ӘРУАҚТАНУ (арқалану)
Сен олай қарай берме күліп көкем,
Кеудеңе қондырып ап күдік бөтен.
Қазақтың дәстүрінен дымды ұқпастан,
Күңкілдеп сөздер айттың бүлікке тең.
Сеніңше, менің Ұлы Бабаларым,
Мүшріктей бұтпарас боп жүріп пе екен?!
«Иә, Әруақ!» дегендерді жазғырғандар,
«Әруақтың» ақиқатын біліп пе екен?!.
«Біз сені Пәк Рухпенен қолдадық» дер,
Құранның осы аятын біліп пе екен?!.
...Адамға (а.с.) Періштелер сәжде еткен-ді,
...Жүсіпке (а.с.) Отбасы да сәжде еткен-ді.
Сонда не, құрмет үшін келіндерім,
Иіліп сәлем салса шірік пе екен?!
Төбеңді жандарсыңдар ұрып тесер,
Болдыңдар ел-жұртыма құрық-кесел!
Халқымның құрта алмайсың салт-дәстүрін,
Өзіңсің көп ұзамай құрып кетер.
Сондықтан сөйлей берме үріп көкем,
Әйтпесе, бет пердеңді «түр жасаған»,
Ақ жүзді семсеріммен тіліп кетем...
Әулие кереметін – ертек дедің,
Әуейі нәпсіге еріп, елпектедің.
Жетесіз – жеті атасын сыйламағыр,
Неңді алған, жетпегір-ау, шелпек сенің!
Дінімді дүдәмал ғып бітірдіңдер,
Осы ма сүннет жолын көрсеткенің.
Мәзһаб пен Сопылыққа жау болдыңдар,
Киіп ап Массондардың шен-шекпенін.
Адамдар арасына іріткі сап,
Момынды бауыр еттей бөлшектедің.
Құранды марқұмдарға бағыштауды,
Пайғамбар шектеген жоқ, сен – шектедің.
Тәспі мен бет сипауды – «бидғат» деп,
Тәспіңнен жаңылысып, тер төккенің.
«Бидғат»-пен Көк пен Жерді жаратты Алла»,
Құранның сөзін айттым, ел сөкпегін.
Иә, Алла, жақсылармен дос ете гөр,
Жаманмен екі өмірде көрші етпегін.
Харам деп – Домбырамды ғажап үнді,
Жібердің қан қақсатып Қазағымды.
Нәйіс-ай, сен айтты деп,
Бабам жатқан,
Қараусыз қалдырам ба мазарымды.
Бақ қонып, Қызыр дарып жатқан елден,
Аулақ сал жөйіт-құлқын назарыңды.
Қайтейін, мына тажал,
Бауырымның
Қаншасын тірі өлтіріп, қаза қылды.
Сен енді сахнадан түсті те кәні,
Тия ғой бытпыратқан мазағыңды.
«Елім» деп біздер міне атқа қондық,
Ал енді шақыра бер «ажалыңды».
Ар жағын халқым өзің саралай бер,
Мен деген жазып біттім жазарымды!
Бауыржан Мырзақұл
Оставить комментарий