшылығын пайдалана білу қажеттігімен бастады әңгімесін Нұрдын Тұрғын.
Ол 2015-жылғы Қытайдағы «Интернеттен кәсіптенген жас жұлдыз кәсіпкер байқауында» жүлдегер болған. Содан бастап көптеген бәсекелерге қатысқан қандасымыз аймақтық «жаңалық жарату және кәсіп ашу» бәсекесінде 600 нысанның ішінде 60 мықтының қатарында көрінген. Сондай-ақ, бүкіл Қытайлық «Жас кәсіпкерлердің жаңалық жарату» және кәсіп ашу жарысында 150 мықтының қатарынан бой көрсеткен. Сонымен қатар 2016 жылы Шыңжаң бойынша «Жастар бірлестігінің мүшесі» болып құрылтайға қатысты. Әрі, Шыңжаң дәрежелі жас кәсіпкерлер бірлестігінің мүшесі болып бекітілген.
«Осындай байқауларға қатысып жүріп, көптеген білім ордаларында, ауылдарда талантты жастардың, іске қабілетті қолдауды қажет ететін қандастардың көп екенін байқадым. Содан компания атынан Жоғары оқу орындарында білім алып, әрі кәсіптенуге бет алған, өзінде таланты бар, қолында жаңа бұйымы, идеясы бар жастарға қолдау көрсетуді мақсат тұттым. Жасампаздықтарын, жетістіктерін, өнімдерін нарыққа шығарып беруді ойлап, ары сол жобаны қолға алған едім», - дейді Нұрдын Тұрғынұлы.
«Қамшы» порталы арқылы жұртшылыққа таныстырғалы отырған бұйым оның осылай «Бұлақ көрсек көзін аш» деп бастаған игі ісі аясында тапқырланған.
«Ниетіңе қарай береді демекші. Жоғары мектепте оқып жатқан Ершат есімді жігіт хабарласты. «Осындай менің бір өнімім бар базарға салайын десем маркам жоқ, серіктігім жоқ, соны көмектессеңіз, серіктігіңіздің атында осы жұмысты істесем» деді. Содан қолдау көрсеттім, ол жігіттің шығарғаны еді», - деп өзіндік артықшылығы бар тырнақалғышты таныстырды Нұрдын Тұрғын.
Тазалықты дәріптейтін тырнақалғыштың қалтасы бар. Ортаны қорғайтын тамаша өнім «Мұрағат» маркасын иеленіп нарыққа шыққан. Тырнақты алғанда тырнақ шашырамайды, алынған тырнақ қалдықтары қосымша қалтаға жиналады. Әрине алып болған соң қауіпсіз жерге көміп тастауға болады.

Мұрағат серіктігінің сауда істеу көлемі кең, ең басты өнімдері қазақи ұлттық киім-кешек, қолөнер мен кесте бұйымдары екенін жоғарыда да жаздық. Нұрдын Тұрғын мұсылмандар үшін өзіндік артықшылығы мен пайдасы бар «Мұрағат тырнақ алғышын бүкіл Қазақстанға таныстырсам дейді. Сондай-ақ үш жылдан бері Қытайда жемісті еңбек етіп, өзіндік сауда белгісімен танылған «Мұрағат» компаниясын Қазақстанға да жұмыс істеткісі келеді. Өндірісін Атажұртта да қолға алып, шетелдік тәжірибесін пайдалансам дейді.
Ерлан Төлеубай