Ілесбектің соңынан ілескен әні

/uploads/thumbnail/20170709203623215_small.jpg

Қара бауыр қасқалдақ, қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидің еңбегіндей былқылдап.
Қара бауыр қасқалдақ, кері қайт,
Сиреп қалған тоғайға «қамықпа» деп көңіл айт
,- деп шырқалған әннің авторы, сазгер Ілесбек Амановтың келместің кемесіне мініп кеткені жайындағы суыт хабарды, кеше Тобанияз бауырым телефон арқылы жеткізген еді. 
«Желтоқсан86-ға» қатысты шыққан бұл ән талай жандардың көңілінен шықты, әсіресе, түрмелер мен зоналардан қайтып келген біздерге ерекше ыстық еді. Қайырмасындағы «қаңғып келген шүрегейі» мен көлі" тырнағы батқан, қылышынан қан тамған қызыл империя өкілдеріне алмастырып айтқан, басқасы болмаса да, айыздарын бір қандыра, нақышына сала орындауға тырысып баққан талай әншілерге қосыла шырқап қоя беретінбіз. Тойшыл қазақтың үлкенді-кішілі тойлары мен бас қосуларында шырқалып жүрген осы әннің авторы - Ілесбек ағамызбен танысудың жолы былтыр сайлау науқаны кезінде туған еді.

Шымкент қаласының желтоқсандық азаматтары - Сәбит, Батырхан, Тобанияздар күтіп алып, кейіннен, Алматы қаласында Гүлмира Тойболдинаның дастарханына жиналған желтоқсандықтардың бас қосуындағы отырыста өзінің орындауында тыңдау бақытына ие болған едік. Керемет бас қосуда талай әндер айтылып, баян пернетақталарында ойнаған шебердің саусақтары мен құбыла шыққан әсем дауысы баршамызды баурап алып, қайырмасына келгенде 
...Ұя қалса иесіз,
Айдын үшін сол қайғы.
Қаңғып келген шүрегей,
Көлге пана болмайды, - деп қосыла жөнелгенімізді көргенде, автордың жүректен шыққан әні жүректерге жеткенін көріп, өзі де бір ерекше күйге енгенін сырт көзден жасыру мүмкін емес еді. Әттең-ай, сол бас қосу соңғы боларын кім білген?!... 
Дәл осы уақытта Шымкенттен шыққан қаралы көш Сарыағашқа жақындапты. Сазгерді әке-шешесі мәңгі мекен тапқан Мақтааралға қоятын көрінеді.
Ілесбек көзден кетсе де, көңілден кетпейтін әуені ілесіп, Желтоқсанның рухы көтеріп бара жатқан болар?!...
Қош бол, бауырым.
Жатқан жерің жаннаттан, топырағың торқа болсын!

Құрманғазы Рахметов "Нағыз Желтоқсан" ҚҚ президенті, Астана

Связанные Статьи