А.Мұхамедиұлының интернационал терминдерді қазақшалауға қарсы шығуы қаншалықты қисынды?

/uploads/thumbnail/20170710005211282_small.JPG

2016 жылы Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесі 82 пайызды құрады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндағаны жайлы ақпарат "Қамшы" ақпараттық агенттігінде жарық көрген болатын.

«Мемлекеттік бағдарлама аясында 2014-2016 жылдар аралығында оқу-әдістемелік құралдар, әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары, танымдық, ғылыми-публицистикалық, балаларға арналған кітаптар және т.б. қоса алғанда, барлығы шамамен 88 баспа жобасы жарық көрді. Оның ішінде өзге тілдерде шығарылған жобалар саны – 24. Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретудің жаңа әдістемелері «Қазақ сөзі» оқу құралдары әзірленді», - деді А. Мұхамедиұлы

Соңғы қабылданған заң бойынша, қазақша баламасы бар интернационалдық терминдер қайта енгізілді. Мысалы, пайыз-процент, мұражай-музей, мұрағат-архив, қисын-логика, мәселе-проблема, ғаламтор-интернет, сазгер-композитор. Бірақ бұл сөздер біршама уақыт бұрын жарыспалы түрде қолданылып келгенімен, бүгінгі күнде халықтың басым көпшілігі «пайыз» сөзін қолданады және қазақша ресми іс-қағаздарда «процент» сөзі қолданыстан шығып отыр. 

Отандық киноматографтардың соңғы жылдардағы еңбегінің нәтижесінде Отандық фильмдерде «операция-ота», «хирург-оташы» болып қолданылып, халықтың үйренуіне көп септігін тигізді.

Филология ғылымдарның кандидаты, доцент, терминология саласында ғылыми еңбектер жазып жүрген ұстаз-ғалым А.Қ.Шыныбекова: «Аэропорт» , «паспорт» сөздері түрік тілінде, қытай тілінде басқаша айтылады, біз де «әуежай», «төлқұжат»  күйінде қалдыруымыз керек, сөздік қорымызға еніп, халықтық қолданысқа еніп кеткен сөздерді қайтадан халықаралық терминге аудару  дұрыс емес. Бастапқыда тек ұсыныс ретінде ғана айтылған «пайыз-процент», «класс-сынып» сөздері 2014 жылы  нақты бекітіліп кеткен  болатын. Тілімізге ыңғайланып аударылған терминдерді қайта-қайта ауыстырудың  еш қажеті жоқ. Билік басындағылар ауысқан сайын терминдердің де өзгеруі дұрыс емес»,-деп өз пікірін білдірді.

Осы тұста А.Байтұрсынұлының : «Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт, өз тілінде жоқ деп, мәдени жұрттардың тіліндегі сөздерді алғыштап, ана тілімен жат тілдің сөздерін алмастыра, ақырында ана тілінің қайда кеткенін білмей айырылып қалуы ықтимал. Сондықтан, мәдени жұрттардың тіліндегі әдебиеттерінің, ғылым кітаптарын қазақ тіліне аударғанда пән сөздерінің даярлығына қызықпай, ана тілімізден қарастырып сөз табуымыз керек. Сонда біздің тіліміз таза болады» ,-деп ХХ ғасырдың бас кезінде жазған пікірі бүгінгі күнге арналғандай...

Бүгінде шарықтап тұрған әлеуметтік желілер тұсында «ғаламтор» сөзі кең қолданысқа ие. Бұл сөзді қайтадан «интернет» деп ауыстырудың еш қажеті жоқ, себебі «Ғаламтор» сөзінің этимологиясына келер болсақ, «ғаламды шарлаған тор» деген мағынаны береді.

Жалпы, бізде қазақ тіліне байланысты мәселе жетіп артылады. Әсіресе, аударма мәселесі бүгінгі таңда өзекті. Бір қазақ екінші қазақты түсінбейтін халге жетті.

Тілдік жүйемізде қисынсыз аударылған сөздер де жеткілікті : «балкон-қылтима», «фонтан-шаптырма» сынды құлаққа түрпідей тиетін сөздер бастапқыда жай ғана полемикалық ұсыныс болатын. Ерсі сөздердің елең еткізіп,елітіп әкететінін есерсек әрбір халықаралық терминге қазақша балама жасай отырып, барлығына түсінікті етіп тілдік қорымызды байытуымыз қажет.  

Тілдің жанашыры Арыстанбек Мұхамедиұлы жақсы аударылған, халықтың құлағы үйреніп қалған терминдерге емес жоғарыда біз атап өткен аудармасымақтарға сын айтып, солар бойынша ұсыныс айтса құба – құп болар еді.

Аударма, термин мәселесін қозғай отырып, халыққа әбден сіңісіп кеткен  терминдерді қайта интернационал атауына қайтару кімге қажет деген сұрақ туындайды...

Қамшыгер: Айгерім ТАУБАЙ

Оставить комментарий

Связанные Статьи