Бүгін Жамбыл облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу» тақырыбында брифинг өтті деп хабарлайды "Қамшы" ақпараттық агенттігі.
Брифингке спикер болып Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов және Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушысы Қарлығаш Құрманәлиева қатысып, өз баяндамаларымен толық таныстырып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына да айтарлықтай жауап қайтарды.
Марат Сейтбекұлының сөзіне сүйенсек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталғалы бері облыс көлемінде біршама жұмыстар атқарылды.
«100 нақты қадам: Баршаға бірдей қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарының 80 қадамын іске асыру мақсатында облыс әкімдігінің қаулысымен «100 нақты қадам «Ұлт жоспарын» денсаулық сақтау саласы және әлеуметтік даму саласында түсіндіру жөніндегі Штаб құрылды.
Штаб мүшелері барлық аудандарда тұрғындармен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізудің 2-ші кезеңі барысында 237 кездесу өткізіліп, 57 мыңдай адам қамтылды. БАҚ-та 26 мақала жарияланып, жергілікті телеарнада тиісті ақпараттар жүргізілуде.
Тараз қаласының орталық көшелерінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басым бағыттары көрсетілген – 6, аудандарда – 6, барлығы – 12 билборд орналастырылды.
Тұрғындарға Call-орталық арқылы сақтандыру жүйесі туралы барлық сұрақтарына жауап алу мүмкіншілігі ұйымдастырылды.
2016 жылы өңірлік Call-орталығына 3409 өтініш түскен, оның ішінде 21 өтініш міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты сұрақтар болды.
2016 жылы жергілікті бюджет есебінен 5,5 млн. теңге бөлініп, 292 денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, орынбасарлары мен бас есепшілері міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы оқытылды, - деп мәлімдеді басқарма орынбасары Марат Жұманқұлов.
Оставить комментарий