Астанадағы лифттерге қызмет көрсететін 69 компанияның барлығы тексеріледі. Бұл туралы қаладағы құрылыс сапасы туралы жиын барысында айтылды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтың айтуы бойынша бұл салада тәжірибесі жоқ компаниялардың "еркелігіне" жол беруге болмайды.
«Жыл басынан бері алты оқиға тіркелді, жақында екі бала лифтте қысылып қалды. Бұл проблема неге азаймайды? Саланы түгелдей бизнеске айналдырып жіберген. Бізде бұл сала бойынша 60-тан аса компания жұмыс істейді. Бізге берілген мәлімет бойынша олардың тек жартысында ғана қызметкерлер мен арнайы жабдықтар бар. Ал қалған компаниялар пәтер иелерінің кооперативтерімен келісім шартқа тұрады», - деді Астана әкімі.
Исекешевтің айтуы бойынша, әкімдік лифт компанияларының қызметін реттейтін заңға түзетулер дайындады. Заң күшіне енгенше, Астанада лифт бойынша қызмет көрсететін барлық компаниялардың жұмысы тексеріледі.
«Бұл компаниялардың жұмысын жүйелеу керек. Барлығында білікті мамандар жұмыс істеуі керек. Тұрғын үйлерде шамамен 4900 лифт бар. Қазір біз тексеріп жатырмыз. Бірақ тексерісті қатаң түрде жүргізуге тиіспіз. Прокоратурамен лифттердің жұмысын жіті тексеру үшін арнайы жоспары дайындап жатырмыз. Бұл сала тәжірибесі аз компаниялардың «еркелейтін» орны емес. Адамдардың қауіпсіздігі бірінші орынға қойылатын мәселеде тек қана білігі жоғары, сапалы қызмет көрсететін компаниялар жұмыс істеуі керек. Осы себепті әкім орынбасарларына, басқармаларға, өзге де органдарға қаладағы лифт бойынша компаниялардың жұмысын бақылауға алуды тапсырамын», - деп тапсырма берді Астана әкімі.
Лифттерде ақаулар пайда болып, мәселелер туындаған жағдайда ПИК пен компания басшылары жауапқа тартылатын болады. Ал іс материалдары құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Аталмыш жиында Әсет Исекешев барлық ПИК-ті 2018 жылдың желтоқсанына дейін тексеруді тапсырды.