Мәскеуде Махмуд Велитов есімді молданы адам жерлеу рәсімінде айтқан сөзі үшін соттап жатыр, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Lenta.ru басылымына сілтеме жасай отырып.
Мәскеу қаласының аймақтық әскери сотында Ядрям мешітінің имамы Махмуд Велитовқа қатысты сот ісі басталды. 2013 жылы оның Ресейде тыйым салынған «Хизб ут-Тахрир аль-Ислами» ұйымы мүшесінің жерлеу рәсімінде оқыған сөзі терроризмді ақтау есебінде қаралып отыр. Имам болса, қайтыс болған адамның бұл ұйымға қатысы бар екендігін білмегенін айтып, өзінің кінәсіздігін дәлелдемекші.
Тергеу ісіне сәйкес, имам 2013 жылы мешітте оқылған жаназа намазы алдында сөйлеген сөзінде «Дағыстан азаматы Абдулла Гаппаевтың діни көзқарасын оң бағалағандығы» үшін айыпталады. Гаппаев тыйым салынған ұйымның мүшесі болған. Оны 2013 жылдың қыркүйек айында Махачкалада белгісіз жағдайда өлтіріп кеткен.
Велитовтың қорғаушысының айтуынша, оны қайтыс болған адамға құран бағыштағаны үшін айыптауда. Қорғаушының пікірінше, имам қайтыс болған адам туралы тек жақсы сөз айтуы керек. Және оның ағымына қарамастан басына құран бағыштау имамның міндеті. «Имамға мұсылман адам келіп, «бауырымыз қайтыс болды» деп хабар береді. Ол «Пайғамбар үмбетінің жақсы бір перзенті қайтыс болды» деп, оған құран бағыштайды. Ал тергеу сол сөзі үшін оны «Хизб ут-Тахрир аль-Ислами» ұйымын жақтап сөз сөйледі» деп айыптайды. Оның сөздерінің ішінде бұл ұйым туралы мүлдем айтылған емес», - дейді Велитовтың қорғаушысы Дагир Хасатов.
Оның пікірінше, имамдардың осылай айыпталуы «мемлекеттің діни ұстанымдар еркіндігіне жасап отырған қысымы».
Айта кетерлік жақдай Ресейде имамдарды сотқа тарту жиілеп барады. Осыған дейін Қорған қаласында жергілікті мешіттің бұрынғы имамы Али Якубовты «Вконтакте» желісіндегі парақшасында Қытайдағы хиджаб киюге тыйым салынған заң туралы жазған пікірі үшін айыпталған болатын.
Дағыстандық мешіт имамы Магомеднаби Магомедовты жергілікті салафиттердің бастаушысы деп айыптап, бес жылға бас бостағандығынан айырған.
Екатеринбургтегі «Рахмет» мұсылман қауымдастығының имамы Амир Музафаровты мешітте экстремистік әдебиет сақтады деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырған. Оның көмекшісі Альберт Баязитовты 360 сағаттық қоғамдық жұмыс жасауға бекіткен.
Белгородтағы мешіттің имамы Файзулла Исмаиловты суық қару мен жарылғыш заттарды сақтады деген айыппен үш жыл бас бостандығынан айырған. Сотта имам өзіне бұл заттарды құқық қорғау органының қызметкерлері тастап кетті деп ақталған. Және оның қорғаушысы бұл заттардан Исмаиловтың саусақ іздерінің табылмағандығын айтып шағымданған.
Оставить комментарий