Енді туристік бағыттар айқындалады, өңірлердегі көрікті орындар белгіленеді. Сосын олар келген қонаққа қолайлы болатындай етіп әрленеді, түрленеді. Қысқасы, атқарушы билік ішкі туризмді түлетуге мықтап кіріспек.
Туристік саланы дамытудың жаңартылған тұжырымдамасы бүгін Үкіметте таныстырылды. Ол екі кезең бойынша, 2018-2020 жылдары және 2021-2023 жылдары іске асырылмақ. Жоспар бойынша келер жылы «Қазақтуризм» ұйымы құрылады. Олар өңірлердің ерекшеліктерін ескеріп, аймақтың имидж қалыптастыру мен маркетинг жұмыстарын жүргізу ісін қолға алып, қай облыста қандай демалыс ұйымдастырылатынын және туристік бағыт болатынын белгілейді. Әзірге алты өңірлік мәдени-туристік кластер анықталған.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
-Қазір туристік салада біздің тұжырымдаманы, концепцияны бірінші рет қабылдап жатырмыз. Қазақстанға осы салада келетін инвесторлар бар. Ол бізге өте керек. Керемет орындарымызды әрі қарай дамыту үшін біз инвесторларды әкелуіміз керек. Осы сияқты көптеген нақты қадам бар.
Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында туристік кластерді дамыту бойынша 40-тан астам жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, көне тарихи мекендердегі археологиялық зерттеулерге 150 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Өскемен өңірінде туристер аралай алатын киелі жерлер картасы әзірленуде. Ол 4 ай ішінде дайын болады. Бұған қоса, әйгілі Алакөлді қайта жаңғырту жоспарлануда. Демалыс орнында бүгінде қонақ үй, мейрамхана секілді 140 нысан қайта қалпына келтірілуде. Оның 82-сі бүгінде мейман күтуге әзір.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
-Қазір аумақтың инфрақұрылымын дамытуға 550 миллион теңге қарастырылып, 1 миллиард 400 миллион теңгеге жол және коммуникациялар тартылады. Алакөлдің жылына 2 миллион адам қабылдайтын қауқары бар. Қазір осы аумақта түрлі ойын-сауық қызметтерін көрсететін орындар, мейрамхана мен курорттық нысандар салу үшін инвесторлар тартылуда.
Ал Алматы қаласының туристтік әлеуеті Қысқы Универсиаданы өткізумен жақсарды. Мәселен, Шымбұлақ пен Медеу шатқалына өткен жылы 800 мыңнан астам демалушы келген. Яғни күніне 10 мыңға жуық адам тауға шығып, шаңғы тепкен. Қала әкімі Бауыржан Байбектің сөзінше, келушілердің көбі – шетелдіктер. «Енді жаңа тұжырымдама негізінде туристік операторларды ішкі туризмді дамытуға бет бұрғызбақпыз», – дейді шаһар басшысы.
Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:
-Бүгінде Алматыда 569 туристік ұйым бар. Олардың дені шетелдік демалыс орындарымен жұмыс істейді. Мәселен, жыл сайын оңтүстік астанадан сыртқа 3 миллионға жуық адам сапарлайды. Енді туристік агенттіктердің қызметін отандық демалыс орындарымен түйістіріп, ішкі туризм форматын жетілдіру ісін қолға аламыз.
Шырайлы Шымкент жақтағы Түркістан мен Отырарға да барушылар көп. Тек бір Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жылына 1 миллионнан астам адам зиярат етеді екен. Бұдан басқа, «Қазақтың Швейцариясы» деп аталған Бурабайға да шет-шеттен туристер көп ағылады. Әсіресе елімізге Ресей, Қытай, Түркия, Әзербайжан мен Грузия, тіпті Ираннан да демалушылар келеді екен.
Жалпы туристік әлеуеттің артуы транзиттік логистиканың дамуымен тікелей байланысты. Мәселен, соңғы 5 жылда республикалық маңызы бар 34,2 мың км автомобиль жолдары, оның ішінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1,3 мың шақырым жол салынған. Теміржол желілерінің ұзындығы 1 854 км-ге ұлғайды. Сондай-ақ еліміздегі жұмыс істеп тұрған 18 әуежайдың 15-інде жөндеу жүргізіліп, 11 жолаушылар терминалы салынды.
Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
-Осылайша, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Логистика тиімділігі индексі» рейтингісінде «Инфрақұрылым сапасы» көрсеткіші бойынша 106-дан 65-орынға жоғарылап, позициясын жақсартты. Енді салынған жолдар негізінде инфрақұрылымын дамыту көзделуде.
Инфрақұрылым демекші, бүгінде жол бойындағы қызмет орталықтарында, яғни қонақ үй, мейрамханалар мен кемпингтерде ел бойынша 25 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл кешендердің саны биыл да ұлғаяды. Үкімет тапсырмасы бойынша, енді қызмет көрсету орталықтары бір үлгіде салынатын болады.
Ермек Ғизатов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
-Біркелкіге келтіру туралы шешім былтырдан бері бар. Министрліктің шешімімен бекітілген. Сол бойынша 30 объект Қазақстанда басталды. Қазір Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Алматы облыстарында жұмыстар басталып жатыр. Биылғы жыл аяғында 6 комплекс жұмысы іске қосылады. Ендігі жылы қалған 24-ін қосып бітеміз.
Үкімет туристерге жағдайды жеңілдету үшін визалық көші-қон саясатын реттеу мен әуе қатынастарын дамыту бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр. Мәселен, елге визасыз кіре алатын елдердің тізімі 63 мемлекетке дейін ұлғайған. Сондай-ақ қазір Астанадағы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында «Ашық аспан» режимі қолданыста. Жиын соңында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев көші-қон полициясында шетелдіктерді тіркеу, электронды визаларды енгізу мәселерін әртараптандыру жұмысын жіті назарда ұстап отыруды тапсырды.