2017 жылы 27 қазанда Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысы бизнес-қоғамдастықтармен, салалық ассоциациялармен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы денсаулық сақтау секторы, жергілікті атқарушы органдар және «Нұр отан» партиясы өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі. Пресс-конференция барысында санитарлық-эпидемиологиялық саласындағы бизнеске қойылатын кедергілерді азайту және медициналық қызмет сапасын көрсету мәселелері қаралды.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Молдағасымова А.Б. бүгінгі таңдағы медициналық қызмет көрсетудің сапасына, жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталып өтті.
Молдағасымованың айтуынша, 6 санитарлық ереже қаралып, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар оңтайландырылды. Сондай-ақ 29-ға жуық ескірген әрі қайталама санитарлық ережелер алынып тасталды.

Бұдан өзге, тәуекелге негізделген қадағалау үлгісін енгізу арқылы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлері әзірленіп, бекітілді. Бірнеше сілтемелік норманың орнына 41 тексерілген парақ әзірленіп, бекітілді.
«Тексерілген парақтардан санитарлық талаптар қысқартылды. Бақыланатын объектілердің тізімі қайта қаралды. Денсаулық сақтау және білім беру мекемелеріне қолданылатын құрылыстық кодекстер мен ережелер қайта қаралды және белгілі бір дәрежеде жетілдірілді», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы.
Сондай-ақ Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметін тоқтату үшін Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілеттілігі жоқ екенін мәлім етті.
«Өндірістік дүкендер, кафелер және т.б. қызмет орындарын тоқтату үшін сот шешімдерін ешкім және ештеңе қамтамасыз етпейді. Кәсіпорындар жұмысын жалғастырады, сот орындаушылары жеткілікті түрде белсенді әрекет етпейді», - деді Молдағасымова.
Осыған қатысты бірнеше мысалдар келтіріп өтті.
«Тұрғын үйдің астыңғы қабатында нан цехі жұмыс істеген, тұрғындардан арыз түсті. Біздің тексерісімізден соң сот отырысы болды, қызметті тоқтату жөнінде шешім қабылданды. Алайда цех өз жұмысын жалғастырып жатыр. Кафенің өнімінен 29 адам уланды, Сот шешімі бойынша қызмет тоқтауы тиіс еді, алайда кәсіпорын өзге ЖК атымен тіркеліп, 50 адамнан 200 адамға дейін орны бар үлкен кәсіпорынға айналды».
Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық саласы аясында кәсіпке арналған барьерлерді қысқарту барысында реформа әкімшілігі бірқатар ережелер мен нормалардың санының қысқаруына әкеліп соғады. Тексеру қағаздарындағы орындардың саны 11 мыңнан 1704ке дейін қысқарды. 6 санитарлық ереже қаралып, 29-ы ескірген. Нәтижесінде Алматыда 206 сұлулық салоны, 141 ем-профилактикалық мекеме, 3 лаборатория, 5 базар, 154 сауда кәсіпорындары мен 58 оқу объектісі тексерілмейтін болды.
Осыны ескерген қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы кәсіпорын иелеріне санитарлық талаптар мен тұрғындардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауын сұрады.
«Бақылау барысында ондай объектілердің 400-і анықталды. Олар тек өздерін ойлайды. Бәріне жауапкершілікті арттыру қажет екенін ескертемін», - деді Айзат Молдағасымова өз сөзінде.

Кездесу қорытындысында «Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті» РМК және Алматы қаласы ұлттық кәсіпкерлік палатасының денсаулық сақтау секторы арасында тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру барысында өзара ынтымақтастық, санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы құқықтық базаны жетілдіру бойынша Меморандумға қол қойылды.