"Адамның бәрі – Құдай, Құдайдың бәрі – Жалғыз..."

/uploads/thumbnail/20171027142006536_small.jpg

Шар тәріздес екенін әлдеқашан ғалымдар дәлелдеп кетсе де өз көзімізбен көріп, куә болмаған, осы күнге дейін «расымен домалақ па?» деген таңданысымызды жасыра алмайтын Жер-Ананың саясында қаншама мың-миллиард адам өмір сүріп жатқаны кімге болса да қызық. Күллі жаратылыс ішінде ақыл мен сананы меншіктеп, оны өлшеулі күндері һәм санаулы сағаттарының  пайдасына жұмсаған адамдардың әрқайсысының жолы – бөлек, тағдыры – түрлі. Сол алуан түрлі тағдырға құрылған өмір сахнасының кейіпкерлері (біздер) қаншалықты көп болғанымен  белгілі бір дәрежеде жалғыздыққа ие. Габриэль Гарсия Маркесше айтсақ, «кез келген жан өз-өзін белгілі бір деңгейде жалғыз сезінеді».

Жер бетіне алғаш рет адам аяғы тиген уақыттан бастап жалғыздық ұғымы да көлеңке елесіндей ілесіп келеді. Оның өлшемін ешкім бағамдап, шегіне жеткен емес. Және бұл келер уақыттың еншісі деп те айта алмаймыз. Мұның сырын «адамзат баласына ортақ мәңгілік сөз» деген қағиданың аясынан іздегеніміз ләзім. Жалғыздықты адам дүниетанымынан бөліп немесе кей адамдарға ғана тән   құбылыс ретінде санауымыз әлемдік һәм адамзаттық мәселе (проблема), әрі қателік болар еді. Бүгінгі жаһанданған заманның өмір сүрушілері жалғыздық ұғымының кеңістігін тарылтып тастағандай. Әркім өз жалғыздығын әлеуметтік проблемасымен шатастырып жүр. Жетімдік пен жалғызбастылық, дос-жарансыз өткен сәт пен қарт адамның күйі, әрине, жалғыздық тақырыбымен мазмұндас. Бірақ, аталған дүниелер мәңгілік емес, уақытша. Ал бір-екі күндік жалғыздық біз қозғап отырған адамзат жалғыздығының өлшеміне сыймайды, шегіне жетпейді.

Ғалымдардың  «жалпы адамзат баласының когнитивтік санасында әрдайым түпкілікті орын тепкен психикалық қалып-құбылыстың бірі – жалғыздық» деген пайымына сүйенсек, оның тал бесіктен жер бесікке дейінгі жанымызбен бірге жасайтын бейнесіз ақиқат екенін біле түсеміз. Бірақ бұл пікірді адамзат, соның ішінде жекелеген адамдардың саналы түрде ұстанбайтыны байқалады. Неге? Жалғыздықтың түрі, яки түсі жоқ. Және оны жақсы не жаманға жатқызып, көрген жерде қашуға, сезген кезде қорқуға болмайды. Белгісіз тылсым күштің (Құдайдың) бұйрығымен болатын өлімді қалай қабылдасақ, жалғыздық ұғымына да нақ сол өреде салқынқандылықпен  қарағанымыз жөн. Осы тұста күллі адам атаулыға бағытталар сөз: адамзатқа қатысты мәселеге (Өлім мен Өмір, Жалғыздық) үйдегі терезенің жақтауынан қарамай, үкімі жүрмейтін түсініктерге өзінше шешім шығаратын пенделіктің тұсауынан арылып, адами көзқарасқа ие болсақ, сүрер өміріміз сәл де болса жеңілдер ме еді...

Қоғамдағы адамдардың жалғыздық хақындағы ойы бір жерден шықпауынан болар оны біреу дос тұтса, біреу қас көреді. Американдық зерттеушілердің «жалғыздық адамның шығармашылық қабілетін арттырып, ойлау қабілетін жақсартады» деген қорытындысына қарап, адасқан жалғыздығымызды іздеп кетердей күйге түсеміз. Анығында жалғыздық ешкімге өзін іздеткізбейтін шындық. Ол, тек сезіну мен мойындауды ғана қажет етпек. Ал бұл әрекеттерді орындай алмаған жағдайда жанымыздағы жалғыздығымыздың бетін шаң басады. Ақырындап адамдық кейпімізден алыстай бастаймыз. Түсінігіміз түрленіп, ақиқатында адамға ұқсамайтын адам болып шыға келеміз. Осы мазмұнда өмір сүруге де болады. Жалғыздықтың формуласын шеше алмау – жарық дүниедегі бақытты күндерді соңына жақындатпақ емес. Тек адам ретінде адамзаттық тәмсілді тарқата алмағанымыз, қала берді түсінуге ұмтылмағанымыз өкінішті  болмаса.  

Адамның адамдығының бір белгісі – жалығу. Уақыттың қоңырауы соққанда күнделікті шаруа мен  ұйқыдан, ешқашан жетпейтін ақшадан, түбі жоқ жазудан, дос пен туыстан, әйел мен баладан, қала берді өмір сүруден жалығатын сәттер болады. Өмірдің осындай өліара шағында адамның күйбең тіршіліктен қашып, медет тұтар мекені – жалғыздығы.

Альбер Камюдың осы турасындағы айтқан ойы («Адам о бастан жалғыз, ол өзінің ойы мен сезімдерін өзі ғана түсіне алады, жалғыздықтың бастауы – адамның өзінде») тоғыз рет толғанып жазған сөзімізге тұздық бола алатындай. Десек те бір нәрсені ұмытқан сияқтымыз: адамзатқа ортақ кез келген ұғым баршаға бірдей түпкі мағынасында жетпейтіні хақ. Әр халық өз ұлттық менталитеттеріне сүйене отырып қабылдамақ. Бұл халықтық қасиет жалғыздық тақырыбында да рөл ойнайды. Мәселен, «жалғыздық – тек Құдайға ғана жарасқан» дейтін, діни наным-сеніммен астасқан қазақы таным-түсінік біз шертіп отырған «күйдің» маңына жуықтайтын да мағына бермейді. Аталған нақыл қазақ қоғамында тәрбиелік мәнге ие болып, адамзат жалғыздығымен мазмұндас, әйтсе де үндес емес.

Өз-өзімізбен оңаша қалуға мүмкіндік бермейтін өзімшіл уақыт пен мазасы қашқан тірліктен бас сауғалап, су жағасындағы серуенге арналған жолда терең тыныс алар таза ауа іздеп келемін. Айналаны қараңғылық торлап, кешқұрым сәтті тұнық түн құшағын аша  қарсы алып тұр. Қара көрсеткен адам аяғы аз. Сәл алыста қол ұстасқан екеу кетіп барады. Қарсы бетте орыс апайымыз күшігімен жүр. Әнеу бір жерде қалпақты кісі су бетінен көз алмай, орындыққа өзі ғана жайғасыпты. Бұл көрініс көз алдыма адамзатқа ортақ картинаны елестеткендей: біреу  досымен, біреу итімен, енді біреу жалғыздығымен серік екен. Осы оқиғадан кейін санамның саңылауын түрткен қаңғыбас ойлар маза бермеді. Шын мәнінде біз бәріміз бір-бір жалғыз емеспіз бе? Жалғыздық деген шынайы сөзден неге қорқамыз? Неге мойындағымыз һәм естігіміз де, ауызға алғымыз да келмейді? Өзім де білмеймін...

Маржан ӘБІШ

Связанные Статьи