Пхеньянның баллистикалық зымыран сынау әрекеті сәтсіздікке ұшырады деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
АҚШ қорғаныс министрлігі ақпаратына сүйеніп Азаттықтың жазуынша, зымыран әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай Солтүстік Корея аспанында жарылып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, Пхеньян бұл жолы орта қашықтықтағы баллистикалық зымыран сынағын өткізбек болған.
Солтүстік Корея билігі зымыранды сенбі күні, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысы аяқталғаннан кейін бірнеше сағаттан соң ұшырған. Әскерилердің мәліметіне сүйенсек, Солтүстік Корея ракетасы жергілікті уақытпен таңғы 05:30-да ұшырылған, бірақ сарапшылар рекатаның бірнеше секундтан кейін-ақ жарылып кеткенін болжайды.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде сөйлеген АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон ұйымға мүше елдерді Пхеньянға қарсы санкция режимін күшейтіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің осыған дейін қабылданған қарарларын бұлжытпай орындауға шақырған.
Пхеньянның тағы да баллистикалық зымыран сынағын өткізу әрекеті туралы Twitter әлеуметтік желісі арқылы білдірген пікірінде АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея бұл қылығымен Қытай мен оның «аса құрметті президентіне» «дөрекілік танытып отыр» деп айыптаған.
Ал, бүгін Қытай Сыртқы істер министрлігінің басшысы Ван И АҚШ-та мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсонмен кездескен. Олар Корей жарым аралы мәселесін бейбіт жолмен шешуге тоқайласқан. Екі ел өкілдері диалог орнату арқылы шиеленісті тоқтатудың бейбіт жолдарын қарастырып, БҰҰ резолюциясын жүзеге асыру жағын сөйлескен.