Ұлы Мағжан мен ұлы Түркістан

/uploads/thumbnail/20170905094517083_small.jpg

 Жүріп тұрған жер-жаханға әмірі,

Күндей ашық күркіреген бар үні.

Ұлы Мағжан - ұлылықтың құдайы,

Ұлы Мағжан - өлең, жырдың Тәңірі!

 

Бірде жүрмей, бірде баспай өрге ісі,

Босатпады тартып оны жер күші.

Толқын, толқын, қайратты шаш бұп-бұйра

Ұлы Мағжан тағдырының белгісі.

 

Ер жігітте ол, сұлулықтың жамалы,

Жүрегінде қоздап ойлар жанады.

Тұла бойы кемеңгерлік керемет,

Мейірімге толы ойлы жанары.

 

Бар қайратын «Алашына» арнады,

Нәзік сырды жылдамдықпен аңдады.

Бар Түріктің алтын, асыл тамыры

Ұлы Тұран, Түркістаны - арманы.

 

Елден ерек, зерек болды ұғымы,

Ұлы ғана түсінеді ұлыны.

Бойда тулап, Ер Түріктің қайраты,

Арпалысқа толы болды ғұмыры.

 

Өзге ақындар білмейтінді білетін,

Жауларына жаны ашып, күлетін.

Ұлы Тұран, Түркістанға байрағын

Қайта тігер күндерді аңсап жүретін.

 

Миларында алуан ойлар пісетін,

Оған аздай қандай-қандай місе тым.

Ана Сәбит, табаласа қаншама,

Ал, Мағжан, қайсарлана түсетін.

 

Оңашада даласына сыймайтын,

Сағыныштан көз жанарын сулайтын.

Әлиханды, Ахметті және де

Міржақып пен Мұстафаны сыйлайтын.

 

Туа кербез, өзін жақсы күтінген,

Істері көп, істерінен бітірген.

Әмір-Темір, Хан Кенеге Тәңірдей

Табынатын барлық болмыс, бітіммен.

 

Ой жеткен бе, оның терең ойына,

Шақ келмейтін жүкті алмайтын бойына.

Қазағының мынау дархан даласы

Бар қажетті бере салған бойына.

 

Қарсы соққан толқындарды елемей,

Маң далада жалғыз жүзді ол кемедей.

Дөңбекшіген Хазар, Балқаш сияқты

Білімі оның теңіздейін телегей.

 

Жанып жүрді ол жыр отына жалындай,

Өмір кешті жауларына бағынбай.

Бар Түріктің болған алтын бесігі

Түркістанын сүюші еді жалындай.

 

Мақсаты айқын, түптің-түбі жететін,

Ұлы ойлармен ұлы күндер өтетін.

Кей сәттері Қара Ертістің бойымен

Көкбөрідей жалғыз жортып кететін.

 

Құштарлықпен бар қазақтан алда еді,

Енесінен дара емген арда еді.

Ол түсінді болмысымен ғажайып,

Құрмет тұтып, сыйлайтынын алда елі...

 

Күресетін ойларымен алдырмас,

Шындап сүйсе, естен бүйтіп тандырмас?

Көне Тұран, ұлы Отырар шахары

Тағдырымен болушы еді тағдырлас.

 

Ұлы Мағыжан, шын мәнінде ұлы еді,

Жалғыз ғана туған ұлты - тілегі.

Күндіз-түні қазақ деген халқының

Тәңірден азаттығын тіледі.

 

Сүйді ерекше, мынау сайын даласын,

Сүйді ерекше, Фарабидей данасын.

Бастан кешкен дүрбелеңді кезеңді,

Қадыр тұтты ол, жауынгер ұлт, бабасын.

 

Сағыныштан сан сарғайған санасын,

Сыйлап өтті ол, өзін туған анасын.

Құрмет тұтты ол, Ер Түрікті кешегі

Билеп тұрған жер мен көктің арасын.

 

Жапа шегіп, жауларынан оңбаған,

Қайғы бұлты Ыстамбұлын торлаған...

Сол кездегі жалғыздықтан қан жұтып,

Жасын төгіп, қандастарын қолдаған...

 

Жауы көп пе, жағалаған жар астын,

Шабыттанса, Көк Тәңірмен жанасты үн.

Ұлы Мағжан, сирек бітер маңдайға

Болушы еді ардагері «Алаштың».

 

Айы жарық туды талай оңынан,

Ол түспеді жыр-желмая қомынан.

Құрбан болған қапияда қайран ер,

Қан тілеген қызылдардың қолынан.

 

Жоғалтқандай асыл арман, мұратын,

Сыңси жоқтап, қала берді бұла түн.

«Ұлы Тұран, Түркістан...» деп жырлаумен

Өтті осылай бұл өмірден бір ақын.

 

Табанымнан кеткендей ме, тас тайып,

Мағжанын жоқтамаса ел, басты айып.

Алматыдан бір ескерткіш бұйырмай,

Анкарада тұр Мағжан қасқайып...

 

«Бізде де бар...» деп айтуға шақ қалдым...

Атқаны ерек Анкарада ақ таңның!

Ана түрік бауырлардың алдында,

Менің дағы келіп кеткен мақтанғым...

 

Ұл қадірін білмеді ме, елге сын,

Білмедік-ау, сөз етуден өңгесін.

Астанадан көрем ғой деп ойлағам,

Мағжанымды Анкарадан көргесін...

Жұмаш Көкбөрі

Связанные Статьи