Мерейтойы өткен жылдың 10 желтоқсанында басталған Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында теңге ілу және аударыспақтан Азия чемпионаттары өтеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі ақпарат таратты. Айта кетсек Астана мерейтойына Астананың өзінде 630 іс-шара өтеді деп жоспарланған.
Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында маусым айының 1-2 күндері Астанада Теңге ілуден ІІ Азия чемпионаты, Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаты өткізілмек.
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық спортты дамыту бойынша арнайы мəжіліс өткізіп, байрақты бəсекенің дайындығын пысықтады. Мәжіліске ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев және чемпионаттардың өткізілуіне жауапты мекемелердің мамандары қатысты.
Қос бірдей халықаралық ұлттық спорт бәсекелерінде Азияның онға жуық мемлекетінің спортшылары бақ сынамақ.
«Осындау маңызды дата қарсаңында біздің ведомство мәдени шаралармен бірге, спорттық сайыстарды даярлап жатыр. 31 мамырдан 2 маусым аралығында сіздерді «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлері бойынша өте тартымды шаралар күтіп тұр. Атап айтқанда, теңге ілуден ІІ Азия және аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаттары өтеді», - деп мәлімдеді министр Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Аталған спорттық шараларға ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті өкілдерінің қатысуы жоспарланған.
«Теңге ілу жарысына 7 елден спортшылар келеді, яғни олардың арасында Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Моңғолия бар. Ал аударыспақ сайысына 9 мемлекеттік спортшылары елімізге сапарлайды. Шетел тарапынан осындай чемпионаттарға қызығушылық жоғары», - А. Мұхамедиұлы.
Оның атап өтуінше, теңге ілуден ІІ Азия және аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаттарының жалпы жүлде қоры - 14 000 000 теңге.
Естеріңізге сала кетейік, аударыспақтан I Азия чемпионаты 2014 жылы Астанада, II Азия чемпионаты 2016 жылы Қытайда өткен болатын. Ал теңге ілуден I Азия чемпионаты Астанада 2015 жылы ұйымдастырылды.
Мерейтой аясында Маусымнан қыркүйекке дейін Этноауыл мәдени кешені қайта ашылады, онда «Алпамыс», «Школа трапеции» атты театр-цирк шоуы ұйымдастырылады. Мерейтойға әлемнің жетекші шығармашылық ұжымдары мен ұйымдарының қатысуымен «Астаналар шеруі» атты ауқымды халықаралық жоба, танымал әртістер мен 20 елдің белгілі спортшылары қатысады. Жоба аясында әлемге әйгілі режиссер Тимур Бекмамбетовтің басшылығымен «Астана Опера» мен Дж. Пуччини «Турандот» Пекин ұлттық операсының бірлескен шығармалары өтеді.
Иә, қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл! Тарих үшін қас-қағым сәт. Бірақ мынау өзгерістер өлшемі көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан бүгінгі кезең үшін аз уақыт та емес сияқты. Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көлемімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты. Осыдан тура 24 жыл бұрын астананы ауыстыру идеясы алғаш жария етілгенде, бұл тым «ұшқары» пікірдің қаптаған қарсыластары түгіл, ат төбеліндей жақтастары да айналасы 20 жылдың ішінде ел кіндігі – Арқа төсінде осындай заманауи мегаполис бой көтереді деп ойламаған еді.