Хакім Абай өзінің қарасөздерінде «Ғылым» деген сөзді 93 рет қолданыпты. Оныншы қара сөзінде «Ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ», - деп кесіп айтса, «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі», - дейді тағы бір Қара сөзінде.
Сөзді неге Абайдың ғылым туралы пәлсапасымен бастадық. Ел ретінде өзгеден кем қалмаудың қамы ғылым үйренбек екені ақиқат. Тәуелсіздіктің бұған дейінгі постсоветтік кезеңінде экономиканы аяқтан тұрғызамыз деп ғылымымызды кенжелетіп алдық. Тағы да данышпан Абайға жүгінсек, «Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек». Яғни, ендігі қам қазақ баласына ғылым үйрету болға тиіс. Бұл тұрғыда мемлекет әрекетсіз отырған жоқ. Аянып та қалмайды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биыл наурызда жариялаған «Бес әлеуметтік бастамасының» үшіншісінде «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» қажеттілігін айтады. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлау қажеттілігін алға тартқан Елбасы ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласының мамандары даярлаудың маңыздылығын басып айтады. «Біздің жастарымыз жаңа білімдерді меңгеруді, жаңа дағдыларды игеруді үйренді, олар алған білімдері мен үйренген технологияларын күнделікті өмірде тиімді пайдалана білулері тиіс» дейді президент. Қазақстан бұған дейін «Болашақ» бағдарламасымен талапты жастарды шетелде оқытуға назар аударса, енді, ел ішінде де айрықша көңіл аударылып отыр. Білім мен ғылымға жауапты сала Білім және ғылым министрлігі қаншалықты көңіл бөліп отырғанын қайдам, соңғы кездері Нұр Отан партиясы мықтап қолға алды.
Бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кітапханалар тек кітап оқитын орын ғана емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәрістер тұрақты өтетін, жастардың ғылыми жаңалықтар мен қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын нағыз білім орталығы болуы тиіс екендігін айтты. Әшімбаевтың ғылымға қамқорлығы бір бұл емес. «Нұр Отан» партиясы басшылығына тағайындала сала «Басты міндет - ел мүддесіне жұмыс істейтін, ХХІ ғасырдағы инновация мен жоғары технологияға негізделген заманауи партия құру» деді. Партияның бағдарын айқындады. «Нұр Отан» партиясы үшін «ғылым» сөзі науқандық жеңіл сөз боп қала салған жоқ. Наурызда өткен партияның IV съезінде панелдік сессияның бірі «Білім. Ғылым. Инновация» атты тақырыппен өтті. VR форматта өткен осы съезге Елбасының құттықтау хатында да білім туралы айтылды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламда мен ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы және таяу жылдарда қолға алуды қажет ететін міндеттерге ерекше назар аудардым. Солардың қатарында латын әліпбиіне көшу, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы, үш тілде білім беру сияқты міндеттерді елдік мүдденің жаңа деңгейі деп атап өтер едім.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауымда жаңа заман талаптарына бейімделу мен жетістіктерге жетудің жолдарын қарастырдым.
Күні кешегі халыққа үндеуімде де өзімнің бес әлеуметтік бастамамды ұсынып, оны жүзеге асырудың тиімді тетіктеріне тоқталдым.
Осының барлығында мен жастардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына ерекше көңіл бөліп, соған басымдық бердім», - деді президент.
Әшімбаев осы съездің ертеңінде Жамбыл облысының жастарымен кездесіп, тағы да ғылым туралы айтып, жастарды ғылым мен білімді игеруге шақырды. Осы тұрғыда партияның атқарған жұмыстары мен бастамаларын жеткізді.
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы таныстырылған да Әшімбаев «Жастарымыздың сапалы білім алуына тағы бір маңызды қадам жасалды. Енді әлеуметтік және гуманитарлық салада әлемдік шедевр саналатын әрі дүниежүзінің ең үздік оқу орындарында оқытылатын оқулықтарды қазақ жастарының өз ана тілімізде танып, білуіне даңғыл жол ашылды», - деген болатын.
Жаңа ақпараттық технологиялар ғасыры – XXI ғасырда «Нұр Отан» білім мен ғылым үйретуде жалаң ұранға салынған жоқ. Еліміз бойынша 1000 ІТ-сынып ашып, онда жылына 150 мың баланы оқытуды қолға алатынын жеткізді. Одан бөлек, партияның бастамасымен 20 ІТ-орталық ашылып, жылына 35 мың қазақстандық осы сала бойынша арнайы білім алмақ. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің FACEBOOK әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында «Бұл бағытта біз отандық кітапханалардың жұмысын трансформациялауды қолға алып отырмыз. Яғни, еліміздегі барлық кітапханаларды заманауи білім орталықтарына айналдыру үшін арнайы жобалар жүзеге асырылады. Кітапханаларда түрлі тақырыпта лекциялар ұйымдастырылып, еркін пікірталас алаңдары жұмыс істейді. Авторлық фильмдер көрсетіліп, ағылшын тілін үйрететін курстар ашу мүмкіндіктері де қарастырылады. Сонымен қатар бірыңғай онлайн-кітапхана жүйесін қалыптастырамыз», - деді. Яғни, IT саласы оқытылып, елдің түрлі шаруашылық кеңістігінде өз мамандарымыз жұмыс істейтін болса, кітапханаларымыз білім орталықтарына айналып, тіл де үйретіледі. Мәулен Сағатханұлы тіпті Мектеп асханаларына арналған бірыңғай стандарт дайындалғанын айтты. Астана қаласындағы №15 мектеп-лицейге арнайы барғанында тоқ баланың білімге құштарлығы бөлек екенін еске салды.
Бірінші маусымдағы "Нұр Отан" партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылған мәлімет бойынша бүгінде партияның тікелей бастамасымен еліміз бойынша 56 ІТ-сынып ашылып үлгерді.
Жастармен жиі кездесетін Әшімбаев «Жастарымыздың жарқын болашаққа деген талпынысы, олардың ел ертеңіне бей-жай қарамайтыны мені ерекше қуантады. Соған қарап елімізде инновацияға бейім, бәсекеге қабілетті, ғылымға, өнерге, спортқа құштар, азат ойлы жаңа буын қалыптасты деуге толық негіз бар», - дейді бір сөзінде.
Мемлекеттен қолдау болса, жастарда ынта болса, бастысы мемлекеттің білім жүйесі жаңарса, қара көздеріміз өзгелермен терезесі теңесіп, мәртебесі биіктеп, иық тіресіп сөйлесетін деңгейге жетсе, жастардың ғана емес мемлекеттік де мерейі үстем болып, іргесі беки түседі емес пе? Ғылым мен технологияны игеріп, цифрлануда озық бола білсек Мәңгілік ел деген сол шығар. Олай болатыны ешбір шендінің шекпені, ешбір елдің қоймасындағы алтыны мәңгілік емес. Қазақ «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» деген. «Білім жанып тұрған шаммен тең», «Білімнің басы – бейнет, соңы – зейнет», «Алтынды алмай, білімді ал» деген ата сөздері де әне соған дәлел.
Айта кету керек, «Нұр Отан» партиясы Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын айрықша бақылауға алатын қоғамдық кеңес құрған. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары осы кеңестің жиналысында «Біз Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруда немқұрайдылық танытқан кез келген шенеунікті дер кезінде анықтаймыз» деген болатын. Демек, «Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» жіті назарда. Біз Мәулен Сағатханұлының Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі екенін де білеміз. Ол һәм бастамашы, һәм бақылаушы.
Сөз соңында, Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның қазақ мемлекеттілігі турасы 5 ұстанымы ойға оралады. Бесіншісі және ең негізгі ұстаным «Ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құру» екенін санамызда бір жаңғыртсақ, Жапонияның бүгінде қай деңгейде екенін жақсы білеміз. Инновацияға, технологияға, ғылымға қамқорлық болашақтың инвестициясы. Партияның ғылымға ден қойған ықыласы суымаса, бастамалары аяқсыз қалмаса дейміз.
Нұрғали Нұртай