Алматыда «Халық жүрегіндегі жауынгерлер» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті

/uploads/thumbnail/20180526093831783_small.jpg

Халық жүрегіндегі жауынгерлер. Алматының мемлекеттік орталық музейінде Ұлы Отан соғысының 73 жылдығына арналып қайырымдылық шарасы өтті. Алматылық жастар тыл ардагерлерімен кездесіп, әскери өмір туралы әңгіме тыңдауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ оқушылар «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» экспозициясымен танысты. Мақсат - жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу. Себебі, елжанды ұрпақ қана «Мәңгілік ел» идеясының мәнісіне жіті үңіледі.

«Үлкен-кіші барлығы ат салысты. Әскер жасындағылар майданға аттанды. Ал енді еңбек жасындағылар еңбекпенен айналысты. Мысалы біз сияқты балалардың өздері аздап мектеп арқылы еңбекке араласты», - деді тыл ардагері Төлеубай Жұмасұлтанов.

Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай «Халық жүрегіндегі жауынгерлер» қайырымдылық шарасы өткізілді. Тағылымы мол кездесуге Алматы қа­ласында тұратын соғыс және тыл ар­дагерлері қатысып, қасіретті күндердің ауыр естеліктерін әңгімеледі.

Шараны ашқан музей дирек­торының орынбасары Бейбітқали Қақабаев Жеңіс күнін жас ұрпаққа ұлықтаудың тәрбиелік мәні зор екеніне баса мән берді. «Жеңіс күні – жан аямай елін қорғаған ержүрек батыр­ла­рымызды еске алу мерекесі. Асау уа­қыт тізгінін ауыздықтай алмайсың – жылдан-жылға адамзаттың басына алапат қасірет түсірген зұлмат соғыс жайлы баяндайтын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады. Ардагерлермен жүздесу өскелең ұр­пақ­тың еліміздің өткен тарихын тереңі­рек зерделеуіне ықпал етіп, олардың бойында азаматтық сана-сезім, қа­зақстандық потриотизмді қалып­тастыру, отансүйгіштікке, қашанда ел мүддесіне қызмет етуге лайық болуға тәрбиелеп, ардагерлерге құрмет көр­сетіп, алғыс сезімін білдіруге мүмкіндік бере­ді» деді ол. Қала мектептерінен арнайы келген бүлдіршіндер қарияларға гүл шоқтарын ұсынып, Жеңіс күніне арналған өлеңдерін оқыды. Мерекелік шара Ұлттық Қауіпсіздік комитеті шекара қызметі академиясының сарбаздары, Корей мәдени орталығы, «Аяжан» медицина колледжі өнер­паздарының, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы артистерінің орындауындағы мерекелік концертке ұласты. Жастарды ерлік рухта тәрбие­лейтін патриоттық әндер шырқалды. Сондай-ақ қайырымдылық іс-шараға демеушілік көрсеткен кәсіпорындар ардагерлерге толымды тарту-таралғы­ларын ұсынды. Қайырымдылық бағытқа ден қойған шара ұйымдас­тырушылары мұндай жүздесулерді тек мереке күндері ғана емес, ұдайы өткізіп тұруға ниетті екендіктерін білдірді. Кездесуге келген майдангерлер мен тыл ардагерлері өздеріне көрсетілген сый-құрметке ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, жиналған қонақтар музейдегі «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» экспозициясымен кеңірек танысып, жылдар жыл­намасына, сұрапыл соғыс тарихына бір сәт үңілгендей болды.

Связанные Статьи