20 жылдық мерейтойы тойланатын Елорданы көркейту мақсатында 2 маусым күні Астанада алғаш рет тұрмыстық қалдықтарды қабылдауға арналған #Экологиялық Асар өтеді. Экологиялық шараға кез келген қала тұрғыны қатыса алады. Ең бастысы қайта өңдеуге келетін тұрмыстық қалдықтарды өзіңізбен ала келсеңіз болғаны. Экологиялық шараға белсенді қатысып, олжалы бол!
ЭкоАсарға қатысу үшін:
1. Макулатура, пластик, шыны бөтелке, батарея, сынапты шам, істен шыққан электр және электронды техникалар жоюға қабылданады.
2. Экологиялық шараға белсенді қатысып, қайта өңдеуге қалдық өткізгендер арасында арнайы сыйлықтар ойнатылады.
3. Сонымен қатар, ЭкоАсарға келген тұрғындар мен қала қонақтары арасында векториналық сұрақтар қойылып, сыйлықтар үлестіріледі.
4. ЭкоАсар аясында Қазақстан шоу-бизнесінің жарқын жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
5. Өтетін орын: Иманов көшесі 9, «Қазақстан» спорт сарайы алаңы.
6. Өтетін уақыты: 2 маусым. Сағат 11:00-17:00
Қоршаған ортаны қорғауға әрбір қазақстандық үлес қоса алады!
Айта кететін болсақ, Күн сайын Астана аумағынан 1,2 тонна қатты қалдықтар шығарылады. Оның ішінде ең көп тараған түрі пластикалық өнімдер – пакеттер, шөлмектер, бір реттік асхана құралдары.
Күн сайын Астана аумағынан құрылыс қоқыстарын есептемегенде 800-1000 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады. Барлығына белгілі, пластик 500 жыл жарамды болады. Әрине, егер оны қайта өңдемеген жағдайда. Егер табиғи түрде шірісе, әлем пластиктің астында қалар еді. Сол себепті осы мақсатта бірнеше дамыған елдерде сауда кезінде полиэтилен пакеттерді қолдануға шектеу қойылған. Кейбір мемлекеттерде суды сақтау және тасымалдау өндірісінде қолдануға рұқсат етілмеген. Осындай шаралармен әлем төніп тұрған «пластикалық аурудан» арылуға тырысуда.
Қазақстанның экологиялық ұйымдары басқармасының басшысы Айгүл Соловьева еліміз қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты көптеген тұжырымдамалық құжаттарға ие екендігін айтады. Оның мәліметінше, қазірге қалдықтардың 5 пайызын ғана өңдеп отырмыз. Дүние жүзінде бұл мәселеде 162 елдің ішінде 39-шы орында көрінеміз. Қысқасы, ҚТҚ тиімді қайта өңдеу бойынша зауыттар мен технологиялардың болмауы, қоқыстарды бөлек жинау және сұрыптау жүйесінің дамымауы және оларды полигондарға бірыңғай салмақпен қоймалау эпидемиологиялық қауіпті қалдықтар мен улы заттардың жиналуына алып келетіні аян. Нәтижесінде қоршаған ортаның ахуалы, сапасы тұрақты нашарлауда, ал табиғи ландшафтар қалпына келместей өзгерістерге ұшырауда. Ал Қазақстан «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды 50 пайызға дейін өңдеуге қол жеткізуі тиіс. Бұл көрсеткішке жету үшін мемлекет, бизнес пен қоғам бірікпесе, нәтижесі неғайбыл.