Соңына нүкте қойылған хат (әңгіме)

/uploads/thumbnail/20170708173929238_small.jpg

Таң рауандап атып келеді. Түні бойы көк аспан төрінде жамбастап жатқан бозамық ай көкжиектің ернеуіне ілінді. Жұлдыз шыққалы сұңқылдаған байғыз – мұңлықтың жағы талып үні өшкен. Қаланың даңғаза музыкасы да тынған. Анда – санда әупілдеген иттің дауысы ғана естіледі. Осынау шаһарда ояу отырған жалғыз жан иесі өзім ғана шығармын. Мүлде ұйқым келер емес. Көзімді жұмсам, кірпігіме ілініп тұрған қыз бейнесі елестейді. Жан – жағыма қараймын, ешкім жоқ. Кеше почта арқылы келген хатты біреу ұрлап кетердей бауырыма басамын, біреу ұрлап кетеді деп емес бәлкім, басқа бір сезіммен осылай істеп жатқан да шығармын. Өң мен түсті ажырата алмас күйдемін. Орнымнан тұрдым да сандығымның түбінде жатқан Бүлдіршіннен келген хаттарды үстелім үстіне қойдым. Көз алдымнан өткен шақтар қайтқан қаздай тізбектеліп өтіп жатты. Бүлдіршіннен келген хаттарға рет нөмерін қойып отыратын әдетімнің пайдасы бір тиді. Шеттері жемтірленіп жыртыла бастаған хаттарды оқи бастадым.

«Cәлеметсіз бе?

(ол кезде мені сіз дейтін) туған жер құшағынан сіз екеуімізде алыста жүрміз. Бүгін біз жаққа қар жауды. Бірақ айнала ақ қарға оранары мүмкін емес. Менің осы жерге алғаш табаным тигенде ойыма келгені: енді қайтып күндерімді өткізем,- деген уайым емес, сонау жылдары зорлық – зомбылық көріп, қуғындалып келген бабалармының аруағына дұға бағыштау болды. Өзіңізде білесіз, осынау құмды өлке Тарымға кінәсіз қанша жанның қаны тамып, тері сіңді. Келгелі көргенім, жан – жағымдағы меңіреу қызыл құм ғана. Сіз әңгімелеп беретін Бархан мен Бақшагүлді (Оралхан Бөкейдің «құм мінезі» деген шығармасының кейіпкерлері) ойладым... Бұл оның маған жазған алғашқы хаты еді. Далаға қарасам ай әлде қашан көкжиекке сіңіп кеткен. Күн шыға қоймапты. Екінші хатын оқи бастадым.

«Cәлеметсіз бе?

Мен туған жерге келгелі бір апта болды. Кеше, сіз екеуміз серуендеп баратын Шақпы өзеніне барып қайттым. Жалғыз бардым... (осы жеріне көп нүкте қойылыпты) әдейі сөйттім. Есіме ең алдымен кім түсер екен дедім. Шақпы толқып ағып жатыр. Есіме сіздің, мені алғаш Шақпыға ертіп барған кездегі, Шақпыға оң жағынан ағып келіп қосылып жатқан лай суды көріп “Бүлдіршін, қарашы, не көрдің?” дедіңіз. Мен “тек тұнық суға қосылып жатқан лай суды ғана көрдім” деп едім. Сонда сіз “Шақпы Боранқұл деген жайлаудан, қазақ даласынан мөлдіреп таза қалпында ағып келеді, ал мына арадан лай су қосылып, Шақпы лайлануда. Біздің бұрыннан келе жатқан мәдениетіміз, өнеріміз, салт – дәстүрімізді ортадан қосылған лай мәдениет бұзуда” деген едіңіз...».

Ол әр жолғы хатының соңына жалғыз нүкте қоймай көп нүкте қоятын. Бұл әлі талай хат жазам дегенінің белгісі еді. Әр хаты келген сайын алдымен көзім соңына түсетін. Өйткені ол ыстық сөздерін тек хат соңына жазатын - ды. Осы жолғы хаты келгендеде алдымен соңына қойылған жалғыз нүктесі бір сырды аңғартқандай болып еді. Тағы бір хатын қолыма алдым.

«Cәлеметсіз бе?

Сынаптай сырғақтаған дүбірге толы дүниенің арманы мен талғамы, бағыты мен бағдары ұқсамаған екі сүрдектің жолаушысы болған біздерде қалайда бір қимастық пен сағыныш бар. Жазған хатыңызды тапсырып алдым. Хатыңыздың демі ыстық болғанмен талабы ауыр екен. Төбемнен жай түскендей болдым. Әрі “маңайыңызда бірге жүрген қалың қыз қауымның арасынан мен қалай ұнап қалдым” деп те таңырқадым. Шыныменде маған жазылған хат па бұл Не деп? жауап қайтарарымды білмей жүргенде сізден тағы бір хат келді. Мен сонда барып өткен жолғы хатыңызға жауап қайтармағанымды білідім. Ренжімеңіз, осы хатты да қысқа жаздым. Тек сіз ренжіп әрі алаңдап қалмас үшін ғана...

Хатты кеудеме бастым. «ренжіп әрі алаңдап қалмас үшін ғана» деген сөздер жаныма сары майды ерітер күн шуақтай жайлы тиді. Жатақ іші дүрсілдеген аяқ дыбысына толы. Кәрі шаһардың тірі жандысы тірлік қамына кіріскен. Менің сабаққа да барғым келмеді. Бүлдіршіннің хаттарын бірінен кейін бірін оқи бердім.

«Cәлеметсің бе?

(Бұл кезде сіз дегені сенге өзгерген болатын) Кеше жайлауға барып келдім. Әлгі бір әнде айтылатын “көзіңнен мөлдір, Торғай даласын көрдім” деген жолдарды “көзіңнен мөлдір, Талдының тауларын көрдім” деуші едің ғой. Жайлау бұрынғы сен екеуміз қыдыратын жайлаудай емес, құшағын ашпайды. Бәлкім сен жоқтықтан шығар. Кластас қызыңыз ұшып өлген қара тас тіпті сүркейлі. Маңайындағы шыршалар тегіс қураған. Тек сол қыздың қызыл орамалы ілінген жалғыз шырша ғана жап жасыл... Ненің күші осылай етіп тұрғанын білмедім. Бәлкім кінәсіз аққан қан құдыреті шығар. Айдаусайдың да қарағайлары сиреген. Екі тал гүл тердім, біреуін саған берем, екі тал рауғаш жедім, біреуін сен боп жедім. Өзің ертіп барған бүлдіргенді беткейге бармадым. “Жылан барма” деп қорықтым. Сен болсаң қорықпай барар едім. Ауыл да өзгеріс көп екен. Өзіңде естіген боларсың бәлкім. Досыңыз Серік қайтыс болпты. Қыршын кеткен досыңыздың арты қайырлы болсын. Көктемде егін егетін кезде Талдыға асығыс кетіп бара жатып, бейіттің тұсындағы айналмада қарсы келе жатқан машинаның астына мотосикілімен кіріп кетпті. Адам тану мүмкін емес болпты дейді өлігін көргендер. Жастарда өзгеріс көп. Әсіресе өзіме келседе айтайын қыздар бір түрлі боп барады екен. Гұлнұр көктемде кеткен күйі ауылға қайтып оралмапты. Естісем ұлты да діні де басқа біреуге тұрмысқа шығыпты. Ауыл боп лағынат айтып отыр “бет жүзін көрмейміз” деп. Әнеу күні анасына жолқытым. Ботадай боздап отыр. “Менің Гұнауым жерге қаратты” деп. Шошаңдаған қыз шешеге сөз келтірер деген осы да. Той томалақта ауыл әйелдері сөз қылатын сяқты. Бұл жолғы хатым тым мұңлы боп кетті білем. Өзіңнен қуаншты хат күтем...

 Өзіңнің Бүлдішінің»

Жылағым келді. Досым мен тастан құлап өлген қыз үшін. Менің ең алғаш өлімге бет көріп барғаным сол қыздың өлімі болатын. Ағам екеуміз шөп шауып жатқамыз. Көрші үйдегі жігіт келді. Өңі қуқыл тартып тұр. Жөнсал сәлемдесті. Қатты жылағаны көзінен білініп тұр. “Не болды? Жүзің сынық қой?!” деп еді ағам, ауызы әрең сөзге келді. “Тұнық тастан ұшып қайтыс болыпты кеше. Сүйегін алып келеді екен. Соған барайын десем көлік жоқ. Мотосикіліңізді бере тұрсаңыз”. Ағам сілейді де қалды. Енді ғана он жетіге ілінген қыздың өлімі оңай тисін бе. Екі сөзге келмеді. “ал, ал” деп ғана айтты. Бір айдың алдында ғана жазғы каникулға тарағанда “жайлауға барасың  ғой, үйге бар, мен сентябірде бірақ келем” деп кеткен қыздың өлі денесі келеді деп кім ойлаған. Маскүнем әкемен тас бауыр ағаның жәбіріне шыдамай тастан құлап қайтыс болған қыз, көрші үйдегі жігіттің уәделескен болашақ жары екенін кейін білгем. Досымның да өлімін естіп алғам.  Мен әржолы ауылға барған сайын “әй, бұйра бас, сен бәрімізден астың ғой. кластағы тынымсыздың бірі болсаң да, әйтеу оқып жүрсің. Біз болсақ сол ақ таяқ пен темір күрек қолда. Күн шыққаннан батқанға дейін тырбынамыз. иә бүтінделіп жатқан жыртығымыз жоқ. Кетеуі кеткен дүниені жөндеп болмайсың.”,- деп кеп құшағына қысатын. Өлерінен үш төрт ай бұрын ауылға барғанымда үйіне шақырды. “Қарбаласпын. Енді бір келгенде барайын” деп ем болмады. “Сен не мені бойыңа тоғытпай тұрсың ба? Әлде қолаң шаштілерден қолың босамай жүрме? Бүгін біздің үйге қонақ бол. Сен жыл құсы құсап енді бір айналып келгенше мен бармын ба жоқпын ба кім біледі?”,- деген. Ойымда ештеңе жоқ “осы уаққа дейін жігтті қыз алып қашып кетіпті дегенді естігем жоқ, сені ажал кеп әкетпесе”,- дедім. Осы сөзіме күні бүгінге дейін өкінем, әрі қиыла жабысса да сол күні оның үйіне бара алмап едім. Содан кейін жолыға алмадым. Қыз емес ажал кеп алып кетіпті. Қыста үйіне бардым. Бір әкеден екі ұл еді. Серік үлкені болатын. Кішісі Ерікті де күзде тоймсыз қара жер жалмапты. Екі бірдей ұлынан айырлыған кейуана қайғыдан шөгіп шүйкедей кемпірге айналыпты бір – ақ  жылда. Мені көрді де боздады – ау . Солқылдап тұрғаны болмаса көзінен бір тамшы жас шығар емес, қос жанардың жасы баяғыда тартылып болған екен.

Түскі мезгіл болайын деді.  Біресе хат оқып, біресе өткен шақты қиялдап әлі отырмын. Жатақ іші шуыл, бірақ мойын бұрар емеспін. Тағы бір хатын оқи бастадым. Бұл тіпті оқи - оқи, тоқымдай тозған хат еді.

«Cәлеметсің бе?

хатыңды алып айырқша қуандым. Менде сағынып жүрмін. Қазір түн ортасы болды, ұйықтай алмай жатырмын. Сені ойлап сабандай сарғайып кететін тәріздімін. Мен сені шексіз сүйем. Бірақ екеуміздің қосылуымызға бөгет көп. Анама шет жағасын шығарып айтсам, қолын төбесіне қойып қарсы болды. “Сені сонау ит арқасы Алматыға емес, мынау Тарымға оқуға кеткеніңе әрең шыдағам. Ақ сүтімді ақтайым десең осы жақтан жігіт тап, әкең мен мені ойлама, ана жарым есті бауырыңа біз өлген соң қарайласатын адам керек. Оның өмірге өйтіп келгеніне сен де, мен де, әкең де кінәлі емес. Бірақ қараусыз қалдырсақ ол ауыр күнә. Көзім жұмылғанша әлпештеп қараймын. Ішіме сиған балам сыртыма да сияды. Ал көзім жұмыларда саған аманаттап кетем. Сен шекарадан шетке кетсең онда ана бауырыңды көрге көміп барып кет”,- дейді. Екі оттың ортасында қалдым. Анамды ойласам сені қимайым, өзім аңсап тапқан махаббатты өзім өлтіргім келмейді. Ал бір ойласам анамдікі де дұрыс. Жалғыз бауырымның жайы өзіңе де белгілі. Саған “мен үшін бұл жаққа кел” деп тіпті айтпаймын. Өйткені сен солай кетем деп қаншама бодау бердің. Тіпті оқуыңды да тастап кеттің. “бір қыз үшін келіп алыпты” деген атты сенде көтеріп жүре алмайсың әрі ондай мазаққа сені қалдырғым келмейді. Бауырымды олай алып бару тіпті мүмкін емес. Анамның ойы ауылдағы өз нағашы апайының ұлына бергісі келеді. Тек сонымен тұрмыс құрсам ғана батасын беретін түрі бар. “Сол ғана саған да, ана бауырыңа да сүйеніш болады” дейді. Анам мені емес жалғыз ұлын ойлап отыр. Бұл саған айырлысайық дегенім емес, аз болсада мұңымды саған айтып жеңілдегім келгені...

 Өзіңнің Бүлдіршінің»

Бұл оның оқуын бітіріп келе салғандағы жазған хаты еді. Көзіме жас тығылды. Онымен бірге өткен шақтарым кино лентасындай көз алдымнан жылжып өтіп жатыр.

 Бірде ол екеуміз көшеде қолдасып келе жатқамыз. Оң қолымды ұстап келе жатып “мына ортан терек саусағың неге қисық” деп таң-тамаша болды. “Туа солай” деп әзілге бұрдым. “айыт жасырмай, әйтпесе өкпелейім” деп бұртия қалды. Оның өкпелегені де әдемі болатын. Бетіндегі әдемі шұңқылы тіптіде сұлуландырып жіберетін. “сені кластастарың қиын тынымсыз дейді. Саусағыңды сол тынымсыздықтан құртпадың ба?”,- деп мейір төге сұрады. Шынымды айттым. “көкпар тартып жүріп, шығарып алғам. Үйге айтайын десем ұрсатын болды әрі өзімде шығып кетті деп ойламағам. Бір күні сен сяқты,  анам да ұстап отырып көріп қойып сұрады. Содан көкпарда құрығанын айтып едім, ауылдағы сынықшы кісіге көрсетті. Ол кісі бұл саусақ шығып уағында салынбағандықтан буыны шор боп қалған. Ешкінінң майын тартып жұмсартып барып салмаса болмайды деді. Содан ешкінің майын тартып барып сынқшы салып бергені осы, аз болсада түзуленді. Әйтпесе саған қолы жетпеген жігіттер менің саусағымды көріп:

“Бәрекелді Бүлдіршін тапқаныңа,

Қисық саусақ түсіпті қақпаныңа”,- деп келеке етер еді» деп қалжыңға бұрғам. Ол “ел сөзінде нем бар, саусағы қисық болғанмен ниеті түзу дер едім” деп аялы алақанымен уқалап, ақырын сүйіп қойған. Сол қисық саусағым дір – дір етеді. Қолымдағы хат сусып жерге түсіп кетті.

Ең соңғы хатын қолыма қайта алдым. Түнімен сан қайтара оқығам. Көзім соңындағы жапан түздегі жалғыз жолаушыдай болып көрінген жалғыз нүктеге түсті.

«Cәлеметсің бе?

Ақ үрпек арманымның ләлә гүлі қош бол. Мен бауырымды қия алмадым. Оған “сені тастап ешқайда кетпейім деп” уәде бердім. Өз айтқанынан өнім болмасын білген анам  бауырыма айтқызды. “мені тастап қайда кеткелі жүрсің? Апам сені алысқа, екеуміз жете алмайтын шалғайға кеткелі жүр деп айтты.”,- деп ботадай боздады. Өзіне сүйеніш керек екенін әбден білетін сяқты. Көз жасын аядым. Әрі анам мен бауырымды зар еңіреткім келмеді. Сен де ет жүректі пендесің ғой. Менің орынымда болсаң өзің де осылай істер едің. Бауырыма “сені тастап ешқайда кетпейім” деп едім балаша қуанды. Анама “Бүбіш бізді тастап кетпейім деді” деп айғайлап мәз болды. Анам көз жасын көлдетіп кеп “қызым мені кешір, істегенімнің қате екенін білем. Бірақ мына ұлға сүйеу керек, сенен басқа кімі бар бұл өмірде”,- деп құшақтап өксіді. Екеуін аңыратып кеткенде мен не бақыт таба қоям тірліктен. Мені опасыз санарсың бәлкім. Бірақ менің орыныма өзіңді бір минут қойып тұрып, адами қасиетпен ойланып көрсең, сонда ғана мені кіналамассың. Анама уәдемді бердім. Жақында құда түседі. Сені шын сүйдім, бірақ алды кең, арты тар алдамшы өмірге не дейін? Бақыт тілейім саған. Денсаулығыңа көңіл бөл. Сенен сұрар жалғыз тілегім: мені шын сүйген болсаң, осы уаққа дейін алдап келмеген болсаң, осы хат қолыңа тиген соң қайтарып хат жаз ба.»

Хат соңына қойылған жалғыз нүкте алдымды тосқан жалама құздай болып сезілді. Қаламымды қолыма алдым. Бірақ, Бүлдіршінге хат жазу үшін емес, қойын дәптеріме өз көңіл – күйімді жазу үшін.

Қуанәлі Алмасбекұлы

Связанные Статьи