Діннің қазіргі адам әлемі мен адамзат қоғамында атқаратын нақты қызметін айқындау маңызды мәселе. Батыс қоғамында дін ібілістің азғыруынан сақтаушы және өткенмен және дәстүрмен сабақтастықты қамтамасыз етуші қызмет атқарды. Осы екі қызметімен дін ғасырлар бойы батыс мәдениетінің тінің айқындады [Д.Белл,1996,с.702]. Қазіргі батыс еуропалық қоғамды постсекулярлы ретінде анықтау үшін негізгі үш құбылыстан туындаған санадағы өзгерістер нақты айқындалуы тиіс. Біріншіден, қазіргі әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстардың діни негізде болғандығын хабарлайтын БАҚ ықпалымен қоғамдық сана өзгеруде; екіншіден, либералды қоғамдағы діни қауымдар кейбір қоғамдық немесе саяси оқиғаларды өзінше түсіндіруі қоғамдық санаға әсер етуде; үшіншіден, дәстүрлі мәдениетті ұстанатын елдерден келуші жұмысшы күштер және босқындардың тұрақты иммиграциясы еуропалық азаматтар санасына ықпал етуде. Неміс философы Ю.Хабермас осы үш факторды негізге ала отырып секулярлы батыс қоғамын постсекулярлы деп атайды. Ғаламтор және әлеуметтік желілер, алпауыт елдердің геосаяси жобалары мен идеологилық бәсекелестігі,гибридтік жанжалдар, маргиналды құбылыстар пен постмодерндік ұстаным діннің және діндарлықтың жаңа құбылысы радикалды идеология мен діни сенімнің күмәнді жасанды формаларын тудырды. Заманауи әлемде нақты дін мен идеологияға негізделген саясат, партия, экономика, құқық, мәдениет, өнер секулярлықтың Жаңа заманда орныққан үлгісіне симайды. Жаһанданған адамзаттың қоғамдық психологиясы мен өміріне діннің ықпалы өсуде, демек зайырлылық пен діндарлықтың өзара әріптестігінің әділетті заманауи тетіктерін даярлау қажет. Қазіргі адамзат қоғамындағы модернизациялық үдерістер діни және зайырлы сананы қамти отырып, оны өзгертуде. Жаһандық үрдістер мен діни жобалар діни таңдау мен діни мінез-құлыққа ықпал жасауда.Секуляризация бұл дінге қарсылық емес, діннің заң аясында өркениетті қызмет жасауы, демек постсекулярлы қоғамда секулярлық пен сакральдылық бірін-бірі толықтырушы ұғым. Постсекулярлы кеңістікте зайырлы және діни институттар діни және діни емес дүниетанымды ұстанатын азаматтарды біріктіру үшін теңдік, әділеттілік, әріптестік, түсіністік қағидаларын ұстануы тиіс. Секулярлық дінге қарсылық не болмас дінсіздік емес. Секулярлық дін мен діни қызметтің заң аясында жүзеге асатындығын айқындайды.Секулярлы қоғамда діни институттар қоғамды біріктіруші және ұлтты ұйытырушы қызмет атқаруы тиіс. Қазіргі орталық азия елдеріндегі діни жағдай және діндарлық денгейі тілдік, ділдік, діни дәстүр жақындығымен және дін саласындағы мемлекеттік саясат қағидаларының ұқсастығымен айқындалады.Орталық азия елдерінде дін ,ең алдымен дәстүрге адалдықты және ұлттық болмыстың рухани тамырын жоғалтпауға деген ұстанымды айқындайды.Постатеистік орта азиялық қоғамда дін ұлттық рухани нәрмен қайта қауышу рәмізі ретінде көрінді.74 жыл бойы атеизм құрсауында болған орталық азиядағы ислам еркіндікке қол жеткізіп,қарқынды дамуда [Ш.Ёвкочев,1996,с.84].Қазіргі орталық азиядағы діни ахуалды талдау,мемлекет және дін қатынасының бүгінің пайымдау мен болашағын болжау өзекті мәселе.
Түркіменстан мұсылмандары сүнниттік бағыттың ханафии мазхабын ұстанады. Түрікменстан зайырлы қағидатты ұстанатын ел. Gallup international аналитикалық орталығының 2008,2009 және 2015 жылдары жүргізген сауалнамасы бойынша түркменстан халқының 80% -дінге сенеді.
Ел аумағында дінді саяси мақсатта пайдалануға тыйым салынған. 1994 жылы құрылған дін істері бойынша кеңес дін саласын мемлекеттік қадағалау мен реттеу қызметін атқарады. 1990 жылдардың ортасында елдің Ауғанстанмен шекаралас аймағында радикалды діни ілімдер көрініс бере бастады. 1997 жылы «Ар-ұждан және діни ұйымдар туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Барлық діни ұйымдар қайта тіркеуден өтті. Тіркеуден өтпеген діни ұйымдарға діни қызмет жасауға тыйым салынды. Діни қауымдардың қаржылық, қайырымдылық, білім-ағартушылық қызметіне және кадрлық ұстанымына шектеулер қойылды. Шет елдік уағызшылар мен дін қызметкерлері жұмысына тыйым салынды. Шетелдік діни әдебиеттерді ел аумағына алып келуіне тыйым салынды. Елдегі шииттік (әзірбайжандар мен ирандықтар) қауымдардың шақыруымен келген Ирандық уағызшылар елден шығарылды. Шииттер Иранмен шекаралас аудандарда және Туркменбаши қаласында тұрады. Мешіттердегі діни оқу курстары қайта тексеруден өткізілді. 1999 жылы Чарджоу қаласындағы медресе жабылды. 2003 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни ұйымдар туралы» жаңа заңға сәйкес тіркелмеген діни бірлестік жұмысына қатысушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болды. Мүшелер саны 500-ге жеткен діни ұйымдар тіркеуден өтті. Мешіт имамдарын тағайындауға мемлекеттік құрылымдардың ықпалы өсті. Жеке меншік құқығындағы діни оқу орындарын ашуға тыйым салынды. Жоғары діни оқу орындарын құру тек дін істері кеңесі құзіретіне берілді. Дінбасылық лауазымға діни білімді елден алған түркіменстан азаматы лайық деп саналды. Әділет министрлігінің рұқсатынан кейін ғана шет елдік демеушілердің қаржылай көмегін алуға рұқсат етілді. АҚШ-ның «халықаралық діни сенім бостандығы туралы Акт» сәйкес қысымынан кейін 2004 жылы тіркелмеген діни бірлестік жұмысына қатысушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту бабының күші жойылды. 2005 жылы Ашхабад мемлекеттік университетіндегі ислам теологиясы факультеті жабылып,тарих факультетінде теология бөлімі болып қайта құрылды.1990 жылдары елде түркиялық діни жамағаттар(нұршылар) ықпалындағы мектептер мен лицейлер желісінің қатары көбейді.Бұл оқу орындарында жалпы білім берумен қатар діни тәрбие берілгені анықталған соң 2011 жылы лицейлер желісі қызметіне тыйым салынды.Сонымен қатар,2016 жылғы түркиядағы әскери төңкеріс әрекетінен соң Ф.Гүленмен байланысты Хизмет ұйымының оқу орындары жабылды. 2016 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни ұйымдар туралы» жаңа заңда діни бірлестікті тіркеу үшін кәмелет жасындағы 50 түркіменстан азаматтарының өтініші жеткілікті және діни бірлестіктің жарғысы болуы тиіс. Жасырын діни қызметке тыйым салынады. Шет елден берілетін тегін және гранттық көмектер міндетті түрде тіркелуі тиіс. Мемлекет меншігіндегі діни бағыттағы мүліктер мен діни ғимараттарды діни ұйымдарға тегін берілуі заңда бекітілді. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында дінді оқытуға тыйым салынды. Діни білім беру орындарына қатаң талап қойылды. 2016 жылы діни ұйымдармен жұмыс бойынша және діни мазмұндағы баспа өнімдерін сараптау арнайы комиссиясы құрылды. Комиссия құзіреті: діни ұйымдардың қызметін және азаматтардың діни ұйымдар үстінен жазған арыз-шағымдарын қарау, шет елдік діни ұйымның басшысын қызметке тағайындау, шет елдік діни әдебиеттерге сараптама жасау, дінтанулық сараптама қорытындысын беру, діни ұйымдарды тіркеуге ұсыныс беру, діни білім беру ұйымын ашуға ұсыныс беру, жергілікті билік орнымен бірге діни ғимарат құрлысына рұқсат беру. Түркіменстанда ораза айтта бір күн, құрбан айтта үш күн демалыс берілген. Зерттеушілердің пікірінше, көшпенді өмір салтын ұстанған байырғы түркімендердің бүгінгі буыны діннің ғибадаттық формасын емес, халықтық діндарлықты ұстанады. Алайда кедейшілік, еркін ойшылдықты қудалау, мешіттерді жаппай бақылау, сыртқы күштердің ықпалы діни жағдайға кері әсер етуі мүмкін.
Өзбекстан зайырлы мемлекет. Негізгі заңда барлық діндердің заң алдындағы теңдігі, мемлекет пен діннің бөлінуі нақты айқындалған. Ел аумағында дінді саяси мақсатта пайдалануға тыйым салынған. Өзбекстан халқының 93 пайыздан астамы сүннитік бағыттың ханафии мазхабын ұстанады. Бұқара және Самарқан аймақтарында шииттік (ирандықтар мен әзірбайжандар) қауымдар бар. Бұл аймақтарда шииттік мешіттер жұмыс жасайды. Шииттер құлшылықтарын көбіне үйлерде және сүнниттік мешіттерде өткізеді. Шииттік имамдар діни білімді елдегі медреселерден алады. Ел аумағында 16 конфессияға тиесілі 2400 аса діни бірлестіктер бар. Діндар мұсылмандар ӨМДБ құзіретінде. Gallup international аналитикалық орталығының 2008,2009 және 2015 жылдары жүргізген сауалнамасы бойынша өзбекстан халқының 51% -дінге сенеді. 1992 жылы елдегі 100 жуық медресенің 20 ғана ӨМДБ бағынышты болатын. 1999 жылы Ташкент және басқа қалаларда болған жарылыстан соң шет елдердің діни оқу орындарында оқитын студенттер елге қайтарылды. Осыған орай, діни жағдайды қадағалау және бақылауды күшейту қолға алынды.Жастардың әлеуметтену үдерісінде дін мен діни құндылықтардың өсуіне орай, кәмелеттік жасқа толмағандардың мешітке баруы катаң бақыланды. Елдегі шет елдік діни оқу орындар жабылды. 1990-2005 жылдары өзбек қоғамының қоғамдық пікірін қалыптастыруда дін қайраткерлерінің ықпалы артты. Діннің саясилануының кейбір көріністерінің қоғамдық өмірде орын алған соң , билік беделді дін қайраткерлерін қоғамдық-саяси қызметтен оқшаулады .
Елдегі діни жағдайды реттеу мақсатында барлық медреселер тіркеуден өткізіліп ӨМДБ қарауына берілді. Медреселердің материалдық-техникалық базасын жетілдіруге назар аударылды. Өзбекстандағы: Көкілташ, Мир-араб, Махдум, Молда Қырғыз, ар-Рази, әл-Бируни, қожа Бұхари медреселері орта білімді дін мамандарын даярлайды.Ташкент және Бұқара қаласында қыздарға арналған орта арнаулы білім беретін діни оқу орындары араб тілі және ахлақ мәдениеті оқытушысы біліктілігін береді.2008 жылы ел үкіметінің қаулысымен ашылған имам Бұхари атындағы халықаралық орталығы ғылыми-зерттеу және имамдардың біліктілігін арттыру бағытында жұмыс жасайды.1999 жылы ашылған Ташкент ислам университеті зайырлы және діни білім беру дәстүрін үйлесімді үйлестірген. Зайырлы мемлекет өміріндегі діннің алатын орны мен атқарар рөлін түсінетін және міндеттерді шешуге қабілетті зайырлы ғалымдар мен ислам ақидасын, ғибадатын, пәлсапасын терең игерген бакалавр,магистр академиялық дәрежесіндегі дін мамандары дайындалады.Университет құрамында ислам тарихы мен пәлсапасы,экономика және жаратылыстану,біліктілікті арттыру және кадрларды қайта даярлау факультеттері бар.Университетте оқыту өзбек және орыс тілдерінде жүргізіледі.Оқыту процесіндегі пәндер арақатынасы 60 % –діни пәндер,40 % зайырлы пәндер құрайды.Елдегі биліктің ауысуына орай,дін саласында өзгерістер орын алуда. 2017 жылы жұма мешіттерінде дауыс күшейткішпен азан шақыруға рұқсат етілді. 2017 жылы өзбекстан конституциясының 25 жылдығына орай жүргізілген амнистияға орай түрмелерден бірқатар діндарлар босатылды. 2017 жылы Ташкентте ислам өркениеті және Самарқандта имам Бұхари атындағы халықаралық зерттеулер орталығы және ислам академиясын құру туралы қаулы қабылданды. Өзбекстан билігі имам Бұхари, имам Науаи, имам Термизи және имам Матуриди мұраларын зерттеу мен насихаттауға қолдау көрсетуде. 2017 жылы қарилар конкурсын өткізу қайта қолға алынды. Елдегі исламтанулық білім беру жүйесі бірізді және бірыңғай оқыту бағдарламасын ұстанады. 2017 жылы мешіттерде жасырын неке қиюға және көп әйел алуға тыйым салу мәселесі көтерілді. 2017 жылы желтоқсанда министрлер кеңесі жанындағы қажылықты ұйымдастыру және өткізу бойынша коллегия елдегі қажылық парызын орындауға тілек білдірушілер үшін талаптарды бекітті.Атап айтсақ,үміткерлер соңғы екі жылда умра немесе соңғы бес жылда қажылық парызын орындамаған болуы тиіс, үміткерлердің материалдық мүмкіндігі мен деңсаулық ахуалы, қажылық парызын дұрыс және толық орындауына қажетті діни білімі болуы керек.Бес ай бұрын іріктелген үміткерлер тізімі мешіттерде ілінеді, 15күн бойы үміткерлер туралы қоғамдық пікірлер зерттеледі.Үміткерлер қайырымдылық іс-шараларға,адасқандарды салауатты өмір салтына қайта бейімдеу жұмысына , махалланың әлеуметтік-рухани тыныс-тіршілігін жақсартуға белсеңе қатысуы назарға алынады.Сонымен қатар,үміткердің діни-ағартушылық қызметі, мінез-құлқы,отбасылық өмірі және балаларының тәрбиесі де есепке алынады. Елдегі діни ахуалды жақсарту іс-шарасына белсеңді қатысатын белгілі имамдар жеңілдікке ие. 2017 жылы жұма мешіттерінде дауыс күшейткішпен азан айтуға рұқсат берілді. 2018 жылы ақпанда діни экстремизм бойынша тізімде тұрған 18 мың адам есептен шығарылды. Тізімнен шығарарда имамның,көршілері мен туыстарының,махалла кеңесінің пікірлері назарға алынады.
2011жылы өзбекстан жоғары соты ел аумағында Human rights watch ұйымының қызметіне тыйым салды. 2018 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті өзбекстанды діни сенім бостандығы сақталмайтын елдер тізіміне қосты. АҚШ мемлекеттік департаментінің шешімін өзбекстан мұсылмандар діни басқармасы шыңдыққа сай емес деп мәлімдеді.
Орталық азия елдерінде имамдар ислам университетері мен медреселерде және арнаулы орта білім беретін колледждерде даярланады.
Ел аумағында ислам университеті және имам Бұқари атындағы ислам институты, оннан аса медреселер жұмыс жасайды. 2017 жылы ислам өркениеті зерттеу орталығы құрылды. Елдегі исламтанулық білім беру жүйесі бірізді және бірыңғай оқыту бағдарламасын ұстанады.
Жаңа билік елдің әлемдік қауымдастық алдында беделін және позитивті имиджін жақсарту мақсатында дін саласын реттеу мен қадағалау механизмің жаңа әдістермен жетілдіре бастады. 2017 жылдан дін саласын реттеу мен қадағалау адам құқықтарын сақтау негізінде жұмсара бастады. Жұма мешіттерінде дауыс күшейткішпен азан шақыруға рұқсат берілді. Бас бостандығынан айырылған бірқатар дін қызметкерлері бостандыққа шықты.Рамазан айында тарауих ғибадатына жеткіншектердің қатысуына тыйым салынбайтын болды.
Қырғызстан зайырлы мемлекет. Елдегі діндердің заң алдындағы теңдігі, мемлекет пен діннің бөлінуі негізі заңда айқындалған. Қырғызстан мұсылмандары сүннитік бағыттың ханафии мазхабын ұстанады. Gallup international аналитикалық орталығының 2008,2009 және 2015 жылдары жүргізген сауалнамасы бойынша қырғызстан халқының 72% -дінге сенеді.
Қырғызстанда 3700 аса мешіттер болса, 700 мешіт Ош облысы аумағында орналасқан. Ош облысында діни ахуал басқа аймақтарға қарағанда өзгеше. Бұл аймаққа ферғана жазығының ахуалы және этноконфессионалды ерекшелік ықпал жасайды. Қырғызстанда түркия тарапының қолдауымен ашылған діни оқу орындары жұмыс жасайды. Қырғызстан мұсылмандар діни басқармасының «Ислам Маданияты» газеті, Джалал-Абад казиаттының «Мұсылман», Баткен казиаттының «Ислам авазы» газеттері ислам құндылықтарын насихаттайды. Исламдық білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуы елдегі өзекті мәселелердің бірі [Қ.Мурзахалилов,2008,с.187]. Мешіт имамдары-Мысыр, Түркия, Пәкістан, Иордания, Сирия және елдегі діни оқу орындарын бітірген. Ел аумағында 114 діни білім беретін оқу орындары жұмыс жасайды.Діни оқу орындарында оқитын білімгерлер саны - 6000 асқан. Медреселер дін істері бойынша комиисия және қырғызстан мұсылмандар дін басқармасы құзырында. Діни оқу орындарының оқу бағдарламасын дін ғұламалары кеңесі бекітеді.Кейбір медреселер және мешіт жанындағы құжыраларды қайырымдылық қорлары және жеке демеушілер қаржыландырады.Медреселер дін істері бойынша мемлекеттік комиссияның тіркеуінен өтуі тиіс.Бишкек қаласында хазрет Омар атындағы ислам институтында исламтанушылар мен имамдар білім алады.Институт студенттерінің 55-60% қыз-келіншектер.Елдегі мешіт имамдары - Мысыр, Сауд арабиясы, Түркия, Пәкістан, Иордания, Сирия және елдегі діни оқу орындарын бітірген. Дін істері бойынша мемлекеттік комиссияның дерегі бойынша, 2016-2017 жылдары шет елдерде діни білім алушылардың саны - 322. Атап айтсақ,Түркия-87, Мысыр-26,Иордания-25, Сауд арабиясы-127, Пәкістан-9, Кувейт-6 адам ресми рұқсатпен білім алуда. Ал өз бетімен шет елде діни білім алушылар саны беймәлім. Дін істері бойынша мемлекеттік комиссиясы қырғыз азаматтары үшін діни білім алуға рұқсат етілген оқу орындарының тізімі: Әл-Фараби атындағы ұлттық университет, Нұр ислам мәдениеті университеті,имам Бухари ислам университеті, имам әбу-Ханифа атындағы тәжікстан ислам институты, ресей ислам институты, Қазан ислам институты,түркия университеттерінің теология факультеттері,әл-Азхар университеті. 2017 жылы қырғыз республикасының дін еркіндігі және діни ұйымдар туралы заңының жобасында шет елде діни білім алу тәртібі қарастырылған. Шет елдік діни жоғары оқу орындарына орта діни білімі бар азаматтар жіберіледі. Қырғызстанда таблиғ жамағат (дағуатшылар) ұйымы мүшелері ішкі істер министрлігінен рұқсат алып,мұсылмандар дін басқармасында тіркеліп уағыз жүргізеді. Дағуат тобы мүшелері ұлттық үлгідегі айыр қалпақ және ұлттық шапан киеді. Елде діни білімді Пәкістанның Райванд медресесінде,Үндістанның Низамуддин медресесінде,Бангладештің Кокрайил медресесінде алған діндар жастарының қатары көп. 2018 жылы дін істері бойынша мемлекеттік комиссияның шешімімен 7 медресе жабылды.Қырғызстан үшін террорлық қауіп –қатер және радикалды діни идеологияның таралуы өзекті болып отыр. Ел аумағында 20 діни ұйымға тыйым салынған. 2017 жылы таблиғ жамағат ұйымынан бөлініп шыққан «Йакын инкар» тобына тыйым салынды.Ұйым мүшелері ғылыми-техникалық жетістіктерді және зайырлы билікті мойындамайды.Олардың арманы орта ғасырлық заманға,яғни шариғаттық заңмен өмір сүруге оралу. Ұйым мүшелерінің көбі ауылдан шыққан жұмыссыз жастар.Олардың сыртқы түр-келбеті шашы және сақалы ұзын,пәкістандық үлгіде киім. «Йакын инкар» тобы Ыстық көл, Шу, Нарын, Баткен, Ош, Жалал-абад облыстарында таралған.
Тәжікстан зайырлы мемлекет. Елдегі діндердің заң алдындағы теңдігі, мемлекет пен діннің бөлінуі негізгі заңда айқындалған. Gallup international аналитикалық орталығының 2008,2009 және 2015 жылдары жүргізген сауалнамасы бойынша тәжікстан халқының 85% -дінге сенеді.
Парсы тілді тәжік мұсылмандары сүннитік бағыттың ханафии мазхабын ұстанады. 2009 жылы ұлы имам Әбу Ханифа жылы деп жарияланды.Таулы Бадахшанда шиит-исмаилиттер қауымы бар.Исмаилитік ілімді памир (вахандықтар, бартангдық, рушан, ишкашим, шугнан) халықтары ұстанады. Исмаилиттер ағымы алтыншы шиит имамы Жафар ас-Садықтың ұлы Исмаил есімімен байланысты қалыптасқан. Исмаилиттік ілімі бойынша имамат мұрагерлікпен беріледі. Исмаилит-низариттер қауымының діни жетекшісі имам IV Ага-хан. 2009 жылы Душанбе қаласында шиит-исмаилиттер орталығы ашылды. IV Ага-хан Таулы Бадахшандағы шиит-исмаилиттер қауымына гуманитарлық көмек көрсетеді. Осы таулы аймақ түрлі мүдделі елдердің қызығушылығын тудырып отыр. Орталық азия елдерінде ага-хан қоры білім беру жобаларын қаржыландырады. Aga Khan Development Network аясында білім беру, әлеуметтік-экономикалық, мәдени ұйымдар жұмыс жасайды. 2002 жылы IV Ага-хан қоры Тәжікстан, Қырғызстан таулы аймақтарында Орталық Азия университетінің филиалдарын ашуды ойластырды. 2003 жылы Алматы облысының Текелі қаласында университет филиалының іргетасы қаланған болатын. Ел аумағында 3000 аса мешіт және 19 медресе бар. 2009 жылы Тәжікстанда «Салафия» қозғалысына сот шешімімен тыйым салынды. 2014 жылы Тәжікстан жоғары сот қаулысымен «Салафия» діни ағымының қызметі экстремистік деп танылды. 2005 жылы Тәжікстан білім министрлігі мектептерде хижаб киюге тыйым салды. 2011 жылы мешіттерде дауыс күшейткішпен азан шақыруға тыйым салынды. 2013 жылы Иран, Мысыр, Ливия, Сауд арабиясы елдеріндегі діни оқу орындарында оқитын студенттерін кері шақырып алды. Тек арнайы тексеруден соң шет елдің діни оқу орындарында білім алуға рұқсат етіледі. Мемлекеттік және жеке бала-бақшалар және мектептерде, үйлерде діни уағыз жүргізуге тыйым салынды. Әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмағандардың мешітке баруына тыйым салынды. Дін істері комитетінің өкілдері барлық діни іс-шараларға қатысуға өкілетті және мешіт имамдарын тағайындау дін істері комитетімен келісілетін болды. 2014 жылдан мешіт имамдары мемлекеттен жалақы алатын болды. 2015 жылы орталық азия елдеріндегі бірден-бір діни партия-Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясына тыйым салынды. Тәжікстан жағдайында зайырлы мемлекеттік құрылым мен зайырлы өмір салт атеистік және діни емес немесе антиисламдық деп қабылданбауы тиіс [И.Усмонов,2008,с.200]. Ел аумағында террорлық және экстремистік сипаттағы 15 ұйым қызметіне тыйым салынған. 2017 жылы жоқтауды дауыстап айтуға, шашты жұлып және топырақ шашып жылауға тыйым салынды. Діндар азаматтардың сақалы 3 см аспауы тиіс. Тәжікстандағы діни ахуалға Ауғанстандағы саяси-діни үдерістер әсер етуі мүмкін. Орталық азия елдерінің діни мәдениеті мен діндарлық мінез-құлқына шет елдік діни-саяси идеологиялық жобалар салқынын тигізуі мүмкін.Алпауыт мүдделі елдердің Ауғанстанға қатысты ұстанымдарының шиеленісуі діни сананың радикализациялануына жанама ықпал етуі мүмкін. Посткеңестік мұсылман елдеріне салафизм ағымының екі нұсқасы-мадхалия және сурурия таралған. 1990 жылы Ирактың Кувейтті жаулап алуынан соң Сауд арабиясы аумағына АҚШ әскерінің орналасуына («шөлдегі дауыл» операциясы) қарсы болған Мұхаммет Сурури бастаған топ және шет елдік әскерилердің елге келуін,яғни билік ұстанымын жақтаған Раби ибн Хади әл Мадхали тобы пайда болғаны белгілі.Қазіргі орталық азияның діни кеңістігінде салафиилік және сопылық топтар арасында дүниетанымдық пікір-сайыстар орын алуда. 1990 жылға таман кеңес үкіметінің басшылығы қайта құру және жариялық саясаты аясында мемлекет пен дін қатынасына ықпал жасады. Бұл жариялылық пен жаңаша ойлау саясаты жаңа дәстүрден тыс наным-сенімдердің кең таралуына жол ашты. Кейбір діни-саяси ілімдер шет елдік қаржылық және саяси топтардың, арнайы қызметтердің қолдауымен үгіт-насихат жүргізді.
Қазіргі таңда Орталық Азия елдеріндегі діни жағдай қалыпты. Орталық Азия елдерінің дін саласындағы мемлекеттік саясаты-зайырлылықты ұстану, мемлекет пен дін қатынасын зайырлы тұрғыда жетілдіру, діни жағдайды құқықтық-заңнамалық реттеу,халықтық діндарлық пен дәстүрлі діни құндылықтарды қолдау. 2007 жылы орталық Азия елдерінің мүфтилер кеңесі құрылды.2018 жылы Астанада еуразия дін ғұламаларының форумы өтті. Орталық Азия елдеріндегі мұсылмандық ерекшеліктері: халықтарға ортақ ханафии мазхабындағы діни бірегейлік,дәстүрлі халықтық-ғұрыптық діндарлық, ортақ әдептік-этикалық ұстаным,шет елдіктердің қаржылық қолдауындағы жаңа исламдық ілімдер мен геосаяси жобалардан туындаған діни ілімдердің таралуы. Орталық азия елдеріндегі әлеуметтік-экономикалық және демографиялық үдерістер, қарқынды урбанизация,әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздік көріністері, дәстүрлі қоғамнан постмодерндік және постиндустриалды ақпараттық қоғамға қарай секіріс жасау, әлеуметтік-экономикалық мәселелер кедейшілік, жемқорлық және бәсекелес елдердің геосаяси және геоэкономикалық мүдделерінің қақтығысы діни негіздегі экстремизмнің өсуіне ықпал етуі мүмкін алғышарттар. Орталық азия діндарлар санасының радикализациялануының алдын алу іс-шаралары ең алдымен дін саласындағы мемлекеттік саясаттың пәрменділігін арттыру, жастардың әлеуметтену үдерісіндегі діннің орны мен рөлін зерделеу ,діндар әйелдер қауымын зайырлы мәдени ұстанымға тәрбиелеу,азаматтық қоғам институттардың тиімді жұмыс жасауын арттыру, жастардың әлеуметтенуі мен қоғамдық өмірге ат-салысуын жетілдіру, дәстүрлі діл мен зайырлы қағидатқа сай діндарлық мәдениетін қалыптастыру, әсіре діншілдіктің түрлі себептерін айқындау, әлеуметтік аз қамтылған топтармен жұмысты тиімді жүргізу, әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайту,халықтың әл-ауқатын арттыру,дәстүрден тыс ілімдердің қоғамдық сана мен өмірге тигізер кері әсерін кешенді түрде көрсету, аймақтағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу, діни жағдайға қатысты тәжірибе алмасу, аймақтағы діни жағдайды талдаудың еларалық біріккен орталығын құру, орта азиялық ғұлама ғалымдардың (Матуриди,Бұқари,Науаи,Тирмизи,Нақышбанд,Иасауи) еңбектерін аудару және насихаттау,діндар жастар арасында Әбу Ханифа жолын насихаттау,сыртқы діни ықпалға тосқауыл қою,Ауғанстан мен ШҰАР діни ахуалды жіті талдау, ірі және моноқалалардағы діни ахуалға үнемі талдау жүргізу. Орталық азия елдерінің тұрақтылығы мен заманауи өркендеу жолы-зайырлы қағидатта негізделгенің биліктің берік ұстануы . Орталық азия елдерінің діни сана мен кеңістігіне тән діни бірегейліктің және мәселелердің ортақ негізі мен белгілері:
тарихи қалыптасқан мәдени-рухани жағдай;
Тәңірлік танымның діни рәміздері;
Ұлттық дүниетанымда түркілік теономдар мен ұғымдардың сақталуы;
Ырым-тыйымдар жүйесі;
Дәстүрлі діни мәдениет;
Ортақ киелі орындар мен әулиелер культі;
Халықтық және ғұрыптық діндарлық;
Сүннитік бағыт (Матрудилік ақида);
Ханафилік ғибадат мектебі;
Діндарлықтың сандық өлшемінің басымдығы және сапалық мәнінің төмендігі;
Діннің дүниетанымдық және реттеушілік,жұбатушылық қызметінің қоғамдық өмір мен санада кең көрініс беруі;
Діннің әлеуметтік институт ретінде қызметінің өсуі;
Қоғамдық өмірдің клерикализациялану қатері;
Зайырлы мемлекеттік қағидаға сай діни уағыз жүргізудің әдістемелік жүйесінің жоқтығы;
Дін қызметкерлерінің қоғамдық-саяси және мәдени өмірге араласуы және қоғамдық пікірге ықпал жасауы;
Дін мен ғылымның үндестігін теологиялық тұрғыдан дәлелдеу;
Діни мейрамдардың зайырлы мемлекеттік мерекелерге қарағанда басымдыққа ие болуы;
Мешіт имамдарын мемлекеттік құрылымдардың тағайындауы;
Дін саласын бақылау мен қадағалау құрылымдарының сәйкестілігі;
Дін саласындағы өзекті мәселелердің ортақтығы;
Дін қызметшілері мен бизнес әлемінің жымдасуы;
Дінге қатысты сыни көзқарас пен еркін ойлаудың төмендеуі;
Зайырлы этикалық жүйе мен діни мораль ара салмағының өзгеруі ;
Атеизм мен агностицизмді қараңғылық пен надандық ретінде бағалау;
Атеизм және теизм қатынасы ара салмағының өзгеруі;
Діни емес дүниетаным аясының тарылуы, жастардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығының төмендеуі;
Өнер жұлдыздарының жастардың діни таңдауы мен діни мінез-құлықына ықпалының өсуі;
Діни негіздегі саяси қызметке тыйым салынуы;
Террорлық идеологияның таралуының алдын алу жұмыстарының мақсатты жүргізілуі;
Жастар дүниетанымы мен мінез-құлқына ықпал жасаушы діни құндылықтардың және түрткілердің өсуі;
Дін саласын реттеу мен қадағалауда кеңестік әміршілдік жүйенің сарқыншақтарының сақталуы;
Мемлекет және дін қатынасына сыртқы фактор ықпалының күшеюі;
Діннен әділеттілік пен теңдікті,мейірімділік және тыныштықты іздеу;
Ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету саласында адам құқықтарын сақтаудың өзекті мәселеге айналуы;
Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың ұқсастығы.
Жаһандану жағдайында түрлі мүдделі алпауыт елдердің жобаларынан сақтану үшін орталық азия елдері дін саласындағы мемлекеттік ұстанымдарын бірлесе жаңғыртып отыруы тиіс.Орталық азия мұсылмандарын достық пен рухани келісімге жетелейтін бағыт-бағдар –сұқбаттастық пен өзаратүсіністік,өзараәріптестік және өзаракелісім.
Бағдат Бейсенов
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы
Филос., ғ.д.
Қолданылған әдебиеттер
Д.Белл.От священного к светскому//Религия и общество.-М.:,1996.-С.702.
Ш.Ёвкочев.Современные модели развития мусульманских стран //Секуляризм и ислам в современном государстве:что их объединяет?-Алматы:КИСИ,2008.-84с.
Қ.Мурзахалилов.Ислам в Кыргызстане: Становление и перспективы развития//Секуляризм и ислам в современном государстве:что их объединяет?-Алматы:КИСИ,2008.-187с.
И.Усмонов.Развитие современного общества в Таджикстане. //Секуляризм и ислам в современном государстве:что их объединяет?-Алматы:КИСИ,2008.-200с.