Ішкені алдында, ішпегені артында, не кием, не жеймін деп қам жемейтін отбасылық өмірді көбі аңсайтыны рас. Шалқып өмір сүретін ықпалды әулеттер тізімін Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады. Тізімдегі азаматтардың лауазымды қызметке тұруына «көкелері» көмектесті ме, әлде өз еңбектерінің арқасында табысқа жетті ме? Әйтеуір елімізді үрім-бұтағымен бірге «басқаратындар» көп.
Нығматулиндер отбасы:
Нығматулин Арғын Зайроллаұлы. 1955 жылы 28 маусымда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Қарағанды политехникалық институтын, Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Техника ғылымдарының кандидаты, Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Республикасы спортының құрметті қайраткері.
«Құрмет» орденімен, медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қарағанды облысы әкімінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған.
Нығматулин Ерлан Зайроллаұлы. 1962 жылы 31 тамызда Қарағанды қаласында туған. Қарағанды кооперативтік институтын экономист, ал Ресей-Қазақстан Қазіргі заманғы Гуманитарлық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. ҚР Парламенті Мәжілісінің II - III - IV шақырылымдарының депутаты болған. ҚР Парламенті Мәжілісінің III - IV шақырылымында Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің Төрағасы болып сайланған. «Құрмет» (2006), ТМД ПАА «Достастық» (2008) ордендерін, бес медальмен, соның ішінде «Шапағат» (2001) медальімен марапатталған.
Нығматулин Нұрлан Зайроллаұлы. 1962 жылы 31 тамызда Қарағанды қаласында туған. Мемлекет және қоғам қайраткері. Саяси ғылымдар докторы. ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы.
ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев орденінімен, II дәрежелі «Барыс» орденімен, «Құрмет» орденімен марапатталған.
Мырзахметовтер отбасы:
Мырзахметов Асқар Исабекұлы. 1962 жылы 1 қазанда Шымкент қаласында дүниеге келген. Алматы зооветеринарлық институтында, Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасында, Қазақ менеджмент және маркетинг институтында білім алған.
«Нұр Отан» партиясы төрғасының бірінші орынбасары, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты. 2009 жылы ОҚО-ның әкімі болып тағайындалды. 2016 жылы 6 мамырда ҚР Ауыл шаруашылық министрі болып, 2017 жылдың 17 желтоқсанында бұл қызметтен босады.
2018 жылдың 18 қаңтарында Асқар Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі атанды.
«Құрмет» және «Достық» орденімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальімен марапатталған.
Мырзахметов Абылай Исабекұлы. 1969 жылы ОҚО-да дүниеге келген. Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің экономика факультетінде білім алған. 47 жасында «Концерн Алтын Алма» акционерлік қоғамының қаржы директоры болып тағайындалды. 2001-2002 жылдар аралығында ҚР Көлік және коммуникация министрі қызметін атқарды. Қазір Абылай Мырзахметов – Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы. Айта кетейік, Абылай Мырзахметов Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің тізімінде 26-орында тұр.
Мусиндер отбасы:
Мусин Аслан Есболайұлы. 1954 жылы 2 қаңтарда Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Айта кететін болсақ, институтты бітірісімен Ақтөбе санақ басқармасының Есеп орталығында өз мамандығы бойынша түрлі лауазымды қызметте жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды. 2008-2012 жылдар аралығында ҚР Президенті әкімшілігінің жетекшісі. Аслан Мусин II және III дәрежелі «Барыс» орденімен, «Құрмет», «Достық» орденімен, «Астанаға 10 жыл» және «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған.
Мусин Асылбек Асланұлы. ҚР Президенті әкімшілігінің бұрынғы басшысы Аслан Мусиннің ұлы Асылбек Мусин 1979 жылы дүниеге келген. Асылбек Мусин АҚШ-тың Бостон қаласындағы Масачусетс университетіне оқуға түскен. Алайда ол оқу орнын аяқтамай, тастап кетті. Ашық дереккөздердің ақпаратына сүйенсек, 2003-2005 жылдар аралығында Сирияда діни бағытта білім алған. Ағылшын, араб тілдерінде еркін сөйлеген.
Асылбек Мусиннің діни көзқарасына байланысты түрлі пікір айтылады. Ол Қазақстандағы құраншылар ағымының негізін қалаған деседі. Асылбек Мусин 2007 жылдан бастап Қазақстан құраншыларының «Ізгі амал» қоғамдық бірлестігін басқарған. Кейін бұл ұйым ҚМДБ тарапынан сынға ұшырап, діни секта ретінде танылды. Бұл ұйымның жұмысын жүргізуге АҚШ пен Ұлыбританиядағы қаржылық топтар демеушілік жасады деген сыбыс бар. Асылбек Мусин өзінің «Құранда намаз туралы сөз жоқ, намаз оқу парыз емес» деген секілді уағыздарымен ел есінде қалды. Еске сала кетейік, желтоқсанның 23-нен 24-не қараған түні Асылбек Мусин Ригада қаза тапты.
Әбдікәрімовтер отбасы:
Әбдікәрімов Оралбай Әбдікәрімұлы. 1944 жылы Қарағанды облысы Нұра ауданында дүниеге келген. ҚР Парламенті Сенатының депутаты. Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдап, еңбек жолын шопандықтан бастаған. Әскери теңіз флотында Отан алдындағы борышын өтеген. Қазақстан Республикасының парламентіне 10 жыл медалімен, II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған. Нұра ауданының құрметті азаматы, Кореядағы Кьен университетінің құрметті профессоры, Мәскеу мемлекеттік Лингвистика университетінің құрметті профессоры атағын алған.
Әбдікәрімов Сержан Оралбайұлы. 1976 жылы 11 мамырда Қарағанды қаласында дүниеге келген. 1998 жылы Алматы мемлекеттік университеті мен ҚР СІМ Дипломатиялық академиясында халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алған. 2015 жылы Сержан Әбдікәрімов мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР-ның Чех Республикасы мен Словак Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
Әбіқаевтар отбасы:
Әбіқаев Нұртай Әбіқайұлы. 1947 жылы 15 мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. С.М. Киров атындағы Орал политехникалық институтын (1970) инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Алматы жоғары партия мектебінде, РФ Президентінің жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясында оқыған. Нұртай Әбіқаев – мемлекеттік қайраткері, инженер-механик, генерал-майор (1998), экономикалық ғылыми докторы. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев», «Парасат», «Достық» орденімен, «ҚР Парламентіне 10 жыл» медалімен марапатталған.
Нұртаев Сергей Нұртайұлы. 1974 жылы 6 қарашада дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін юриспруденция мамандығы бойынша тәмамдаған.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің үшінші хатшысы, 2002-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігінің үшінші хатшысы, 2004 жылдың наурыз айынан Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулы болып қызмет атқарған. 2009 жылдан бастап Қазақстанның Грекиядағы Төтенше және өкілетті елшісі;
2015 жылдан бастап Мемлекет басшысының Жарлығымен Сергей Нұртайұлы Нұртаев ҚР-ның Грекия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылып, ҚР-ның Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
Қасымбектер отбасы:
Қасымбек Махмұд Базақұлұлы. 1952 жылы 2 тамызда Жамбыл облысы Шу қаласында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ педагогика институтының математика факультетін, Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономикалық факультетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептен бастады. Махмұд Қасымбеков 100-ден астам ғылыми мақала жариялаған. Ол – 20-дан астам кітаптың авторы және құрастырушысы.
1990 жылдан ҚР Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппаратының, кейіннен Мемлекет басшысының Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі болды.
1996 жылдың наурызынан, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің басшысы қызметін атқарды.
Махмұд Қасымбеков – саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор.
Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», ІІІ дәрежелі «Барыс», «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
Қасымбек Жеңіс Махмұдұлы. 1975 жылы 7 мамырда Жамбыл облысы Шу қаласында дүниеге келген. ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының сәулеттік орта дизайн факультетін, Еуразия университетінің мемлекеттік және муниципалдық басқару ісі факультетін бітірген.
Әр жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелістікті қорғау жөніндегі агенттіктің темір жол көлігі және порттар бөлімінің басшысы, Үйлестіру және тарифтік саясат департаментінің тарифтік саясат бөлімінің басшысы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Су көлігі департаментінің директоры, «Ақтау халықаралық теңіз порты» РМК директоры лауазымдарын атқарды. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі болып тағайындалды.
Қасымбек Ардақ Махмұдұлы. 1977 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, Business School of City University of London оқу орнын бітірген.
2014 жылы Ардақ Қасымбек «ҚазТрансОйл» АҚ директорлар кеңесiнiң басшысы болып тағайындалды. Былтырға дейін "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясының қаржы директоры болып қызмет атқарған.
Алтынбаевтар отбасы:
Алтынбаев Мұхтар Қапашұлы. 1945 жылы 10 желтоқсанда Қарағанды қаласында дүниеге келген. Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Совет Одағының Маршалы Г.К. Жуков атындағы Әскери командалық академиясын бітірген. Еңбек жолын Қарағанды қаласындағы шахтадан бастады. 1966-1999 жылдар арасында ҚР Қорғаныс министрі болды. Мұхтар Алтынбаев – саяси ғылымдар кандидаты, армия генералы. 2010 жылдан 2017 жылға дейін ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып қызмет атқарды.
Кезінде Мұхтар Алтынбаев АҚШ авиациялық базаларының бірінде атақты F-16 жойғыш ұшағымен ұшу өнерін көрсеткен. Америка мамандары Мұхтар Алтынбаевтың кәсіби шеберлігіне жоғары баға берді.
Мұхтар Алтынбаевқа ҚР Президентінің 2006 жылы 6 мамырдағы Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді және «Халық Қаһарманы» Алтын жұлдызы мен «Отан» ордені табыс етілді.
Алтынбаев Мүсілім Мұхтарұлы. 1966 жылы 19 қаңтарда дүниеге келген. 1983 жылы орта мектептен кейін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясын, Ставрополь жоғары авиациялық ұшқыштар және штурмандар училищесін, ҚР ҰҚК институтының курсын, РФ ҚМ Әскери- дипломатиялық академиясын, АҚШ Қорғаныс лингвистикалык институтының ағылшын тілі курсын бітірген.
2017 жылы Мүсілім Мұхтарұлы Алтынбаев ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды.
Оставить комментарий