ҚР Ұлттық кітапханасында мемлекеттік тілді дамытуға арналған «Тіл – татулық тірегі» атты байқау өтті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Байқауда Алматы қаласындағы этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері – орыс, ұйғыр, күрд, өзбек, ауған, түрік, неміс және т.б. ұлт өкілдері қазақ тілінде бақ сынады. Қатысушылар үш тур бойы бәсекеге түсті. Бірінші турда олар биыл туғанына 125 жас толып отырған ақын Мағжан Жұмабаевтың өлендерін жатқа оқыды. Екінші турда «Ұлттарды ұйыстырған қазақ халқы» атты эсселерін жұртшылыққа таныстырды. Үшінші турда қазақша ән айтып, би билеп, қойылым көрсетті.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек бастаған қазылар алқасының шешімінен кейін 1-орын Ұлттық Ұланның жас жауынгері Александр Мамыкинке бұйырды. Оған ноутбук табыс етілді. Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Феруза Сұлтанмұратова 2-орын алып, планшет иеленді. 3-орынды 10-сынып оқушысы Русалина Асиева алып, фотоаппаратты қанжығасына байлады.
Қалған қатысушылар да құр қол қалмады, олар алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Іс-шара аясында қаладағы этно-мәдени бірлестіктер ұлттық этностық көрмелер ұйымдастырады.
Салтанатты кешке Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері, ұлттық интелегенция өкілдері, журналисттер, студенттер мен оқушылар қатысты.
Айта кетейік, байқауды Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнография бірлестігі ұйымдастырды.
Оставить комментарий