Әлихан БӨКЕЙХАНОВ
Бутырь.
Мәскеу шаһарының түбі еді.
(Бұл дүниенің зұлымдығы түнегі).
Бөкейханов ең соңғы ерт сөйледі
отыз жеті.
(жылдың соңғы түні еді):
Барша қазақ сыятындай
жүрегім
Сонша үлкен жаралғанын білемін!
Қолдан кеткен азаттығын қазақтың
Қайтаруға келген жанның бірі едім.
Қайран халқым!
Қайратыңда бар ма мін.
Сенің шексіз ғұмырыңа, ардағым,
Мынау шекті ғұмырымды арнадым.
Алаш туын ұстадым мен қолыма –
Ұстадым мен бар қазақтың арманын.
Мемлекеттік!
бар мақсұтым – ой-қайғым
(Туар ма екен?)
Туады ғой ондай күн.
Маған тағы ғұмыр келсе ғайыптан
Мен қазаққа қызмет етпей қоймаймын!!!
Жаны сергек.
Тәні тозған – түрі ескі
Әлиханның демі бітті, үні өшті.
Қандай қатал тағдырменен тіресті
Қандай асыл мақсұт үшін күресті.
Қан сасыған қызылдардың түрмесі –
Бутырь.
(Мәскеу шаһарының іргесі).
Асыл жаны денесінен бөлінді.
Отқа айналды Әлиханның мүрдесі.
Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ:
(Монолог орнына)
Өмірімнің жылуы мен жарығын
Өткен шақтың тартуы деп таныдым.
Менің ұлтым ғұмыр сүрді қашаннан,
Қайдан алды парасатын тамырын?!
Күш-қуат бер тарихымды тануға
Тағы,
бітпес махаббат бер Тәңірім!
Ескі сүрлеу, ескі тілек санадай
Сағым жапқан қасиетті далам-ай!
Аман өткен ғасырлардан, қатерден
Балаларын жетектеген анадай.
Қайратыңды, айбатыңды табам ба,
Батырларым, ақылманым-данам-ай!
Алашым-ай, ардағым-ай, сен десем
Еміренем, тебіренем қарадай.
Асыл халқым бар жылуың, жарығың
Мың жылдардан басталғанын таныдым.
Өткен шаққа сапар шегем жаяулай
Бір басылмай, сағынышым-сарығым.
Сонша сүйдім көсемдерін алаштың,
Бармысыңдар менше сүйген тағы кім?!
Тарих менің бар өмірім-бақытым.
Мүмкін мен де тарихымның бағымын.
30.09.2016 ж.
АЛАШ ӘСКЕРІ
(Отыншы Әлжанға)
Сонша биік қалқан еді қайратым,
Ық жағына барша қазақ сиғандай.
Кең даланың бұлақтары, өзені
бар ағысын тамырыма құйғандай.
Қуат берді ақ бораны Арқаның,
бар екпінін бір бойыма жиғандай
Арпалыстым,
қалың елім қазақтың
«бағы қайтты» деген сөзге иланбай.
Біз болмасақ – Алаш, өзің болмасаң,
Кім бар енді жаудың бетін тиғандай!
Қан төгуге құмар емес едім мен
шын айтамын – шыным осы имандай...
Қазағыма қас ойласаң қайсының,
Қыр желкеден қиып түсем қиналмай.
Қарш еткізіп қыршын талды қиғандай,
қиып түсем ойланбай да қиналмай.
Жел өтінде, жау бетінде қалқанмын
барша қазақ ық жағыма сиғандай.
Барқытбелде
сай-саласы буланған.
Өтті талай асыл арман қуған жан.
Бұл өңірде Қабанбайдан басталар
Қазақ үшін қан төгуге туған жан.
Ал бертінде,
мыңдап кетті-ау боздақтар.
«Алаш!» деген азат ойға уланған.
Осы маңда қызылдармен атысып,
Отыншы Әлжан берілмеуді ұйғарған.
Осында өлген.
Қолдарында ту қалған...
Жайлы көлік, жазық жолда жай сөзбен
зулап өтіп бара жаттық
Үржардан.
ЖАРТЫ ЖАҢҚА
(Міржақыптың соңғы сөзі)
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі мол тамаша ағаш.
Қалғанша жарты жаңқа мен сенікі
Ала бер керегіңе жараса, Алаш!
(Әкем жаттатып еді)
Қайғы жапқан менің байтақ Тұраным!
Қалың қазақ – қайран Алаш ұраным!
Соңғы демім бітерде де
сен үшін
жаратқаннан тәуелсіздік сұрадым.
Бұл соңғы сөз.
(Бұл да менің жеңісім).
Ағашыңмын қайыстырған жемісін.
Топырағыңда мәңгі қалсын тамырым.
Майысайын.
соңғы дәнім сен үшін
Қурап барам – бұл өмірден жас өтіп.
Отыңа жақ мені қиып әкетіп.
Алашым-ау
соңғы жарты жаңқам да
Бір сен үшін сәуле шашсын лап етіп.
Үміт бітпей
бітті менің қуатым.
Елестейсің азаттық күн туатын.
Тамыздық қып менің жарты жаңқамды
Жыр жазады-ау, жүз жылдан соң бір ақын.
Көмейінен әрең өтіп бар үні,
Жанын тербеп соңғы сөздің сарыны.
Жауап беріп отыр соңғы тергеуде
«Халқым» деген заманын нар ұлы
Кісен қысқан қол-аяғы құрысып,
Бітіп бара жатыр еді қарымы.
Алдындағы тастай салған парақтан
Ағайынның қолтаңбасын таныды.
Желтоқсанда.
Арқа.
Аяз үскірген.
Тергеуші тұр сұрақ қойып мысқылмен.
– Бұл қазақты сүйесің бе сен тағы
«Атылсын!» деп арыз берген үстіңнен?!!!
Мынау сөзге бар қайратын ұрлатып,
Алғаш рет жасып тұрды Міржақып.
«Сүйетұғын одан басқа халқым жоқ,
сүйемін ғой, сүйем!» деді, –
тіл қатып.
Жарты жаңқа қараңғыда лап етті
Күлге айналып бара жатты бір бақыт.
Жомарт ақын жанын беріп сұрады,
Кешеуілдеп келді ақыры бұл уақыт.
Еш себепсіз сүйетұғын халқына
Жырға айналып жамырады Міржақып.
Жарты жаңқа жалындатып өзегін
Ақын отыр аруағымен сырласып.
ҚАЖЫҚҰМАРҒА
Қайсарлық жайлы өлеңді
қанжармен тасқа қашадым.
Өлеңнің атын мен енді
«Қажықұмар» деп атадым.
Сағыныш кернеп денемді,
ернімді тосып самалға,
ат қойдым бітпей өлеңді
Қажықұмар деп оған да.
Бетімнен сүйіп замана,
Қасырет жайлы жазбадым.
Оған да сенің, Қажы аға,
атыңды қоя жаздадым.
Қамалап сиқыр сырлы бір
жағаның дәмі бұйырмай,
мұхитта қалдың бір ғұмыр
шөлмекке салған диюдай.
Ұлтыңның рухы атандың.
Ақ тәнің алыс қалды әрі –
Шәуешек дейтін шахардың
Қалқалап жасыл талдары.