Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру реформасы елімізде әлі де талқыланып жатыр. Еліміздің әр өңірінде қоғам белсенділері, ұлт зиялылары, тіл мамандары, жастар ұйымдары және қарапайым тұрғындарға дейін өз ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізуде. Дәл осылай ұсыныс айтқан Алматыдағы Азаматтық авиация академиясының жастары бас қосып, ғылыми конференция өткізді.
«Латын әліпбиі – мемлекеттік тіл тірегі» деп аталған жиын «Мемлекеттік тіл – менің болашағым» атты ақпараттық насихаттау шарасы аясында өткізіліп отыр. Сондай-ақ, ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған қазақ тілін латын әліпбиіне біртіндеп көшіру жобасын талқылау мақсатында студент пен ұстаз пікірінің басын қосты.
Конференция барысында академияның белсенді студенттері латын әліпбиіне көшудің тиімділігі мен қажеттілігін айтып, өз ойларын ғылыми тұрғыда дәлелдеуге тырысып жатты.
- Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын кез-келген жастың смартфонында «Агент» деген әлеуметтік мессенджер болды. Сол желінің кең қолданыста болған уақытында барлығы дерлік латын қарпімен хат алмасатын. Яғни, бүгінгідей технология өнімдерінің қарыштап дамыған уақытынан бұрын да латын әрпін қолдану бар болатын. Сондықтан, латын әліпбиін қолданыста еркін болуы аса үлкен қиындық тудырмайды деп ойлаймын. «Заманына қарап бөркіңді ки» - дегендей, бұл жаңашылдықты қолдап, тезірек қолданысқа енгізуді ұсынған дұрыс секілді, - дейді Азаматтық авиация академиясының студенті Жанболат Зәкіров.
Жиын барысында жастар тілге қатысты әндер мен жыр жолдарын да айтуды жөн көрді. Кәкімбек Салықовтың «Тіліңді қорға қазағым» атты өлең шумағын оқыған студенттің орындауы да тіпті тақырыпты аша түсіп, қатысушылардың рухын оятқандай болды.
- Еліміз үшін латын қарпіне көшу қай жағынан алып қарасақ та қолайлы. Біз негізінен Ахмет Байтұрсынов айтқан нұсқаны алып отырмыз. Әлі де өзгерістер болады. Қатаң, ұяң дыбыстарды түсініп оқу, халыққа ыңғайлы болу үшін арнайы комиссия құрылды. Оған қоса халық арасында орыстардың және басқа өзге ұлттар өкілдерінің тіл сындырып қазақша үйренуіне жол ашады – дейді Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Болатбек Шөкенов.
Шара кезінде Азаматтық авиация жастарының латын әрпіне көшуді толығымен қолдайтындығы туралы шағын бейнеролик көрсетілді.
- Латын әліпбиіне көшу, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады. Әрі латын қарпі қазақ елін әлем мемлекеттерімен жақындастырып, жарқын болашаққа бастайды деп үміттенеміз. Сондықтан, Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан бастайық деп Азаматтық авиация академия студенттері мен ұжымы осы шараны өткізіп отыр – дейді оқытушы Әшіргүл Сейділдаева.
Жиын соңы студент жастардың «Көк тудың желбірегені» әнін бірге шырқауымен аяқталды.