Жуырда «Қамшы» агенттігі сайтынан АҚШ та тұратын 101 жастағы Әсия Сардарбекқызының өмірімен таныстым. Менің кейіпкерім Данабек қартпен тағдырлас жан екен. Бұл өлеңімді жазғанда, ата жұртымыз Қазақстанға жете алмай шерменде болып шетте жүрген кезіміз еді. Өзімді айта алмай, Нью-Йорктегі кейіпкерім арқылы сағынышымды жеткізгемін. Міне сондай бір апа алдымнан шығып тұр.
Осы жылы Дүниежүзі қазақтарының 5-құрылтайы Астанада өтеді. Әлемдегі барша қазақтың бір ғана отаны бар. Ол-Қазақстан!
«Өсиет» атты бұл баллада 1992 жылы жазылып, 1993 жылғы «Алтай аясы» журналының 1-санында жарық көріп еді. 2006 жылы Алматыда басылып шыққан «Күнәсіз мекен» жинағымның 122 бетінде тұр(kitap.kz порталынан оқи аласыздар). Өткен күнде белгі бар деп, жариялап отырмын.
ӨСИЕТ
Америка қаласында Нью-Йорк,
Күнін сәнді өткізетін күнделік.
Милиярдер Данабек қарт ең соңғы,
Өсиетін былай депті күрмеліп...
-Жасау бар да, өлу деген түбі шын,
Өлі кетер, жалғастырар тірі ісін.
Өсиетімді айтайыншы, ақырғы,
Көп кешікпей тиылады тынысым.
Жарда сүйдім, өстім, өндім бала көп,
Қаланы да қызықтадым қала деп.
Жердің мынау, арғы-бергі беттерін,
Аралаған мен едімғой Данабек!..
Сол Данабек, сор мен бақты тең кешкен,
Шамшырағым қайта жанбас енді өшкен.
Кетірмеуге ерлік еткем есемді,
Күштімен де күнім үшін белдескем.
Жаналқымда жалғыз ғана жан қайғы,
Жағаласпай бақытыңда жанбайды.
Өлім күтсең, өрге ұмтылмай өлез боп,
Ұрпағыңды тірлікте кім жалғайды!..
Жетегімен осынау бір қиялдың,
Бұл өмірді бір кісідей сүйе алдым.
Туған жерді тұнжыратып еріксіз,
Ертең үшін, сендер үшін қия алдым.
Жұмысымда адамдар бар неше мың,
Байлық мынау, білгім де жоқ, есебін.
О, ғаламат бүгін жаным қысылды,
Тарлық етті өзіме өз төсегім...
Тарлық етті мынау сарай, мынау бақ,
Көңіл бүгін осылардан тым аулақ.
Тірлігімнің күзі бітіп осы сәт,
Қысы түсті түнгі аспан қылаулап.
Қайран менің, туған жерім, байырғы,
Жауыздар-ай, еңіретіп айырды.
Аспанымды от қамшылар тілгілеп,
Шаңырақты шарт еткізіп Жай ұрды.
Жалпақ дала қоңырсыды Жай түскен,
Алыстық-ау, атқыластық, айтыспен.
Қоршауында анталаған ажалдың,
Құтылуды білмей жүрдік қай тұспен...
Туған жерге симай қашқан пендеміз,
Ондай күнді көрме ұлым, көрме қыз.
Тағдыр бүгін силағанмен ырғындық,
Туған жердің Құзырынан кендеміз.
Туған жер-ай, сағындырды тұнығым,
Аңсауменен кетті менің тынымым.
Көз алдымда құмға сіңді сол тамшы,
Атқан оқтан тесілгенде тұлыбым.
Көз алдымда жасыл орман, өзенім,
Өзің десем, өртенеді өзегім.
Армысыңдар, аңсадым-ау, аңсадым,
Көре алмайтын болдым сені, өз елім!..
Балаларым, келіндерім, немерем,
Ыразымын бұның қалай демеген.
Түсініңдер, біліңдерші жанымды,
Еңіреймін «Туған жер!» деп, неге мен?
Үркітпесе, болар едік, боспаған,
Демес едік жылап тұрып «Қош далам!».
Бір көзден жас, бір көзден қан сорғалап,
Өзен болып сорғалады қос тарам...
Жіпке тізіп не қылайын өткенді,
Көп кешікпей көріпті елім көктемді.
Шындық қайта шығандапты шыр алып,
Сұр жыланның сұрқиясы шектелді.
Бақұлдасып мен кетемін арадан,
Алыстаймын арман болған бар адам...
Ұмытпаңдар, ұлы мекен шалғайда,
Бабаң туып, байтақ жерге тараған!
Мен өлген де сұраныңдар екі Елден,
Сүйегімді көшіріңдер, шетелден!
Туған жердің топырағына қойыңдар,
Борыштарың болар сонда өтелген.
Менің елім жер шарының аржағы,
Көз алдымда сондай анық бәр-бәрі.
Туған жердің топырағына бөлену,-
Қарттарыңның, жүректегі арманы.
Ете алмадым туған жерге мол еңбек,
Кім ойлаған, Нью-Йоркте өлем деп...
Ақ сүт берген туған жер-ай, қарызың,
Қайтіп қана, қайтіп қана төленбек!
Ұлың сенің жат енеге телінді,
Тек өзіңе төге алмадым терімді.
Өзің үшін тұлпар мініп, ту ұстап,
Ақ көбікке шыланбады тебінгі.
Өмір, неткен қас-қағымдай келтесің,
Көрсін Рухым туған жердің өр төсін.
Көктемін де гүлге оранып қабірім,
Ал, жамылсын, қыста әппақ көрпесін.
Бұл араның құшағына бермеңдер,
Ұқсай бермес, ұқсай бермес жер мен жер.
Менің мынау, бір уыстай денемді,
Жер ұйығым, ЖЕМЕНЕЙ-ге жерлеңдер!..
Ат суғарғам қолыма ұстап шылбырын,
Дәл осыдан нақ қырық бес жыл бұрын.
Жеменейдің жағасына көміңдер,
Мәңгі естіп жатайыншы, сыңғырын!..
-деп, Данабек көзін жұмды соңғы рет,
Басын иіп, жылады жұрт «сөнді» деп.
Туған жер деп, туған Ел деп көз жұмған,
Неткен ыстық, неткен адал сол жүрек!!!
(ДБ, Құлжа)
Оставить комментарий