Ұрпақ сезіне білсе, сұрапыл соғыс жарақаты көзі тірі куәгерлердің жүрегінен әлі жазыла қойған жоқ. Бомбалар жарылысы да, танктер гүрілі де, сатырлағани мылтықтар да, ауыр жаралылардың жан айқайы, әкесіз қалған сәбидің шырылдаған үні де тарихтың құлағында жаңғырып тұр. Ал, гүлдей құлпырған бүгінгі жастар үшін атыс-шабыстың арасында адасқан оқтың құрбаны болып, үйде күтіп отырған баласын әкесінен айырып тастай ма деген қорқынышпен өмір сүрудің де, келмеске кеткен адамнан зарыға бір хабар, хат күтудің де қалай екенін түсіну қиын.
Соғыс батырларының көбі қураған ағаштай келмеске кетті. Әйтсе де, ағаш қураса да, артында мәуелі орманға айналып тіршілік тынысын кеңейтетін өскіндерін қалдырады. Сол сұрапылдың бір куәгері - 1916 жылы Баянауыл ауданына қарасты Қызылтау өңірінде дүниеге келген Құндыкөл ауылының құрметті азаматы, соғыс және еңбек ардагері – Өскенбайұлы Қанаш Жанкелдин ақсақалдың өзі өнеге боларлық парасатты ғұмыр кешті.
Ер Қанаш 18 жасқа келгенде жылқышы болған әкесі дүниеден озады. 1929 жылдан бастап ерте есейген ол әлі де Кеңес үкіметі тырнағына ілінбеген байлардың бұзауы мен қозысын суарып, малын бағады. Қысқасы, басқа да барлық шаруасына құлдай жегіледі.
1928 жылы Ликбезге оқуға алынып, хат танитын хәлге жетеді. 1937 жылы Семей қаласында мұғалімдер даярлайтын институтта математика пәні бойынша 2 жыл оқиды. Алайда, 1939 жылы оқуын аяқтай алмай, қазан айында қызыл әскер қатарына алынып, Фин соғысына аттанады.
Кейіннен Ресей Федерациясының Сызрань қаласындағы әскери қалашықта үш жыл полктік мекепте оқып, атқыштар батальонында бөлімше командирі болып қызмет атқарады. Соғыста еліміздің шығысындағы авиациялық батальонды басқарды. Соғыстың аяқталалар тұсында командованиемен Маньчжурияға аттанған Қанаш атамыз тек 1946 жылдың маусым айында ғана туған еліне аман-есен оралады. Бұл кезде оның төрт ағасы бірдей майданда хабарсыз кеткен еді.
Жасынан зерек болған Қанаш Өскенбайұлы соғыстан қайтқан соң бірден бейбіт еңбекпен айналысып, қырық жылдай Екібастұз қаласында, Баянауыл ауданында ұстаздық етеді. Ұрпаққа сапалы білім беріп келген ағамыздың айтуы бойынша, әкесі Жанділдә үйдің ардақты азаматы, 1928 жылға дейін жылқы баққан білгір жылқышы болса, анасы Бірадарқызы Зейнеп ақылды, қайырымы мол, ел сыйлаған ардақты бәйбіше болыпты. Жеті ер бала мен төрт қыздың ең кенжесі болып дүниеге келіп, ес білгелі қара жұмыспен айналысқан айналысқан Қанаш балаларға өнегелі тәрбие беріп, өзінің соғыста көрген қиыншылықтары мен ерлігі жайлы көп әңгіме айтатын. 90 жастан асқанда да ширақтығынан танбай кеудесін тік ұстайтын. Оның ерлігі «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» орденін, «Финляндияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков», «Еңбек ардагері» және тағы басқа медальдармен марапатталған. Әйтсе де, өмір мәңгі емес... Жақсы адамдар келеді, кетеді... Бірақ, Ұлы жеңіс пен бейбітшілікті әкеліп, балалар санасына жылдар бойы білім мен патриоттық тәрбиені ұялатқан батыр бабамызды қалай ұмытамыз?! Жылдар жылжып өткенімен, мұндай ерлеріміздің болғанына деген мақтаныш көкірегімізде сайрап тұра береді. Мұндай адам – нағыз ер, ал, ер есімі ел есінде.
Ақерке Кәріпжан, Ахмет Яссауи атындағы №123-ші мектеп-гимназиясының оқушысы, Алматы қаласы.