Елімізді әлемге танытып жүрген әншілеріміздің бірі – Қытайда бағын сынап жүрген Димаш Құдайберген. Әлемнің танымал тұлғалары Димаш арқылы қазақтың мәдениетімен, тілімен танысты. Қазақтың ғана емес, әлемнің әншісіне айналды.
Осыған байланысты еліміздің әншілері Димаш Құдайберген жайында пікірлерін білдірді. Бұдан бұрын Қайрат Нұртас Димашты өз әнін таппағандықтан елде бағаланбағанын айтқан. Бұл жолы Роза Рымбаева да сөз қозғапты. Оның айтуынша, Димаш әлемге танылса да, қазақтың сүйікті әншісіне айналу мүмкіндігі аз, деп хабарлайды "Қамшы" ақпараттық агенттігі.
Қазақстанның халық әртісі «Жұлдыздар отбасы» жұрналына берген басылымның «Димаш қазақ өнерін әлемге таныта ала ма» деген сауалына былай деп жауап берді.
«Бұл туралы кесіп-пішіп болжам айту қиын. Өйткені, болашақта не боларын білмейміз. Бір анығы, Димаштың елімізде халықтың сүйікті әншісі атануына мүмкіндік аз. Себебі, біздің телевизиялық жобалардың барлығы тойдың әншілерін ғана насихаттайды. Соларды мақтап, соларды көкке көтереді. Жоғары деңгейдегі шын таланттарды көрсететін телевизиялық жобалар жоқтың қасы. Отандық телеарналар «Тойдуман», «Тойбазар», «Тойбастар» секілді тойдың бағдарламаларынан ары аса алмайды. Алдымен экранымызды осындай мағынасыз шоулардан тазалап, Димаш секілді таланттылардың өнерін дәріптеп, жастарға үлгі етуіміз керек».
Оставить комментарий