Тоқтар Жақаш мырза өзінің фейсбуктегі парақшасында Қазақстанның бүгінгі саяси жағдайы турасында кейбір шетін мәселелерге тоқталыпты. Оқырманға ой салар деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Алматыдағы футбол фанаттарының ісі біраз ойға жетелейді. Анығында - бұдан бірнеше жыл бұрын Алматыда өткен екі оқиғаны еске салып отыр. Ол жайлы сәл кейінірек. Ал қазіргі "Кіші Жүз!" деп ұран көтерушілердің артында кім тұр? Әр бөлме ішіне кірген шыбынның қайдан келгенін мұқият тіркеп отырған ҰҚК мұны қалай "байқамай" қалған? Жауабы жоқ сұрақтар өте көп. Ал меніңше, билікке мұрагер таңдау кезінде мұндай арандатулар әдейі жасалады. Әлдекімнің сасық саяси технологиясы. Мұны ұйымдастырушылар шын мәнінде Кіші жүз өкілінің бірін билікке жібермеуді көздеген. Президенттің мұрагеріне бірнеше адамның кандидат екені белгілі. Бірақ биліктің нақты кімге бұйыратыны туралы дуалы ауыздар да дөп басып айта алмайды. Әзірге "ұзынқұлақтан" естуімізше дәмелілердің қатарында қазақ болып жазылған ұйғыр, руы қожа және президенттің өз туыстары ғана бар. Олар "х" сағаты туғанша алдына кесе-көлденең тұруы мүмкін тұлғаларды "тазалап" өтуі тиіс. Джунгли заңы сондай. Яғни, бұл тайталаста жоғары ұпай жинауы мүмкін Кіші Жүздің саясаткерін "сұлатуға" бағытталған. Ал шын мәнінде сол Кіші жүздің өкіліне мұндай трайбалистік дүмпу не береді? Түк те бермейді. Ол сол сәтте-ақ "саяси өлікке" айналады. Мұны жоғары деңгейдегі саясаткер тұрмақ, орта деңгейдегі әрбір адам жақсы түсінеді. Дәл осындай арандату 2006 жылдың көктемінде, "Шаңырақ" оқиғасында көрініс тапты. Бұл оқиғаны ұйымдастырған Рахат Әлиев болатын. Рейтингтік және саяси зерттеумен айналысатын орталықтары көп "күйеу бала" сол кездегі қала әкімі И.Тасмағамбетовтың халық арасындағы рейтингіне қатты "мазасызданды". Қайткен күнде қала әкімінің беделін бес тиын етуге барын салды. Арам пиғылды іске асыру ол үшін түк те емес еді. Оның үстіне, ол "ойынға" сол кездегі президенттің сенімді адамдарының бірі Аслан Мусин де кіріскен. Елдегі ең беделді оппозициялық басылым "Свобода слова" арқылы әлдебір бейнетаспа жайлы мақала басты. Ол мақалаға сенер болсақ - И.Тасмағамбетов Атырау облысына ұшақпен ұшып келіп, ақсақалдарды жинап, келесі президент өзі болатыны жайлы айтыпты-мыс. Ешқандай логикаға сыймайтын әңгіме. Бірақ кейіннен, "Республика" газеті тапсырыспен жазылған әлгі мақала үшін Гүлжан Ерғалиеваның Аслан Мусиннен жүздеген мың доллар "қаламақы" алғаны жайлы мақала басты. Ақ-қарасын бір Құдай біледі. Бірақ Мусиннің баспасөз бетіне тапсырыспен материалдар беретінін және ол үшін аямай ақша төлейтінін және ол ақшаның қандай көздерден қалай бөлінетінін тілші қауымы біршама біледі. "Құланның қасуына мылтықтың басуы" дөп келіп, Рахат Әлиев сол кездегі ІІМ министрі, өзінің жақын досы, кейбір басылымдар "сыбайласы" деп атайтын Бауыржан Мұхамеджановты "іске қосты". Сөйтіп, аяқ астынан "Шаңыраққа" полиция кіріп, үйлерді сүре бастады. Сенімді көздердің айтуынша, қала әкімі И.Тасмағамбетов - Б.Мұхамеджанов пен Р.Әлиевтің аярлықпен ұйымдастырған лас ісіне барынша қарсы тұрған. Қатты боқтап, жаға ұстасқан деседі. Аналар қояр болмағасын, Президентке тікелей хабарлаған. Бірақ ол кезде оқиға шиеленісіп кетіпті. Оның соңы қан төгіске ұласты. Рахат Әлиевке де керегі осы еді. Орыстілді оппозициялық және оппозициялық емес басылымдар (Рахат Әлиевтің оларға да тапсырыс бергенін жоққа шығаруға болмас) дереу қала әкімін "бәріне кінәлі" етіп, балағаттаған, былапыттаған кампанияны бастап кетті. Соның салдарынан И.Тасмағамбетовты "Шаңырақ" оқиғасына кінәлі деуші қазақтар да көбейген. Алматыдағы мына оқиға тағы да сол кездерді еске түсіріп отыр. Шындығына келгенде біз трайбалист емеспіз. Жастарымыз да рушыл емес. Миыңызды аздап қосып көріңізші: Қазақтың жүз-жүзге, ру-руға бөлініп, әлсірегені кім үшін пайдалы? Бұл тек - қазақты жүз-жүзімен, ру-руымен қосақтап, билік үшін құрбандыққа шалмақ болған үлкен кабинеттердегі дәл осы Кіші жүзге қатысы жоқ Нұрбану сияқтылардың әрекеті ғана! Мен осылай ойлаймын.
Тоқтар Жақаш
Оставить комментарий