ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, келесі жылдан бастап Қазақстан азаматтық авиацияны толығымен отандық керосинмен қамтамасыз етсе, ұшақ билеттерінің бағасы арзандауы әбден мүмкін, деп xабарлайды Qamshy.kz.
«Бізге жыл сайын 800 мың тонна авиакеросин керек. Қазіргі кезде Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты тек 300 мың тоннаны беріп отыр. Сол себепті Ресейден сатып алуға мәжбүрміз. Ол өнімнің бағасы 30-40 пайызға қымбат. Ал осының бәрін өзіміз өндірсек, билеттің бағасы да арзандайды. Себебі билеттің бағасының 30-35 пайызы - керосиннің құны. Демек, керосиннің бағасы түссе, билеттің құны да арзандайды», - деп атап көрсетті Қасымбек журналистерге берген сұxбатында.
Оның айтуынша, Қазақстанға 800 мың тонна көлемінде әуе жанармайы қажет. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты 300 мың тонна өндіреді, ал бұл жеткіліксіз.
Осыған орай Қазақстан қалған жанармайды Ресейден жеткізеді, ал бұл өз кезегінде ұшақ билетінің бағасына ықпал етеді.
Айта кетейік, отырыс барысында министр келесі жылдан бастап азаматтық авиация отандық керосинмен толығымен қамтамасыз етілетінін жеткізді.
Оның атап өтуінше, ұшақ билеті бағасының 30-35%-ын әуе жанармайының бағасы құрайды. Жанармайдың арзандауы бұл цифрді 20-25%-ға төмендетеді.
Айта кетсек, EXPO көрмесі қарсаңында Қазақстанда әуебилеттер айтарлықтай қымбаттады және жетіспеушілік байқалды. Тіпті тұрғындар теміржол билеттерінің де тапшы екендігіне шағымданды. Әлеуметтік желілерде де Қазақстанның ұшақ билеті бағасын Батыс елдерімен салыстырып, «монополияланған» деп наразы баға берушілер көп.