ЖАЗУШЫЛЫҚ ТҮЙСІК ҺӘМ КӨРІПКЕЛДІК

/uploads/thumbnail/20170710161304252_small.jpg

Ақерке Маратқызы: 

           Жазушы – зымиян да зиялы, асқақ та тәкаппар, күмәншіл һәм кінәмшіл. Олар бар болғаны көкейдегі көбік ойларға жауап іздейді. Сүр сауалдардың әдібін ашып жеткізеді. Ағылшын жазушысы Э.Колдуэл бір естелігінде: «Я пишу потому, что видел людей и вещи, о которых мне  хочется рассказать. Я даже думаю, что объязен об этом рассказать»,- дейді. Сайып келгенде шығармагердің  мақсаты  бұлыңғыр әлемнің бүкпесіз шындығын бұрмаламай, қисынын тауып қиыстырып жеткізу емес пе? Демек, әдебиеттегі фигураға айналамын деп езбе ойларды елбелектетудің қисыны жоқ. Ойға еркіндік, сөзге бостандық берсең болғаны,  қалам сені өзі-ақ іздеп табады.


        Задында, жазушы өзі ғана сыятын «шексіздік»  атты  кеңістікте өмір сүреді. Онда қатып қалған қағида жоқ. Ол жерде мүмкін емес нәрсенің өзі мүмкін. Тек... Тек ішкі даусыңа құлақ салсаң болғаны.  
        Әдебиетте «жазушылық (ақындық) түйсік» деген түсінік бар. Оны орыс әдебиетінде «писательский интуиция» деп қолданып жүр. Әңгіменің әлхамын осыдан бастасақ. Түйсік - қаламгердің ең негізгі  қаруы. Қаруың барда қаламыңды оңды-солды сілтеп, ішіңдегі рухани егізің дауыстап айтып тұрған сөйлемдерді  ұршықша иіріп алып  кете бер. Тегінде Несіпбек Дәутайұлы: «Суреткердің рухани қуаты – түйсігі. Ол бүгінін былай қойғанда ертеңдердің алдына шығып кетеді» деп бекер айтты дейсің бе? Әсілі, жазарманның  мақсаты аңқаңды көптіріп біткен ақпараттарды  қайта қаузап, мантырақ сөздерді жіпке тізіп шығу емес. Кез-келген шынайы әдебиет қоғамды келешекке дайындауы тиіс. 


      Меніңше, жазушы түйсігі түрлі-түсті  үрленген шар секілді. Қолыңнан босатып жіберсең болғаны сеңгір көкке самғай жөнеледі. Аспан әлемі шексіз емес пе, әйтеу бір бүйірінде жарылатыны сөзсіз. Бұл жарылыс – әдебиетте дүмпу тудырады. Түсінікті болу үшін айта кетейін, Эдгар Поның «Артур Гордан Пимнің басынан кешкендері» атты повесінде өрбіген оқиға араға елу жыл салып қайта жаңғырады. Кеме апатынан аман қалып, иен далада аштықтан әбден зәрезап болған үшеу төртіншісін азық етеді.  Ең таңқаларлығы сол, опат болған төртіншісінің есімі – Ричард  Паркер. Шығарманың шынайы өмірде кетпе-кет қайталануы, тіпті  кейіпкерлер есімдерінің сөзбе-сөз сәйкестігі көпшілік оқырманның таңқалысын тудырды. Жата кеп жазушының көрікпелдігіне жорыды. Іздегенге сұраған дегендей-ақ кей сыншылардың төбесі көрініп, газет беттерін толтырып-ақ жатты. «Үшінші көзі бар» деуші еді мұндайда миясар қарияларымыз. «Парарлель әлем» десті замандастарымыз. Не де болса жазушыны жазуға түртпектеген ішкі түйсігі, әсілі «жазушылық түйсігі» деген тоқтамға келесің. Дәл осындай  тағы бір туынды  «әдеби дүмпудің» коллекциясына келіп қосылды. Атлант аралында айзбергке соғылып батып кеткен «Титаникті» он төрт жыл алдын ағылшын жазушысы Морган Робертсон өзінің “Тщетность, или гибель “Титана” романында жазған болатын. Жазушылық түйсігі сыр бермейтін қаламгердің сөз шеберлігі мен ой шеберлігі шығармаға «жан бітірді». Қаламгер түйсігі жазушыға танымалдық алып келді. (Сол апаттың ертеңінде-ақ  автор мен туындыны бүкіл Еуропа таныды). 


           Әдебеит біздегі туа бітті «қылмысты түйсікті» пайдалануға мүмкіндік береді. Шын, дарынды жазушының көрегендігі сол  өзі сенетін үкілі үміт пен асқақ арманына төнер кесапаттың кескінін білу. Түптеп келгенде Достаевский фашизмдік құбылысты («Бесы» романы 1872ж.), Джек Лондон  бүкіләлемдік жұқпалы аурудың салдарын(«Қызыл оба» 1912ж.), Шыңғыс Айтматов мәңгүрттену қасіретін ескертпеп пе еді?  

Гүлім Садырбек: 
      Түйсікті болу қаламгер үшін үлкен олжа. Біз түйсікті қаншалықты абстрактылы дүние деп қарастырғанымызбен, ол жазушының ішкі жан дүние балансын бағамдап, рух қуатын аңғартатын барометр, әрі құс жүрегіндей нәзік, сүт бетінде қалқыған көбіктей жеңіл, қарапайым адамға бұйыра бермес кірпияз. Шығармашылық  заңдылықтар  мен қағидаттарға бағынбайды. Өнерде формула жоқ, қалыптасқан  һәм дайын құрылым бар деп даурыққандарды  да естімедік. Қаламгер қалам-қауырсынын қалай сілтесе өз еркі, ойдың өзегіне қай ракурстан  қарап,  қайтіп барлауды біреуден сұрап-білмек  емес. Себебі, шығармашылықтың бауыры еркіндік, жазушының қалауы да кең тыныс. Алайда, сен айтып отырған «жазушылық түйсікке» келгенде  қара мұртын қайырып, келте малақайын шешіп тұрып иіліп,  бұл сөзіме датын айтарлар кездеседі. Соның бірі совет жазушысы Алексей Толстой. Толстойша айтсақ: «без видения предмета нельзя даже притрагиваться к бумаге. Иначе вы невольно сразу попадете в шаблон».  Көңілге түйгеніңді емес, көргеніңді көсіле жаз деп тұрған бұл  тәмсілдің бұрыстығына әлем әдебиетінде  дәлел болатын шығармалар, кепіл бола алатын жазушылар жетіп артылады. Мәселен, ғылыми-фантастика жанрының негізін қалаушы  Жюль Верн шығармашылығын еске алсаң Толстойдың әлгі қағидасы тасада қалады. Оның шығармашылығы тұтастай ғайыптан һәм ғажайыптан тұратындығы  бұлай деуімізге негізгі себеп. Ең қызығы сол дәуірде мистика саналған  құбылыстардың барлығы дерлік кейінірек адам қолымен жасалатын құралдарға айналған. Француз классигінің 1886 жылы жарық көрген   «Робур-Жаулаушы»   романында  аспанды мекендейтін ұшаққа ұқсас аппарат жайлы толық баяндалса, 1904 жылы жазылған  «Властелин мира» романында тікұшақты шығармаға арқау еткен, араға жиырма жыл салып ғылыми айналымға «геликоптер» (ұшақ) деген ұғым енді.  Ж.Вернның ешқашан көзбен көрмеген Ресейді бір емес, тоғыз романында сипаттап, кейіпкерлерін бейтаныс елде саяхаттатуына қарап    жазушылық интуициясының мықтылығын аңғарасың. Он жеті жасында «мен жазушы боламын» деп «шыңғырған» Константин Паустовскийдің атын әлемге таратқан  «Қара бұғаз» повесі де үлкен жазушылық интуицияның һәм эрудицияның жемісі.  Түйсіктің өзіндік даму динамикасы бар. Ол да бедеу аттай  баптауды қажет етеді. Жазушының интеллект пен эрудициялық қарымы қарулы болса, бабы келіскен жүйріктей жазушы түйсігі жүйітки жөнеледі. Содан барып әлгі Верн, Лондон шығармаларындай классика өмірге келмек.  Бірде Мұқағали Мақатаев «ақын болу үшін ақында не болуы керек?» деген  сұраққа: «Түйсік. Басқалар көре алмайтынды көру және тану»  деген екен.  

Ақерке Маратқызы:
         Біздің шығарманы талдаудан бұрын бағалауға дайын тұратынымыз қызық.  Әдебиет өлкесінің тізгіншілеріне  құлақ  түрер болсақ, түйсікке  жөн сілтесең  ирелеңдеп барып утопияны жағалайды. Сонда қиялды аздап дамытып жіберіп  «фэнтезидің» қақ төбесіне шығарып қою керек пе? Біз осы түйсік пен қиялды   шатастырып  алмадық па?  


         Әңгіменің құдайшылығына көшсек. Иә, шығармаға қиялмен қанат бітіретін жазарманға кінә арта алмаймыз әрине. Асылы, өнер ауылының тұрғындарының  бәрінің  дерлік  творчествосында қиялгерлік желі болуы тиіс. Адамның тыныс алуына өкпе мен мұрынның бірдей қызмет атқаратыны секілді, шығарма жанрының  «эталонына» айналарлық дүние жазуда қиял мен түйсіктің атқарар  қызметі тең. Тек  әрқайсысы өз мүмкіншіліктеріне жауап берсе екен дейсің. 


      Түйсік түтеткен ой «аузын ашса көмейінен серке сөз  секіріп шығатын» данышпан табандап жылжып келе жатқан қайшылығы мол заманның ғадауатын естіртті. Тілі мен дінінің тозып, қылыш үстінде ғұмыр кешетін заманның келе жатқанын ескертпеп пе еді? Кемеңгер Абай ақынның  түйсігі  меңзеген қоғамда  өмір сүріп жүргеніміз жалпақ жұртқа тағы аян.  Мұны қиялдың жемісі деп емес, «ішкі жан-айқайы»  дауыстаған  таза түйсіктің  мәуесі десек артық айтқандық емес. 


       Тегінде түйсік қорамсағынан  қиял жебесін суырып оңды-солды лақтырғандағы барып тірелер тұсы – ақиқат, сандырақ емес. Түйсікті «қиял-ғажайыпқа» апарамын деп  «шындыққа ұқсатудың» шегінен шығудың  қажеті жоқ. 
         Бір жерден оқығаным бар еді, сонда  Рей Брейбери «Не жазу керек екенін ішкі түйсік сізден жақсы біледі» («Интуиция лучше вас знает о чем она  хочет писать, так что  просто отайдите с дороги») деп жазылған болатын. Айтып отырған әңгіменің түйінін шешіп, нүктесін қоярлықтай-ақ пікір екен. 

Гүлім Садырбек:
       Қаламгер  наубайханасындағы құнды «құрал»  саналатын  жазушылық түйсік кейде әдебиетшінің бағын ашып жатады, кейде, тіпті, дүниені дөп болжап, әлқиссадан  болашақты дәл  бейнелей алғандығымен тарих беттерінде қалады. Кейде сол түйсік айтқызған дүниелер алдамай, оқыстан шешім қабылдап, поэтикалық пафоспен айтылған әлдебір ойлар нақ солай қайталанғанда кінәні сөздің киесінен көретініміз де бар. Пендеміз, жооқ, дұрысы қазақпыз ғой. Қара өлеңнің шекпеншісі Мақатаевтың  « ... мен биыл дәл қырықтың бесеуінде... Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде » дегенін немесе талайына жазылған тағдыры бөлек  ақын Әділ Ботпановтың  «Өмірзая жұлдыз болып келем мен, жарық жыр боп аспаныңда жылт етем» деген жолдарды түйсігі сездірді дейміз бе, қазақы ұғыммен «аузына құдай салды» дейміз бе, әлде, кінәрат сөз киесінде ме екен. Әсілі, тағдыр дерміз... Тек осы орайда сен елемей өткен бір саңылау бар. Сөз өнеріндегі жазушылық түйсіктен қуаттырақ бір тылсым күш  – сәуегейлік. Мұны ешкім ешқашан жоққа шығарған емес. Жоғарыда өзің атаған Эдгар По, Джек Лондон, Морган Робертсон шығармаларында түйсіктен көрі нақты болжамы бар көріпкелдік басымырақ. Жалпы әдебиет тарихында келешекті ерте танып, өз тағдырының нүктесін қашан тіпті қалай қойыларын білген сәуегей ақын-жазушылар жетерлік.  Орыс поэзиясының белді ақыны Андрей Белый "Я умру от солнечных стрел" деп өз жанының қалай жай табарын алдын-ала сезсе, «көріпкел» Марина Цветева да өмірінің соңғы сәтін көрген деседі. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ағайын-туысын жинап алып өзіне-өзі ас берген әулиелігі ел арасында ауыздан-ауызға тарағаны кеше еді ғой.  Біз қозғап  отырған  жазушылық түйсік пен әдебиет әлеміндегі көріпкел-әулиелік  сайып келгенде бір құтыдағы мүдделес дүние. Біреуінің қуаты екіншісінен басымырақ болғанмен, екеуі бірігіп  әдебиетте өзің айтқан «дүмпуді» тудырып отыр. 


         Кез-келген жазарманның творчестволық  қалыбы өзіндік мінез бен болмысына негізделеді. Бір жазуышы «қолы жүріп» я болмаса  тынысы ашылып бір жылда  бірнеше шығарма тудырса, енді бір шығармагер ештеңе өндірмеуі бек мүмкін. «Өндірмес» жазушыны ешкім айыптамайды, «жазбадың, жаза алмадың» деп  кінә да артпайды, тек өзін-өзі жазғырғаны болмаса. Қаламгердің жазу үстеліне отырған сәтін әдебиетке қызмет ету деп түсінсек,  сол үстелде үйкеліп  кімнің қанша отырғанында екіншінің шаруасы жоқ. Ақиқаты сол болар. Дәл қазір бір қазақ қаламгері жазу үстелінде болашақта болатын әлемдік құбылыс жайлы баяндап отырған болар. Кім біледі?! Кезінде Эдгар По жазған «Артур Пимнің басынан кешкендері» елу жылдан соң қайталанарын өзінен басқа ешкім білмеді ғой. 

Связанные Статьи