Сәуірдің 10-ы күні Алматыдағы Студенттер сарайында Қажымұрат Шешенқұлұлының «Туған ел» атты шығармашылық кеш өтті деп хабарлайды Qamshy.kz.
Кешті Қажымұрат Шешенқұлұлы ансамблдің сүйемелдеуінде әндерімен бастады. Кештің өзгешелігі сол әр нөмір бір-бірімен байланысып, сахналық қойылымдармен әрленді. Алтайдың, Тарбағатайдың, Іленің әуендері Алматы аспанында шырқап, өнерге шөліркеп қалған тыңдарман қауымның сағынышын басты.
Қажымұрат кешіне Қазақстанның көптеген өнер жұлдыздары арнайы қонақ болып, әншіні өнер кешімен құттықтады. Атап айтқанда Роза Әлқожа, Мақсат Базарбай, Айқын Төлепберген сияқты әншілер Шешенқұлұлымен дуэт құрып ән шырқаса, Ақжол Мейірбеков, Ұшқын Жамалбек сияқты өнер жұлдыздары әннен шашу шашты.
Кешті белгілі тележурналистер Аман Тасыған мен Ерқанат Көпжасар жүргізді. Кештің сценарийын Қайрат Құлмұхамед жазған. Батыс пен Шығыспен есеңгіреп кеткендей болған эстрадаға жаңа леп әкелген Қажымұрат Шешенқұлұлы Қытай қазақтары арасында халыққа танылған. Ол 7 жыл бұрын Атажұртқа қоныс аударған. Сондай-ақ жұрт Қажымұратты «Қара жорғаны» тірілтіп, қазақ сахнасына әкелген азамат ретінде де таниды. «Туған ел» концертінде де «Қара жорға» биінің тарихы айтылып, өзгеше сахналық қойылыммен жұрт назарына ұсынылды.
Кеште жұртқа кеңінен танылған «Қара жорға» ғана емес, Қажымұраттың «Мақпалжан», «Бүлдірген қыз», «Сені ғана» сияқты жастар жатқа айтып әндері де орындалды. Қажымұрат Шешенқұлұлы әнші ғана емес жүзден астам әннің музыкасын жазған. Кеш барысында өзі жазған бірнеше ән де орындалды. Қажымқұраттың Роза Әлқожамен дуэтінде Ержанат Байқабайдың сөзіне жазылған «Мәңгілік сағыныш» атты әні, Мақсат Базарбаевпен орындаған айтыскер ақын, тележүргізуші Қалихан Қабдырасолұлының әні "Әппағым" көрерменнің айрықша алқауына бөленді.
Кеш соңында арнайы жайылған дастарханда Талғар ауданының депутаты Әбдіғани Бәзілхан кеш иесіне Алматы облысы Кәсіподақтарының арнайы алғыс хатын тапсырды. Сондай-ақ, «Елбасы курстастары» қорының кеңесшісі, өнер жанашыры Мұхамбеткәрім(Торғай) Елеубай әншіге мінгізген атын Ерлан Төлеубай табыс етті.
Айта кетсек, бұл кеш Әнші өзінің сахнада жүрген 15 жылында алғаш рет көлемді концерті. Атажұртқа оралғаннан кейін ол еркін шығармашылық жұмыспен айналысып келеді. Былтыр Монғолияда Баян-Өлгейде 1500 адамдық залда екі рет концерт қойған. Қобда аймағында, Бұлғында, ең соңында Ұланбатырда 2500 адамдық залда концерт берді. Сондай-ақ өткен жылы Еуропада гастролдік сапарда, Германияда, Кельн қаласында болып, «Қара жорға» әнін шырқап келді. Оған қоса бірнеше фильмде ішінара рөлдер алып, актерлік жағынан да өз қырын көрсетті. Атап айтқанда "Хабар" арнасындағы "Тағдыр тартысы" телехикаясына түсті.
Ерлан ТӨЛЕУБАЙ
Оставить комментарий