«Үш тұғырлы тіл» немесе
«Үш айыр тіл туралы» хикая...
Көп тосқауыл, жолымызда жүретін,
Ол да жұмбақ, өміріміз сүретін.
Біз Қазақты жиі қорлап тұрады,
Тауып билік - әйтеуір бір ретін.
Мұны ойласам, көздеріме толар мұң,
Шарасыздан мен пұшайман болармын.
Бұл Қазақтың еті үйреніп кеткендей,
Анау-мынау құқайына олардың.
Екі жақтап орысы мен қытайы,
«Шүлдірбайда» сөз сөйлеу жоқ сыпайы,
Мына жағдай сөз еткелі отырған
Деп айтар ем, құқайлардың құқайы:
ХХХ
...Түкке тұрмас, Қазақ тілін білмеген,
Нағыз қорлау - Қазағымды бұл деген.
Бәле болып жабысты ғой Ұлтыма,
Мына сұмдық: «Үш тұғырлы тіл» деген.
Дегендейін: «мазақ етті-ау бұл қалмақ?..»,
Жүру қайда енді ұлтыма ырбаңдап,
Жылан екеш, жылан тілі - екі айыр
Ал, қазақта - үш айырлы тіл болмақ.
Бұл сұмдықты ойлап тапқан ол надан,
Тілсіз, дінсіз, құл-құтандар оңбаған.
Бұл не сұмдық, «үш айырлы тіл» деген!
Тіпті, ондай тіл - айдахарда болмаған.
«Қазақ!- деуші ек, сұрап жатса: -Кім асау?»
Басқа қалай айтушы едік, сұраса-ау?
Біздің Қазақ - санатына адамның
Жатпағаны,-деп ойлаймын, - рас-ау.
Енді нағыз, ұлт болдық-ау тілі жоқ,
Енді нағыз, ұлт болдық-ау діні жоқ.
Егер Қазақ - адам болса, кәдімгі,
Неге «үш айыр»? Неге жалғыз тілі жоқ?
Бұл не сонда? Басыну ма? Мазақ па?
«Біз! Біз!» деген мақтаншақтық ғажап па?
Басқа ұлттардың тілі болса - бір айыр,
Оның өзі - үш айырлы Қазақта.
Ол шіркіндер, орыстармен шала мас,
Қазағына «Ұлт» екен деп қарамас.
Биліктегі орысқұлдар әлі күн
Қазақ тілін - тіл екен деп санамас.
Қасақана жерден бастап мектептей,
Болашаққа Олар Ұлтсыз жетпектей.
«Үш тұғырлы тіл» арқылы Қазақтың
Жастай қию жас өркенін көктетпей.
Керек емес, Қазақ деген халығы,
«Шүлдір» керек, Шүлдірбайға анығы.
Алар еді-ау, ана тілін үйреніп,
Болса олардың санасының жарығы.
Шүлдірбайлар - қазағыңнан ықпайды,
Бір ауыз сөз қазақшаңды ұқпайды.
Олар ана «басқыншылар» тілінде,
Сөйлегенде, аузы-аузына жұқпайды
Орысшалап, шаш қойғандар сән қылып,
Қазақ емес, олар нағыз әңгүдік
Бұл бәлені ойлап тапқан сол құлдар,
Қазақ тілін жою үшін мәңгілік.
26 жыл!
Көз ашпадық мұнардан,
Қазақ тілі - мемлекеттік бір арман!..
Тілсіз, дінсіз, Шүлдірбайлар ақыры
«Үш тұғырлы тіл» дегенді шығарған.
Өспей жатып, жас ұрпақты жасытқан,
Орыс болу науқанына асыққан.
Қазір барлық мектептерге үш тілді
Зорлап тығып, бала миын ашытқан.
Сұмырайлар, Ұлт Тарихын ұрлауда,
Жамап, жасқап, «достық жайлы» жырлауда.
Қазақ тілі, орыс тілі және де
Ағылшынша - жас миларды улауда.
Сен - Қазақша, ол - орысша «барқ» етпек!
Өздерінше оза «шауып, жарқ!» етпек...
Құл Қазақтар - дегеніне бір жетіп,
Осы арқылы Қазақ Тілін тәрк етпек!
Бұлдыр тұман - не болары әрісі,
Сан айлалы билеушілер әдісі...
Бұл жырымда:«Қазақ тілі - үш айыр»
Дегенімнің осы түпкі мәнісі...
Қайран Қазақ, мал жалқауы - саяқтай,
Құртар болды-ау мәреге де таятпай.
Хикаямды: «Қазақ тілі - үш айыр»,
Осыменен берсем бе екен аяқтай...
Қоя аласың кімнің аузын желімдеп,
Жүргендейміз көп тілдерге желіндеп.
«Үш айыр» не, енді біздің тіліміз
Ұрғашы айтты, «төрт айырға» бөлінбек...
Мен дерттімін, дертім жанға батады,
Ол белгісіз, таңым қалай атады?
Білесіз бе, ол «төртінші айырға» -
Көршідегі Қытай тілі жатады.
Тым алыстан жылтырайды көмескі от,
Қалады онда мына күнің елес боп.
Содан кейін, сөйлеп тұрған төрт тілде
Қазақтарды көз алдыңа елестет...
Жиырма алты жыл!
Менің ұлтым шерменде,
Күпті болар көрмеген де, көрген де.
Басқа үш тілде сайрап тұрған Қазақтар,
Жерге қарар - өз тіліне келгенде...
Одан кейін, күн тумайды оңалар,
Қазақ жері – тып-типыл боп тоналар.
Міне сөйтіп, Қазақ тілімен қоса,
Қазақ деген Ұлттың өзі жоғалар...
Тәйкі түсер қашанғы оның асығы
Жалғыз өзі тұтас елдің масылы.
Біз Қазақты жер бетінен тып-типыл,
Жоғалтуды мақсат еткен – «бас ұры».
Ел болмаймыз сұмпайыдан құтылмай,
Қалмақ, шүршіт... бізде сонша құтырды-ай.
Қайран Қазақ!
Тәуелсіздік таңымен,
Тексіз ұры әумесірге тұтылды-ай.
Бұл малғұнда Ұят, Ар да болмаған,
Болмаған соң барып тұрған оңбаған.
Мұндай тексіз сатқындарды қашан да,
Жылпос, залым - күндіз-түні қолдаған...
Алды!
Салды!
Жеместерін жеді олар,
Содан кейін: «Так, хватить!..»-деді олар.
Ал, айтпақшы, бұл хикаям осымен
Аяқталса, онда күнім не болар?..
Жұмаш Көкбөрі
Оставить комментарий