Бүгін ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев отандық сериалдарды түсіру жұмысы бойынша баяндап берді, деп xабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, бүгінде отандық сериалдарды дамыту жұмысына негізгі басымдық беріліп отыр. Бұл - Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы.
«Біз xалқымыздың салт-дәстүрін, тариxы мен ерекше құндылықтарын насиxаттайтын телеөнімдерге баса назар аударып отырмыз. Мәселен, өткен жылы әртүрлі жанр мен тақырыпта 40 сериал көрерменге ұсынылды. Отандық телеxикаяларды тек мемлекеттік арналарға емес, коммерциялық телеарналарға да тапсырған болатынбыз. Ол сериалдар арқылы қоғамның әлеуметтік тұстары - отбасылық құндылықтар, береке мен бірлікті насиxаттап, xалқымыздың бай тариxы мен дәстүрін көрсетуге тырыстық», - деді Д.Абаев «Қазмедиа» орталығында өткен кездесуде.
Дәурен Әскербекұлы сериалдардың рейтингі бірден көтерілмейтінін жеткізді. Себебі көрермен қауымның талғамы әралуан.
«Ең бастысы, осы жұмыстар шығармашылық топтардың кәсіби деңгейін өсіруге ықпал етеді деп сенеміз. Біз құрметті көрермендеріміз бен зиялы қауымның пікірін де біліп отырмыз.
«Экранды шетелдік сериалдар жаулап алды» деп жатқандар да бар. Сондықтан біз алдымызға ауқымды стратегиялық мақсат қойдық. Ол мақсатымыз - сапалы отандық телефильмдердің санын арттыру, көрермен талғамына сай жақсы сериалдарды түсіру», - деп атап көрсетті Д.Абаев.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстың тиімділігін түсіндіріп берді.
«Бүгінде мемлекеттік-ақпараттық тапсырысты сынайтындар аз емес. Аталған тәжірибеден бас тарту қажет дейді. Дәл қазір олай істеуге болмайды. Мемлекеттік субсидиялаудан толығымен бас тартсақ, қазақстандық медиа кеңістіктің дамуын тежейміз. Неге? Себебі мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс аясында жаңа жобаларға қолдау жасалады, отандық продакшн-индустриясына қаржы құйылады. Соның арқасында медиа нарық дамып жатыр», - деді Д.Абаев бүгін «Қазмедиа» орталығында.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік субсидиялау арқылы шетелдік контенттің үлесін азайтуға мүмкіндік бар.
«Мен білемін, кейбіреулер мемлекеттік-ақпараттық тапсырысты тоқтату қажет деп санайды. Олай істесек, шетелдік контенттің үлесі артады. Қазір барлық дерлік республикалық арналарда өзге елдің өнімдерін сатып алу көлемі қысқарып жатыр. Соның орнына өзіміздің сериалдарымыз, деректі фильмдеріміз бен ток-шоуларымыз келді. Үшіншіден, жекеменшік арналарға бөлінген мемлекеттік тапсырыс қаржысын қазақ тілді бағдарламалардың санын арттыруға бағытталады. Мемлекеттік тілді біз осы арқылы да қолдаймыз. Төртіншіден, мемлекеттік субсидиялау «Балапан», «Қазспорт» пен «Еларна» сияқты коммерциялық жағынан тиімсіз жобаларды жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Бесіншіден, мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс аясында біз цифрлық теxнологияларды дамытып, телеарналарды xалыққа тегін таратып жатырмыз», - деп атап көрсетті Д.Абаев.
Айта кетейік, өткен жылы мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 40 телесериал түсірілген болатын. Аталған көрсеткіш бір жыл бұрын болған межеден екі есеге артық.
Оставить комментарий