Бірден айтайын! Шын таланттың туа біткен дарынына ешкімнің де, ешқандай шек қоюына қақысы жоқ. Иә, иә әңгіме біздің Димаш жайлы болып отыр. Өнерпаз жігіттің өнеріне мен де еш күмән келтірмеймін. Тіпті, әр бір әнін ыждаһаттылықпен тыңдап, ынтызарлықпен тамашалаймын. Сөз жоқ, Қытайда өтіп жатқан «I am singer» сайысында, ханзулар үшін тым таңсық болып келген жоғары дәрежелі өнер көрсетіп, көптің қошеметіне бөленуде. Дауыс диапазонына тамсанып, жігіттері таңдай қақса, қазақ баласының сымбатына қарап қыздарының сілекейі шұбыруда. Алайда, мәселе онда емес. Енді «айдаһар бейнеленген» медальдың арғы жағын қарастырайық.
Қытай медиа нарығы, аудиториясы ең көп әлем деңгейіндегі нарықтардың бірі. Осы күнге дейін 2 миллиард халқын, шетелдің медиа-мәдениетінсіз-ақ ұршықтай иіріп келеді. Өз шоуы, өз жұлдызы, өз киносы, қыл аяғы өзіне тән Google-ымен, Youtube-ы да жоқ емес. Қысқасы, шетелдік медиа-мәдениетке пысқырып та қарамауға да қаухарлы. Ал барынша жабық медиа саясат ұстанған Қытайдың ішкі нарығына енуге тек Holywood-тың аты жер жарған фильмдері мен әлемдік деңгейдегі олимпиада, футбол, оскар, тектес мега жобалардың ғана шамасы жетеді. Оның өзінде елу рет електен, сексен рет сүзгіден өткен материал ғана көгілдір экраннан көрермендеріне жол тартады. ( Кезіндегі сақалды бикеш Кончитаны қытай теледидары мен ғаламторы бетін бұлдырлатып (blur) шығарғанынан хабардар боларсыз). Яғни, Қытайды басқа-басқа, медиа-шабуылмен тіпті Америкаға Еуропа қосылып бағындыра алмайтыны белгілі. Ал Қазақстан секілді 16-ақ миллион халқы бар, жас, дербес медиа-мәдениеттің, державалар үшін «десерт» құрлы да құны жоқ. Онсыз да, өзге мәдениетті сіңіруге бейімі басым қазақтың қазірде Американың фильмінсіз, Еуропаның музыка мәдениетінсіз, Түрік пен Кәрістің сериялынсыз, жарты медиамыз қаңырап қалатыны хақ. Бұлар жетпегендей, енді Қытай да бізге кірісе бастады. Кезінде-ақ кіріскен болатын, алайда бұған дейінгілері сәтсіздікке ұшырады. Айтпаса сөздің атасы өледі, рас! Димаш қатысып жатқан «I am singer» сайысының Қазақстанда үздіксіз көрілім жинауы неге әкеліп соғатынын бірнеше себеппен атап өтейін.
1. Қытай бір өнерпазды сайысқа тарту арқылы, он миллион көрерменді де артынан бірге алып кетті. Ол қалай?! Димаштың өнер көрсеткенін көргісі келген әр қазақ, міндетті түрде Қытай колоритіне толы шоудың үзіндісін көріп шығады. Тіпті бәз біреулер, толық нұсқасын да тамашалайды. Осы күнге дейін қытай мәдениетінен сусындамаған көрермен үшін бір-екі бағдарламадан кейін аталмыш шоу мүлдем таңсық емес болып шыға келеді. Тіпті, бұл маусымдық шоу аяқталып, келесі жылы мүлдем қазақ қатыспаған «I am singer» басталса да, Қазақстандықтардың ішінен, Қытай шоуына көзі үйреніп қалғандықтан, ғаламтордан іздеп тауып та қарайтындар енді міндетті түрде табылады. Тіпті көптеп... Себебі бізде дәл сондай шебер ұйымдастырылып, шебер түсірілген шоу жоқтың қасы. Оны Қытайдың «I am singer» жобасын тамашалаған сәтте-ақ байқауға болады. Шынымен, көріп отырған көзіңіз кәсіби жасалған кадрлар мен монтаждан «медиа-оргазмды» сезінеді. Яғни бұл да аздап есірткіге ұқсап қалатын нәрсе. Алайда, есірткіден де жаман жері шоуды тамашалау сутегін... Қысқасы, Қытай ең алдымен белгілі бір мөлшерде біздің халықтың арасынан-ақ өз аудиториясын лезде қалыптасырып алды.
2. «I am singer»-ді тамашалап отырғандардың ішінде жас та, кәрі де бар. Дәл қазір Қытай ойға алған медиа шабуылға төтеп бере алатын, ақыл тоқтатқан саналы көрерменмен қатар, санасы енді жетіліп келе жатқан жеткіншіктің де бары белгілі. Әлбетте, өзге ұлттың нақышына толы шоу, жас жеткіншек үшін айтарлықтай әсер етеді. Онсыз да, орыс пен американдық колоритке ұлттық иммунитеті төтеп бере алмаған қазақтың бүлдіршіні енді азиаттық келбеті өзіне ұқсап қалатын қытай мәдениетін тез-ақ сіңіріп алады. Тіпті, қызығушылығы оянып кетіп жүрсе, «I am singer»-ды былай қалдырып, басқа да медиа-материалдарын іздеп-тауып, көре бастайды. Еліктейді, ұқсағысы келеді, ұқсап бағады. Ал соңында Қытай медиа-мәдениетінің тап-таза тұтынушы өкілі болып шыға келеді.
3. Қытай ертелі-кеш жолын тауып, бізге шүйлігеді деген үрей бар-ды. Алайда бір елдің 100 пайыздық аудиториясын бір сәтте жинақтап алу, China медиа-мамандары үшін айтулы жеңіс. Десе де, 16-ақ миллион халқы бар Қазақстан көрерменін бері қарату Қытай үшін айтарлықтай жетістік емес деп те ойларсыз. Алайда жалпылама көрсеткішке сай, ағылшын тіліне шорқақ Қытай медиасы әлемдік нарыққа емін-еркін кіре алмайтыны белгілі. Ал өзге әлем державаларының медиа-мәдениетін қанына толықтай сіңіріп үлгермеген қазақты өз баптауларына сай, өзгертуге таптырмас мүмкіндік алу, расымен де, Қытай үшін қуанарлық нәрсе. Қысқасы, өзімізге тән медиа-продакшнды аяққа тұрғыза алмай жатқан сәтте, өзгеге тән мәдениетті ұстанып, кете баруымыз ғажап емес.
4. Қытай Димашты өз сахнасына шығарудан бұрын да өте көп ойланды, әрине. Жеті рет өлшеп, бір рет кесуге дағдыланған «Жуңго» медиасы, бір есептен, осы сәтте асқан тәуекелге барып отыр. Өзге елдің өнерпазын өз сахнасына шығарып, өз шоу-бизнесінде еркін көсілуге мүмкіндік беруінің өзінде де үлкен мән бар. Біріншіден, егер Димаштың орнында еуропоидтық, не болмаса негроидтық нәсілдегі өнерпаз болған жағдайда, Қытай дәл осындай қадамға бармас еді. Себебі, өзге нәсілді дәріптеу, «қысыңқы көз» азиат Қытай үшін нағыз ақымақтыққа тән. Өзінің, «тфай-тфай», туа біткен 2 миллиард көрерменін бір сәтте өзге мәдениеттің көшіне қосып бере салу – басқа-басқа, Қытай істейтін іс емес. Ал Димаш Қытай мәдениетінің барлық талаптарына сайма-сай келді. Сол себепті де ештеңеден сескенбей, емін-еркін әрекет етуінің сыры осында. Кезінде «Орда» тобы Ресей шоу-бизнесіне кіруге ниет білдірген сәтте орыстар топтан азиат нәсілді екі жігітті алып тастап, оның орнына еуропа нәсілді үш орыс жігітті қосып, өз колориттеріне өлшеп барып қана өз сахнасына шығаруға келіскен. Мұның өзі де Ресейдің өз мәдениетінің бұзылмауына алаңдаушылығы болып табылады. Нақтырақ айтсам, Қытайдың біздің өнерпазды ұлықтай қалуының астарында айқын мақсаттың жатқаны бесенеден белгілі.
5. Соңғы тармақта Қазақтың қазіргі ұлттық медиа-нарығына тоқтала кетейік. Посткеңестік елдердің ішінде Ресейден кейінгі жақсы дамыған біздің нарық, осы күнге дейін белгілі бір деңгейге жетіп қалды, рас. Әсілінде, 16 миллион халықты «нарық» деп атау қиын. Десе де, шоу бизнесіміздің өркендеуіне той бизнестің қосқан үлесі орасан. Сол себепті де әншілеріміз шалқып, бишілеріміз балқып өмір кешіп жүр. Әңгіме той бизнес өкілдері жайлы болып жатыр. Дей тұрғанмен тойға «қой» деп айта алмаймыз қазіргі сәтте. Жақсы болса да, жаман болса да, сол той бизнес өкілдері ұлттық калоритке толы музыка мәдениетінің іргесін қалап, іңірін жауып жатыр. Алайда, отандық музыкаға жаңалық әкелдік деп кеуде қаққан «91» секілді жас топтардың да арғы мақсаты айқындалып қалды. Негізгі приоритеті бізді сол «Аспан асты» мен «Күн шығыстың» мәдениетіне сүйреу. Бізбен нәсілдес кәріс, жапон, қытайдың медиа-нарығын дәріптеу. Айналып келгенде, дәріптеліп те бастадық. Енді өзіміздің ұлттық нақыштағы медиамыз аяққа тұрғанға дейін кәріс, жапон, қытай продукциясын экспорттап, колоритін емес, тілін ғана қазақшалап, көрерменге ұсыну трэндке айналады, айтпады демеңіз. Айналып та үлгерді. Қаласақ та, қаламасақ та, ендігі ұрпағымызкәріс-қытай мәдениетінің айқын қолдаушыларының қатарынан табылады. Аспанға бұлт төндіргім жоқ, алайда «Инь-Янь» белгіленген үш басты алып айдаһардың қылғытпай жұтуының дәл алдында тұрғанымызды тілге тиек еткім келді, бар болғаны...
Басында-ақ айтқанымдай шын таланттың туа біткен дарынына ешкімнің де, ешқандай шек келтіруіне қақысы жоқ. Әсте, мен де шек келтірушілердің қатарынан емеспін. Және ешкімді де кінәламаймын. Әсіресе Димашты. Қазағымның атын әлемге әйгілеймін деп, бар ынтасы мен ынтызарлығын салып жүрген Димаштың да ешқандай кінәсі жоқ бұл жерде. Керісінше, Дінмұхамедтей біртуар өнерпаздың басқа емес, қазақта туып, қазаққа тән екендігіне шын мәнінде қуаныштымын. Сәтін салса, әлі де талай өнер додаларында көк байрақты барынша биікке шарықтататынына кәміл сенімдімін. Солай болғай!
Тұрсынбек Ықылас