Талапбек Тынысбекұлының кітабы жарық көрді (фото)

/uploads/thumbnail/20171024155341602_small.jpg

23 қазан күні Алматы қаласында ақын Талапбек Тынысбекұлының  «Арғы жағы Ертістің бергі жағы» атты шығармашылық кеші өтті, деп Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Талапбек

Халық биі «Қара жорғаның»  атажұртқа қайта оралуы жайлы әңгіме болса-ақ,  көзіқарақты зиялылар мен оқырмандар осы Талапбек Тынысбекұлын ауызға алады. Олай болатыны,  өзі құрған  «Жезбұйда»  жастар қоғамдық бірлестігі арқылы арғы-бергі беттегі ағайынның рухани жалғастығына үлкен дәнекер болып,  ел мен жұрттың етене қабысуы жолында жас басымен аз болмаған игі шараларды ұйыстырып келе жатқан ақын Талапбек ондаған жылдардың алдында  «Қара жорға»  өнер ұжымын құрып,  Қытайдағы өнерпаздарды алғаш рет Алматыға шақырып, «Қара жорға» биін билеткен еді. Міне, осылайша еліміздің ұланғайыр даласына осы бір дәстүрлі биіміз кең таралған.

Кеш барысында бүгінгі таңда жас патриоттарға үлгі болып үлгерген ардақты азамат рухты,  өршіл жырларын жатқа оқыды. Сондай-ақ ол сөзін жазған, бірнеше реткі республикалық патриоттық әндер бәйгесінің бас жүлдесін еншілеген әндер керімсал кештің көрігін қыздырды. Кеш тізгінін белгілі ақын, жазушы Бейбіт Сарыбай жүргізді.

Кеште ақынның  «Арғы жағы, Ертістің бергі жағы» атты тұңғыш жинағының тұсауы кесілді. Алмас Ахметбекұлы,  Дәулетбек Байтұрсынұлы,  Мұрат Шаймаранұлы,  Қайрат Құлмұхаммет қатарлы танымал ақындар жинақтың тұсауын кесті. Аршын Кәсімбайұлы,  Бибигүл Қилымқанқызы,  Нұрлан мен Шәба,  Сәулежан Тағзияұлы қатарлы өнерпаздар Талапбектің сөзіне жазылған жаңа әндерді тыңдармандарға сыйлады. Жанарбек Әшімжан,  Бақыт Бәделхан,  Дәулеткерей Кәпұлы,  Әділет Ахметұлы қатарлы ақындар жырдан шашу шашты. Ақынның достары мен ізін басып келе жатқан іні- қарындастары ат мінгізіп,  шапан сыйлады. Оқушылар мен өрендер отты өлеңдерін жатқа оқыды.  

Талапбек

Ақынның өлеңдер жинағы мен жарық көру алдында тұрған прозалық шығармалар жинағы  «Мақсат мед»  медициналық орталығының директоры Мақсат Әбдіқадырұлы мен жеке кәсіпкер Айса Оразқанұлының демеушілігімен «Үш қиян»  баспасынан шықты. 

Алтайда туып,  Алатауда қанатын қатайтып,  енді Арқа төріндегі Астанаға қоныс аударғалы жүрген Талапбек Тынысбекұлы алыс-жуықтағы ағайынға ақ дастарқан жайып,  алғысын айтып,  батасын алды.

Оставить комментарий

Связанные Статьи