2017 жылы Қазақстанның саяси сахнасында қандай маңызды өзгерістер болды? Келер жылда елдің саяси өмірінде қандай өзгерістер бар? Үкімет шұғыл түрде шешуі қажет мәселелер бар ма? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын саясаткер Әміржан Қосановқа қойған едік.
— 2017 жыл Қазақстанның саяси өмірі үшін қандай жыл болды?
Әр жылдың өз келбеті, анықтауыш оқиғалары, қазіргі сленгпен айтқанда, өз трендтері болады. 2017- жыл да ол белгілерден кенде болған жоқ.
Негізгі тренд – биліктің олигархтардың мүддесін қорғап, қызмет атқаруы бұл жылы да жалғасты. Салық заңнамасындағы қазбалы байлықтарды сатып, байып жатқан олигархтардың жеңілдіктері жойылмады. Жақында ғана Қарағандыдағы «Арселор Миттал» компаниясының кеншілерінің ереуілі кезінде шенеуніктер мен сот кімнің жағында екенін ашықтан-ашық көрсетті! Облыс әкімі мен профильды министр Митталдың қолбаласы секілді шапқылап кетті емес пе?! Немесе осы жыл жеке банктерге мемлекеттік бюджеттен (яғни қарапайым халықтың қалтасынан!) триллиондаған теңге қарыжылық көмек көрсетілді. Егер де ол жеке банк болса, өз күнін өзі көрмей ме? Болмаса, мұнай барондарының сойылын соғып келе жатқан үкіметтің саясатының арқасында «қара алтынның» үстінде отырған Қазақстан бір күннің ішінде «бензин безгегіне» шалдығып қалған жоқ па?
Бұл дегеніңіз – билік пен капиталдың бір-бірімен біте қайнасуы деген экономикалық терминнің ең тамаша иллюстрациясы! «Қара халық бір жақ, қыңыр билік – бір жақ» өмір жалғасып жатыр!
Мұндай біржақты саясат қоғам өмірінің басқа салаларына да – әлеуметтік, қоғамдық-саяси - өз әсерін тигізіп жатыр.
—Жақында шенеуніктердің қызметі ауысты. Үкімет басындағы ауыс-түйістер Қазақстанның саяси өміріне қалай әсер етеді?
Мұндай жағдайда «қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгермейді» деген жаттанды боп кеткен сөзді айтуыма тура келіп тұр.
Мұның бәрі – саяси емес, арифметикалық қадамдар, яғни жүйенің ішіндегі бір шенеуніктің басқа бір шенеунікпен орын ауыстыруы ғана. Бұндай кадрлық шешімдерден аса үлкен жаңалық күтудің өзі ыңғайсыз, өйткені олардың бәрі – жүйе айтқанды екі етпей орындайтын солдаттар ғана. Нағыз режиссерлар телекамера мен БАҚ назарынан тыс қалып жатқан сияқты!
Соңғы тағайындаулар сот, прокуратура, жемқорлықпен күрес органдарына қатысты болды. Мұның өзі ол саладағы шынайы реформа жүргізу үшін емес, постназарбаев кезеңі қарсаңында кланаралық компромистің бір белгісі деп білемін. Бәлкім, осы ауыс-түйістерден кейін біз жаңа сенсациялық, бұрын-соңды естіп көрмеген қылмыстық істердің куәсі боп қалармыз: кландардың бір-біріне жинаған компроматтары да сейфтеріне сыймай жатқан болар.
—2017 жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы жағдай ушыққан еді. Келер жылы әрі жаңа президенттің келуімен екі ел арасындағы саяси жағдай жақсарады деп айта саласыз ба?
Әрине, президент Атамбаевтың Қазақстандағы жағдайға қатысты сыны біраз дүрбелең туғызды. Меніңше, кінә алдымен біздің билік жағында. Көрші елдің президенттігіне таласып жатқан кандидаттың бірімен емес, бәрімен кездесуі керек еді! Сонда Атамбаевтың атой салуына сылтау бермес едік. Өзіміз кінәліміз.
Әрине, оның ең алғашқы сөзіндегі сыны шындыққа жанасып жатты (әлбетте, бір президенттің екінші елдегі жағдайға қатысты сын айтуы дипломатиялық протоколға жатпайтыны тағы бар). Бірақ уақыт өте, ол бас жаққа барысып, тым артық кетті. Сонысы дұрыс болмады.
Біздің жақ та аянып қалмады, бірден шекарадан бастады, бейресми санкциялық тосқауылды құрып тастады, оның арты экономикалық соғысқа ұласып кете жаздады.
Бірақ, президенттер келеді, кетеді, ал екі халық бір-бірімен мәңгі туыс, көрші, дос боп қала бермек!
Сондықтан да екі туысқан мемлекет өз арасында туындаған келіспеушікті еңсеріп, бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. Жақында қырғыздың жаңа президенті Астанаға келіп кетті, жағдай түзеліп бара жатқан сияқты. Бірақ та, оның алдымен Ресей, Өзбекстанға баруы біздің билік басындағыларға біраз ой салуы тиіс.
—Қытайдағы этникалық қазақтарға қысым көбейгені туралы ақпарат желдей есіп жүр. СІМ министрлігі неге үнсіз? Екі ел арасындағы саяси жағдай ушықпауы үшін бе?
Әрине, Қытай – өзімен кез келген мемлекетті санасуға мәжбүрлейтін әлемдік держава. Мұндай алпауытпен көрші болудың өзі әрбір елге сын. Ондай геосаяси мәртебе өзіндік жауапкершіліктер мен шектеулер жүктейді. Дипломатиялық протокол деген тағы бар.
Бірақ, бір нәрсе айқын: дүние жүзінің қай түкпірі болмасын, өз қандастары қысым көріп жатса, өзін сыйлайтын кез келген мемлекет оларды қорғап, ресми дауысын шығаруы тиіс! Меніңше, Қытай билігінің тиісті назарын аударып, заңсыздықты болдырмау үшін жасалатын әдіс-амалдар жеткілікті. Тек оған тиісті саяси ерік-жігер, ұлтшыл мінез керек!
—Сіздің ойыңызша 2017 жылы Қазақстанның саяси өмірінде болған үш маңызды оқиға?
Саяси өмірдегі бір басты оқиға – кезінде президенттің өзі айтқан, билік тармақтарының өкілеттіктерді қайта үлестіру, президент, парламент және үкімет арасындағы өркениеттік тепе-теңдікті қалыптастыру идеясы болды. Конституцияға тиісті өзгерістер енгізілді. Бірақ, өкінішке қарай, олар түбегейлі, түпкілікті болмады, тиіп-қашқан, ішінара ғана, болмашы өзгерістерге жол ашты. Нақты саяси өмірде олар тіпті байқалмай қалды да!
Екінші оқиға шынымен де тарихи болуы мүмкін еді. Мен осы жылы аталып өткен Алаш қозғалысының 100 жылдығы туралы айтып отырмын. Өкінішке қарай бұл дата лайықты деңгейде аталып өтпеді, жетім қыздың тойындай өтті. Құдды биліктегі біреулер Алаш атын бар дауысын шығарып атауға ыңғайсызданып, не бата алмай отырған сияқты.
Ал шын мәніне келсек, дәл осы дата бүкіл халыққа, оның ішінде ұлттық саясатқа жаңаша серпін беретіндей ұлттық деңгейде аталып өтуі тиіс еді! Өкінішке қарай, олай болмады.
Үшінші оқиғаның астары заңдарға енгізілген екі бапта жатыр. Біріншісіне сәйкес, ендігі жерде Қазақстан азаматтары президенттік сайлауға өз-өзін ұсына алмайды. Ол тек қана партияның құқы боп отыр. Екіншіне сәйкес, кез келген жемқор шенеунік туралы жеке ақпарат жариялау үшін енді БАҚ ол адамнан ресми түрде рұқсат алуы тиіс!
Міне, осы екі бап бүгінгі биліктің шынайы бет-әлпетін ашып қана қоймай, оның алда келе жатқан транзит кезеңінде болуы мүмкін қоғамдық кланаралық қауіп-қатерден қорқатынын көрсетіп отыр!
Бірақ, заңдар мәңгі емес қой, қажет кезінде бұл баптар бір сәтте өзгере салуы мүмкін!
—2018 жылы Қазақстанның саяси өмірінде қандай өзгерістер болуы мүмкін?
Билік алдында шұғыл түрде шешуі тиіс үш маңызды мәселе тұр.
Алғашқысы, елде орын алып, жылдан жылға ушығып бара жатқан экономикалық жағдай. Өмір сүру күннен күнге қиындап барады. Шағын және орта бизнес тұралап қалды. Девальвация мен коррупция оның түбіне жетті. Сондықтан да көп кешіктермей, келесі жылдарға қалдырмай, экономикалық реформаларды қолға алу керек! Әйтпесе, экономикалық коллапс болуы әбден мүмкін!
Екіншісі әлеуметтік саясатқа тікелей қатысты жәйт. Қазір бұл сала екі аяғымен ақсап тұр! Биліктің болса, күркіреуі күшті, жауары аз. Байқасаңыз, үкіметтің өзінде әлеуметтік салаға жауапты вице-премьер де жоқ! Қарағанды кеншілерінің ереуілі – ол ел ішінде жылдар бойына шешілмей жатқан проблемалардың бір шеті ғана. Әңгіме лайықты еңбекақыдан басталды. Ал біздің басқа салалардағы мамандық иелері лайықты жалақы алып отыр деп кім айта алады? Міне, қарап отырсаңыз, көрпеңе қарап көсіл демекші, бюджет қаржысының жұмсалуының басты бағыттарын түбегейлі қайта қарау керек! Және де оның әлеуметтік бағыты күрт өсуі - уақыт талабы! Осы бетбұрыс дәл осы 2018-жылдың еншісінде болуы тиіс. Әйтпесе, кеш болады.
Үшінші мәселе алда келе жатқан постназарбаев кезеңіне транзитке қатысты. Қазіргі билік жүйесінің сырты бүтін, іші – түтін. Бір сөзбен айтқанда, қайсы «кланның өкілі мұрагер болады?» деген ең басты сауал төңірегіндегі бітіспес, ымырасыз тартыс! Осы соғыс елге өз салқынын тигізбесе екен, өйткені жеме-жемге келгене олар небір құйтырқыларға, саяси арандатуларға баруы әбден мүмкін!
Ол үшін осы бастан билік тармақтарының шынайы тепе-теңдігін құрып, ертең елдегі билікті бір адам немесе бір клан басыбайлы иемденіп, озбырлықпен басып алуына тосқауыл қоюымыз керек! Билік осы туралы мықтап ойлануы тиіс!
Сұхбаттасқан: Әсем Әлмұханбет