Жыламасын сәбилер: 100 студент пен 100 жетім балаға көмек көрсетілді

/uploads/thumbnail/20171125165220410_small.jpg

24 қарашада Алаш Орданың 100 жылдығына орай «Ugai production» продюсерлік орталығы мен Qamshy.kz ақпарат агенттігі ұйымдастырған «Жыламасын сәбилер» атты қайырымдылық концерті өтті.  

Айта кететін болсақ, осыған дейін Qamshy.kz ақпарат агенттігінің ұйымдастыруымен Алаш Орданың 100 жылдығына байланысты ас беріліп, 100 ағаш отырғызылған болатын.  Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы жолы игі істі «Жыламасын сәбилер» атты қайырымдылық шарасымен жалғастырып отыр. 

Қайырымдылық арқылы бар қазақтың жетімін қуантып, мұқтажын түгендемесек те 100 жетім бала мен 100 мұқтаж студентке көмек көрсетілетін болады. Концерт билетінің сатылымынан жиналған қаражат түгелімен қайырымдылыққа жұмсалады. Аталған кеште «Ugai production» продюсерлік орталығының жетекшісі Ұшқын Жамалбек пен аталған орталықтың әншілері Әсет Есжан және Олжас Абай өнер көрсетті. Сонымен бірге концертке «Алашұлы» тобы мен Дана Кентай қонаққа келіп, қайырымдылық кешке өз үлестерін қосты.

Ұшқын Жамалбектің «Анажан» әнін естіген көрермендер көздеріне жас алса, Әсет Есжан мен Олжас Абайдың «Дүр қамшы» әні, «Алашұлы» тобының «Пай-пай» әні көрермендерді жігерлендіріп, рух сыйлады. Қайырымдылық кеш шымылдығы «Мен сені сүйемін Қазақстан» әнімен жабылды.

Жыламасын сәбилер

Ұшқын Жамалбек «Жыламасын сәбилер» атты кеш «Ugai prodution» продюсерлік орталығының ұйымдастырып отырған алғашқы концерті болып саналатынын және де алғашқы қадамын осындай игі іспен бастағанына қуанышты екенін жеткізді.

«Алматы әкімдігінің қолдауымен Qamshy.kz ақпарат агенттігі мен «Ugai production» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Кештен жиналған қаражат 100 жетім бала мен 100 мұқтаж студентке берілетін болады», — дейді аталған орталықтың жетекшісі Ұшқын Жамалбек.

Жыламасын сәбилер

Осы іс шараның басы қасында жүрген, Qamshy.kz ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш концертте жетім бала мен мұқтаж студенттің өкіліне сертификат табыс етті.

Жыламасын сәбилер

«Әлемдегі бар қазақтың Отаны – Тәуелсіз Қазақстан. Бүгінгі бейбіт еліміз көктен түскен жоқ. Алаш арыстарының қанымен, жанымен, тәнімен келген. Біз Алаш деп сөйлейміз, Алаш деп ән айтамыз, Алаш деп жыр жазамыз. Бәрі дұрыс, дегенмен бір нақты іс болса да жасайық деген ниетпен бүгінгі ісіміз 100 жетім бала мен 100 мұқтаж студенттің жүрегіне үміт ұялатып, Алаш арыстарының рухынан тәлім алып жатса, біздің арманымыздың орындалғаны. Осы іске ат салысып отырған барлықтарыңызға тек қана рахмет айтамыз. Бір айта кетерлігі, Қамшы ақпарат агенттігі құрылғалы бері 5 жылда жасалған шаралардың ешқайсысына біз мемлекет тарапынан бір тиын қаражат алған жоқпыз. Оны тек өздеріңіз сияқты арда азаматтардың көмегімен жасап отырмыз. Ендеше мәңгілік еліміз болуы үшін барлығымыз жұдырықтай жұмылып Тәуелсіз Қазақстан үшін қызмет ете берейік», — деді Біләл Қуаныш.

Сонымен бірге Жыламасын сәбилер атты қайырымдылық шарасына Алматы әкімдігі де қолдау білдірді. Елі мен жерінің, ұлтының қамын күйттеген азаматтар барда қазақтың туы жерге құламайды, жетімі жыламайды.

Связанные Статьи