Орталық коммуникациялар қызметінде Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аясында Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2017 жылға қойылған міндеттері тақырыбында брифинг өтті деп хабарлайды "Қамшы" ақпараттық агенттігі.
Өңір басшысы өз баяндамасында облыстың бүгінгі хал-ақуалына тоқталып, даму барысынан ақпар берді.
«Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында, Қостанай облысында белсенді жұмыс жүргізіліп, алдымызға қойылған тапсырмаларды іске асыруға бағытталған іс-шаралар кешені орындалуда. 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының үдемелі даму серпіні, бізде Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндеттерді іс жүзінде ойдағыдай орындау үшін жеткілікті негіз қаланды деп айтуға мүмкіндік береді. Мәселен, өнеркәсіпте (нақты көлем индексі -100,3%), ауыл шаруашылығында (нақты көлем индексі – 102,3%), бөлшек саудада (нақты көлем индексі - 101,7%) оң нәтижелер байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 6%-ға ұлғайтылды. 2017 жылдың басынан бері оң серпін сақталуда. Өнеркәсіпте нақты көлем индексі 104,3% құрайды (103,5 млрд. теңге), бөлшек саудада 101,6% (34,2 млрд. теңге). Облыс экономикасына шамамен 15 млрд. теңге инвестиция тартылды (нақты көлем индексі – 93,2%) – деді Облыс басшысы.
Сонымен қатар ол, бүгінгі таңда өзекті болы отырған су басу қаупін алдын алу жұмыстарына қатысты атқарылып жатқан шараларды да тілге тиек етті.
«Біздің облыста өзендер мен су қоймалары көп болғандықтан су басу қаупі бар аймақтардың қатарына кіріп отыр. Біздің өңірде бұндай жағдай 2013 жылы болған. Біздің жұмыла жұмыс жасауымыздың арқасында ол қиындықты да еңсердік. Биыл да сол қарқынымыздан таймай, қауіптің алдын-алу үшін қажетті техникаларды дайындау үстіндеміз» деді ол.
Қостанай облысында биыл тағы 3 зауыт пайдалануға беріледі
Зауыттар толық іске қосылғанда, онда тұрақты 306 жұмыс орны ашылмақ. Кәсіпорындардың жалпы инвестициялық құны 16 млрд. теңгені құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов мәлім етті.
Спикердің айтуынша, соңғы жылдары Қостанай облысында жаңа өнім түрлерін: ауылшаруашылық техникасы мен комбайндарды, жүк және жеңіл автомобильдерін, болат илемін және күнбағыс майын шығару жолға қойылған.
Сондай-ақ, облыста экспортқа бағдарланған бірқатар кәсіпорындарды іске қосу жоспарланған. Олардың қатарында мақсары майын өндіретін зауыт және майэкстракциялық зауыт бар. Зауыт жұмысын толыққанды қамтамасыз ету үшін Қостанай қаласында, Таран және Федоров аудандарында 3 элеватордың құрылысы қолға алынбақ. Мұның сыртында, қостанайлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде кәсіпорын үшін шикізат болып табылатын күнбағыс тұқымын өсіруге мүдделілік пайда болады.
Облыс әкімінің айтуынша, Қостанай облысы өңірге инвестициялар тарту жөнінен жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселең, өткен жылы облыс бойынша сыртқы инвестициялар көлемі 11,1 млрд. теңге құраған болатын, ал бұл көрсеткіш 2015 жылғыдан 11% артық.
Әлеуетті сыртқы инвесторларды тарту мақсатында, бүгінде дипломатиялық корпус үшін Қостанай облысының инвестициялық әлеуетінің таныстырылымы белсенді жүргізілуде.
«Ағымдағы жылы Инвестициялар тарту жөніндегі ұлттық стратегия әзірленетіні белгілі. Осыған орай, Қостанай облысында инвестициялар тартудың нақты тетіктері пысықталып, басым салалары мен нысаналы қаржы көздері айқындалатын болады», - деді облыс әкімі.
Айта кетейік, облыста отандық және шетелдік әлеуетті инвесторларға таныстырылым жасау мақсатында инвестицияны талап ететін бос, тоқтап тұрған объектілердің, жер учаскелері мен жобалардың тізбесі жасалған.
Оставить комментарий