2017 жылы Казнетте едәуір талқыға түскен әндер аз болған жоқ. Олардың бірі қала әкімінің аузында болса, бірі шетелде танымал болып кетті. Төмендегі тізімде 2017 жылы хитке айналған қазақша әндердің Qamshy.kz ақпарат агенттігі тілшісі құрастырған үздік ондығын ұсынамыз:
- Ерке Есмаханның «Қайда?» әні
Маусым айында желіге салынған Ерке Есмаханның «Қайда?» әні аз уақыт ішінде желіге таралып, бүгінде 47,154,044 рет қаралды. Танымал әнге бірнеше роликтер де түсіріліп, сонау АҚШ тыңдармандарын да тамсандырды. Сондай-ақ, көршілес қырғыз әншісі аталмыш әнге қырғыз тілінде бейнебаян да түсірген.
Осы сәттен бастап, «Қайда?» әні қырғыздардан ұрланған деген қауесеттер тарады. Әнді қырғызша айтқан Гүлназ Шыныбекқызы болып шықты.
Қазақстандық композитор Қайнар Алагөз аталмыш әннің ешқандай да плагиат емес, композиция сөздерінің авторы өзі екендігін мәлімдеді. Ал музыкасын композитор Диана Исмаилова құрастырған екен. Қайнар Алагөздің айтуынша, қырғыз әншісі Еркенің әніндегі кейбір қала аттарын өзгертіп алған. Оның үстіне, Қайнар мырза көршілес мемлекет әншісі өзі жазған «Қайда?» әнін орындағанына қарсы емес екендігін алға тартты.
«Жалпы, мен әнді басқалардың да айтуына қарсы емес, керісінше, оның танымал болып кетуіне қуаныштымын», - деді ол.
- «Зың-зың» әні
Осыдан 4-5 ай бұрын желіде шымкенттік қыздар жайлы «Зың-зың» әні пайда болды. Жарыққа шыға салысымен, аталмыш ән үлкен танымалдыққа ие болды. «Зың-зың» немесе «Шымкенттің қыздары» әнінде Шымкенттегі қыздардың сұлулығы жайлы айтылады.
Бірақ әннің нақты қашан жазылғаны белгісіз, алайда бұл ән бірнеше аптаның ішінде хитке айналды. Шымкент әкімі Ғабиолла Әбдірахмановтың Шымкент қаласына «зың» деп баға берген сәті де желіде жарияланып кеткен еді.
Ән Jokeasses вайнерлерінің клипінен кейін танымал бола бастады. YouTube хостингіндегі роликті 4 күнде 146 мың адам көрген. Ал қазірде дәл осы ролик 1,976,296 мың рет қаралған. Jokeasses өкілдері түсірген әннің сөзін жазған жас композитор Болат Нұрымов. Бірақ халыққа кеңінен тарап кеткен ән авторы үстіміздегі жылдың 25-ші қарашасында мезгілсіз өмірден өтті.
- Ернар Айдар - «Күнім сен сөнбеші»
Ернар Айдардың «Күнім сен сөнбеші» бейнебаяны 2017 жылдың шілдесінде жарыққа шығып, қазірде 13,744,108 рет қаралған. Клипте табиғат аясында серуендеген қос ғашықтың бір-біріне деген сүйіспеншілігі бейнеленеді.
- Ерке Есмахан – «KZ жігіт»
Ерке Есмаханның «KZ жігіт» атты бейнебаяны да желі қолданушыларының назарынан тыс қалмаған. Бүгінге дейін ол 7,775,619 рет қаралған екен.
- Айқын - «Сені сағындым»
Үстіміздегі жылдың қаңтарында Айқын Төлепберген танымал актриса Гүлназ Жолановамен бірігіп түсірген бейнеклип жарық көрді. Ән жастар арасында едәуір танымал бола бастады, себебі клип белгілі бір оқиғаға құралған. Бейнеклип қаһармандарының шынайы махаббатын паш етеді. Қазіргі кезе бейнебаян 2, 774, 760 рет қаралған.
- Қайрат Нұртастың 2017 жылғы ән жинағы
2017 жылы әйгілі әнші Қайрат Нұртастың хитке айналған әндері бір емес бірнеше. Жыл басынан бері әншінің: «Жүрегіңнен бір орын бер», «Шыдаймын», «Жүрегім сен келгелі бақытты», «Қайран күндер», «Үміт үзбе», «Мені бағалы», «Жаздың кеші» атты әндері жарыққа шыққан.
- Нурболат Абдуллин – «Сен қорқақсың»
Нурболат Абдуллинді жұрт аса қатты біле бермесе де, «Сен қорқақсың» әні көп жерде айтылып, ел арасына таралып кетті. Биыл сәуірде жарияланған бейнеклиптің қазіргі қаралымы 8,353,127.
- Айдана Меденова – «Ұмыт»
Қаңтардың соңында жарыққа шыққан Айдана Меденованың «Ұмыт» әні де жастар тыңдайтын ән тізімінің қатарында болғанына шүбәміз жоқ. Сұлу да сүйкімді Айдананың бейнеклипі 95, 915 рет қаралған.
- Төреғали Төреәлінің әндер жинағы
2017 жылы Төреғалидың да бірнеше әндері жарыққа шығып, көрерменге жол тартқан еді.
- Руслан Сәтенов – «Апа»
Руслан Сәтеновтың маусымда әзілкеш Жұлдызай түскен «Апа» әнінің бейнебаяны 11,812,106 рет қаралған.