Бір кездері Өскемен хоккей мектебінің даңқы бүкіл Кеңес Одағына тараған еді. 1989 жылы спорт мектебі КСРО-да ең үздік деп танылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан ұлттық құрамасының 99%-ын өскемендік «Торпедо» ойыншылары құрағаны тарих беттерінен белгілі.
Өкінішке орай, дағдарыс белең алған жылдар еліміздегі спорттың дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. Жас спортшыларды дайындауда дәстүрге айналған әдіс-тәсілдерді қайта жаңғыртуға тура келді.
Әр үйдің ауласында орналасқан хоккей қораптарының арқасында, бұл спорт түрі халық арасында кеңінен тарай бастады. Қаламыздың әрбір бүлдіршінінде коньки, таяқ және шайба болды. XXI ғасырда облыс басшылары аулалардан балаларға арналған хоккей қораптарын қайтадан аша бастады.
2012 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстанға жұмыс сапары барысында жас спортшыларға жасанды мұздан жасалған жабық хоккей модулін ашты. Бұл модуль «Қазақмыс» ЖШС-нің қаражаты есебінен салынған болатын.
Мұндай тарихи күні мұзға сырғанауға келген жас ұландар Елбасынан қолтаңбасы бар шайба сыйлыққа алған еді. Ал, №10 мектеп-гимназиясының бесінші сынып оқушысы Руслан Сағымбаевтың басқа жасөспірімдерге қарағанда жұлдызы ерекше болды. Нұрсұлтан Әбішұлы оған хоккей таяғын сыйға тартты.
2013 жылы «Қазақмыс» ЖШС мектеп оқушыларына тағы бір модуль тарту етіп, қуанышты еселей түсті. Осының арқасында 3 мыңға тарта бала сүйікті спорт түрімен айналысу мүмкіндігіне ие болды.
Оставить комментарий