Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылған деректер мен дәйектер күн санап мәні мен маңызы жағынан баламасыз дүниеге айналып келеді.
Маңғыстау облысында туристерге жағдай жасап, туризмді дамыту мақсатында қолға алынған жобалардың бірі «Ата жолы» автожолын жаңарту жұмыстары. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында айтылған «өңірлердің дамуы-елдің дамуы» тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан жоба, деп хабарлайды Qamshy.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұзындығы 97 шақырымды құрайтын жол 2011 жылы пайдалануға берілген. Алайда, бірнеше қабаттан тұратын автожолдың соңғы қабаты, яғни асфальттау жұмыстары биыл қолға алынып, оған 5 млд. теңге бөлініп отыр. Жобаның реконструкциялау жұмыстары басталып, Маңғыстау облысы Қарақия ауданының аумағында асфальт төселді.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі атап өткендей отандық туризмді дамыту үшін алдымен логистика мен инфрақұрылымды жандандыруымыз қажет. Бүгінгі «Ата жолы» автожолын жаңартудағы негізгі мақсатымыз осы. Яғни, сапалы жол салынса, ел-жұрт келеді, тіршілік басталады. Басқа да қызмет көрсету орталықтары бой көтеріп, көптеген кәсіпкердің табыс табуына жол ашылары анық. Бұл жол жақсылыққа бастайтын жол болмақ» деді. Сондай-ақ ол бұл жаңарту жұмыстары Үкіметтің қолдауы арқылы Маңғыстау облысы әкімдігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі бірлесіп атқарып жатқан көп істердің бірі ғана екенін атап өтті.