Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхемедиұлы өзінің Facebook-тегі жеке парақшасында «Ла Скала» театры Астанаға келгенін жазды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
«Таяу күндері Астанада, біздің Министрліктің ұйымдастыруымен, сағындырып күттірген әлемге әйгілі «Ла Скала» театрының гастрольдері басталады. Менімен шынайы дос болып үлгерген, «Ла Скала» театрының Бас директоры Александр Перейра және танысудың өзін талай-талай өнер қайраткерлері тек қана армандай алатын, даңқты дирижер Зубин Мета да дәл қазір Елордамызда жүр», – деп қуанышын бөлісіпті.
Даңқты коллективтің концерттері қыркүйектің 1-інен 9-ына дейін «Астана Опера» театрының сахнасында қойылады екен.
Миланнан гастрольдік турға қатысуға барлығы 260 адам – опера труппасы, хор және символикалық оркестр мүшелері келген.
«Ла Скала» театры Джузеппе Вердидің "Фальстаф" операсын және Бетховенның №9 симфониясын орындамақшы. Ал дирижерлік ететін – классикалық өнердің маңдайалды мэтры, әлемдік музыка мәдениетіне айтулы әсерін тигізген қазіргі заманның көрнекті музыканты – Зубин Мета екенін атап айтқымыз келеді!
Бұл гастрольдердің демеушісі – италиялық энергетика консорциумы ENI.
Оставить комментарий