Өзіндік бітім-болмысымен тыңдармен жүрегіне жол тартып, ән сүйер жұрттың жадында жатталып қалатын әуендер көп емес. Осындай әндердің бірі Қытайдағы қандастарымыздың қыз-бозбаласы түгел жатқа білетін «Қайран қара бұрымдым» әні.
«Қайран қара бұрымдым» - консерваторияның есігін ашпаған, тіпті нота танымайтын, Үрімжі оңтүстігіндегі тау баурайында қой бағып жүріп-ақ шығара салған қазақ баласының әні.
Ән авторы - өз ортасында танымал ақын Ардақ Ошанұлы. Аталмыш әнді жүрегі сүйген аруға арнап шығарған. Автор бұл әнді бала махаббаттың, сүйген, сүйдірген қыздардың маған және халыққа сыйлаған сауғасы деп есептейді. Ән - лап етіп жанып, жыраққа алыстай берген махаббат кейіпкеріне деген жүректің кіршіксіз сыры.
Аталмыш әнге байланысты Ардақ Ошанұлы: ««Махаббат қызық мол жылдарымның» қайғы мен қуанышы, күлкісі мен күрсінісі, сағынышы мен арманы сынды ән - жүрегімді тынымсыз тулатып, сана сезімімді сан тербеліске салып, жастығымның жығылмас жалауындай болды», - дейді. – «Ән жазылды, айтылды, еш жарнамасыз таралып кетті. Көз таныс қыздар: «ән маған арналған» деп өзара «таласып» жүргенін де естідім. Өнерді сүйген халыққа, сол қыздарға үлкен алғыс білдіремін, махаббатым да баяғыдай», - дейді ән авторы. Өнерсүйер қауымның назарына «Қайран қара бұрымдым» әнін ұсынамыз.
[embed]http://v.xalhar.net/mp3/XJGE/85janat-nursoltan/buremdem.mp3[/embed]Аңсап алыстан,
алғаш танысқан,
қос қайыңның түбінде.
Жаным елжіреп,
жасым мөлдіреп
тұрмын күтіп бұл күнде.
Жырақтадың сен,
жылап қалдым мен,
мөлдір жаспен жуындым.
Мені алғаш сүйген,
отыма күйген,
Қайран қара бұрымдым.
Есімде сөзің,
жалынды жүзің,
өтсе дағы жыл аунап.
Кетіп ең сонда,
жаулығың қолда,
бұрымдарың бұлаңдап.
Естілсе әнім,
есіңе ал жаным,
сырын ұқшы мұңымның.
Ұмытпа мені,
жүректің емі,
Қайран қара бұрымдым.
Айырылып кеттім деп,
тағдырға өкпелеп,
мені ойлаумен жүрсің бе.
Бірге өтем деп,
сені жетелеп,
жүруші едім түсімде.
Қосылмай кеткен,
жылаумен өткен,
армандының бірімін.
Қонбаған бағым,
атпаған таңым,
Қайран қара бұрымдым.
[embed]https://www.youtube.com/watch?v=cgAV1Uzg7IM[/embed]Дайындаған: Ерлан Төлеубай.
Оставить комментарий