Алматы саябақтарына биіктігі 50 см болатын қызғалдақтың жаңа түрі - «Президент Назарбаев» гүлдері отырғызылды.
Жаңа сұрыпты голландиялық селекционерлер 2014 жылы шығарған және Нұрсұлтан Назарбаевтың Нидерландыға сапары барысында таныстырған.
Арада төрт жыл өткен соң, Елбасының есімімен аталатын жаңа сұрып Алматының Орталық және Тұңғыш Президент саябақтарына орнатылды.
«Бұл сұрып өте төзімді, сабақтары берік әрі биік, жапырағы толқынды болып келеді. Грейг қызғалдағына ұқсайды, бірақ таңбалары жоқ. Қауызы лалагүл тәрізді және ортасы қара емес, сары. Иісі де өзгеше», - деді Жас натуралистер стансысының директоры Зейнеп Аришева.
Ерекше сұрыпты сатып алу, өсіру және күтіп-баптау жұмыстарын жеке компания әкімдіктің қолдауымен жүзеге асыруда.
«Қазір Алматының Орталық және Тұңғыш Президент саябақтарына 5 мың қызғалдақ отырғыздық. Нидерландтық селекционерлермен келісімшарт орнатылды, біз олардың өкілдері болып саналамыз», - дейді «Гринлэнд» ЖШС директоры Гүлзада Қалдыбаева.
Мамандардың айтуынша, қызғалдақтар екі апта бойы гүл ашып тұрады. Одан кейін алматылықтар бұл гүлдерді келесі жылы ғана тамашалай алады.
«Қазір екі саябаққа гүлерді көбірек отырғызып, 100 мыңға дейін жеткізуіміз керек. Содан кейін ғана бұл сұрыпты сатылымға шығара аламыз. Өкінішке қарай, пиязшықтардың 30% ғана көбеюге қабілетті. Келесі жылы тағы да сатып алып, гүлдер санын көбейтеміз», - деп түсіндірді Гүлзада Қалдыбаева.