Қытай БАҚ-тарында жерлесіміз қатысып жатқан Ху Нан телеарнасындағы «Мен әншімін» байқауының үшінші аптасының нәтижесі туралы ақпараттар пайда болды деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Тараған ақпаратқа сай, отандасымыз Димаш Құдайберген «The Show Must Go On» әнді алтыншы болып айтып, байқаудың апталық нәтижесінде үшінші орын алған.
Қытайда «I’m singer» жобасына қатысып жатқан Димаш бұған дейінгі алғашқы екі аптада да бірінші болған болатын. Оның танымалдығы аяқасты артып, әлеуметтік желідегі жазылушылары күрт көбейген. Сондай-ақ, қытайлар Димаш киген киім үлгілерін, Димаш бейнеленген заттарды танымал сауда сайттары арқылы сата бастаған.
Айта кетер болсақ, Димаш екінші аптадағы жеңісінен кейін Алматыға ұшып келіп, Елбасының өзі қатысқан Универсиаданың ашылу салтанатында өнер көрсетті.
Сонымен қатар, оған байқаудың екінші аптасында жеңіс сыйлаған «Опера 2» әнін Витас даулап, Қытайда адвокаттар алқасына шағымданып үлгерді.
Оқырманның есіне сала кетер болсақ, «Мен әншімін» жобасының үшінші аптасының көрсетілімі ертең, сенбі күні Бейжің уақытымен түнгі он бір шамасында байқауды өткізуші телеарнаның эфирінен көрсетіледі.
Таралған ақпарат расқа айналып, Димаш байқаудың үшінші аптасында бірінші орын ала алмаса да, бұл отандасымыз үшін жеңіліс емес. Алда әлі 11 аптаға жалғасқан тайталас байқау тұр. Осыған орай «Қамшы» порталы өз оқырмандарын отандасымыз Димашты қолдауға шақырады.
Оставить комментарий