Qazcontent АҚ "Астананың 20 жылдығына" орай арнайы жобаны бастады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі
Енді Сіздер әр бейсенбі сайын Елордаға еңбегі сіңген түрлі сала өкілдерінің өмірлерін тамашалай аласыздар. Бұл туралы жоба тизерін бөліскен өкіл Олжас Беркінбаев әлеуметтік желіде хабарлады.
1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының астанасы - Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласы деп қайта атау туралы» Жарлыққа қол қойды. Яғни, осыдан 20 жыл бұрын Астана тарихындағы аса маңызды құжат жарыққа шыққан болатын.
Қазақстанның жаңа астанасының атауына қатысты мәселе ол кезде қоғамда үлкен пікірлер тудырған болатын. Жаңа елорданың атауына байланысты түрлі ұсыныстар әртүрлі деңгейде талқыға түскен еді. Алайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Астана туралы идеясы сол кездегі қалалық мәслихат депутаттарына ұсынылып, бұл бірауыздан қолдау тапты. Осынау тарихи күн жайында Президенттің өзі: «Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана!» деп еске алады. Осыдан соң Астана қаласында «Сарыарқа» және «Алматы» аудандары құрылды.
Шындығында Астана - ешқандай теріс мағынасы немесе басқа бір мәнмәтіні жоқ, нақты атау. Елбасы айтқанындай Астана халықаралық тілде де солай жақсы, кемкетіксіз естіледі. Еске салсақ, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын алды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі атанды.
Биыл Астанаға 20 жыл толады.