"Мен" қалай делқұлы болдым?

/uploads/thumbnail/20170708173946817_small.jpg

(Ойтүрткі)

Бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғам әділетсіздік пен қараңғылықтың, тоғышарлық пен тойымсыздықтың тұнған ордасына айналып барады. Адамдардың бір-біріне жаны ашып, бірінің тыныштығын екіншісі бұзбай, жылқының жусағанындай бейбіт те берекелі өмір кешуге құлықты емес екені күннің бататынындай ақиқат. Бір-бірімен алысып-жұлысып, ағайын мен ағайын араздасып жататыны тағы бар.  Қоғамның бұл дерті МЕН болып былай өріледі.

Мен өмірдің әсем гүлзарында қауызын жаңа жарған гүлмін. Менің ары қарайғы ғұмырым мәнді де сәнді болуы керек. Қазаққа титтей болса да пайдамды тигізіп, ұлтымыздың болашағы үшін жан аяспай күресуге міндеттімін. Жетімге қол ұшын беріп, жарлы-жақыбайды шама-шарқымша  жарылқауым керек. Халық игілігі үшін қалтқысыз еңбек етуге тиіспін. Тым болмаса қазақтың санын көбейтуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуым қажет. Тіпті оны да орындай алмасам, қазақ қоғамына ең құрығанда зиянымды тигізбеуім керек. Қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұрлық-қарлық жасауға, пара алып, пара беруге, айналамдағы адамдарды ренжітуге, жүрегін ауыртуға, жанын жаралауға, кемтарды кемсітуге, әлімжеттік көрсетуге, үстемдік жасауға мүлде  хақым жоқ. Бірақ мұндай жағдайлардың барлығына бетпе-бет келгенде күнәдан аман қалмайтыным рас. Жұрт жүйкемді жұқартып, төзімімді тауысып жатса, қоғамдық тәртіпті сақтауға қалай дәтім барады? Есем қайтпау үшін шамам келгенше жұлысамын, ұрсысып-керісемін. Сұғанақ қолым сұғанақтығын қоя алмаса немесе әлеуметтік жағдайым ұрлық-қарлыққа тәуелді болса, менің басқа амалым бар ма? Пара алсам бала-шаға қамы үшін деймін, бала-шағам тоқ болса да. Шынына келгенде, тоғышарлық билеген мені тойымсыздық құртатынын әлі түсіне алмай жүрмін. Айналамдағы адамдарды ренжітуге, жүрегін ауыртуға, біреуді кемсітуге, әлімжеттік көрсетуге пасық кеуде арланбайды. Өйткені, менің өзім өзімнің дәргейімдегі пенде емеспін. Мен айналамдағы арамшөптерден арыла алмаған пақырмын. Арамшөптермен селбесіп, шырмалып, байланып бірге өмір сүріп жатырмын. Сол арамшөптердің бірі телефонға шұқшиып, қайран уақытты қайдағы бір пайдасыз нәрсеге сарп ету.

Мен кез келген ортада, қоғамдық көлікте, үйде, қонаққа барғанда телефоныма кенедей жабысып, ват-сап, вконтактінің құшағында «қызыққа» батып отыра беремін. Сол жерде қысыр әңгіменің тиегін ағытып, өсек-аяңның неше түрін естіп, көріп үлгеремін. Өйткені, содан өмірдің шырын рахатын табамын. Басқа дүниелер онша-мұнша қызықтыра қоймайды. Қоғамдық көлікке отыра қалсам, кондуктор мен жүргізушінің ел-жұртпен тайталасып жатқанына ұдайы куә боламын. ГАЗельге отырып, еңкейіп тұрғанға түк те қынжылмаймын. Кейде, абажадай жаңа автобустарға отырып ішкі-құрылыс, бүйрек-бауырдан түк қалдырмай сілкітіп аламын. Автобус жүргізушінің жұртпен ұрсысып, айқайын естіген құлақта жазық бар ма? Қабаржып тұрған қабақты шыта қалып, екі қолды белге қойып мен де ұрсысқа араласамын. «Қоғамдық көлікті баппен айдап, дұрыс қызмет көрсетіңіз» десек, олар: «Базынаңды әкімшілікке айт» дейді. Әкімшілікке барып, арыз жазып немесе әкімнің қабылдауына кіруге титтей де уақытым жоқ. Мен өз құқығымды алға тартып, шағым айтып, арыз жазуға құлықты емеспін. Одан тіпті нәтиже болады дегенге сенбеймін. Өйткені, жұрттың бәрі солай айтады. Айтатынымды автобуста айтып, көпіріп-көпіріп алғасын түк болмағандай түсіп кете беремін. Үйге келіп, теледидарды қосып қалсам, жалақысын 4-5 ай ала алмай жүрген Қарағандыда, Шымкентте, Тараздағы ағайындардың көз жасына куә боламын. Жалғызбасты ананың жанайқайы мен жан дертіне тағы құлақ түруге тура келеді. Қайда барсаң, ұлардай шулаған жұртты көретін болдым. Баспана басының ауруына айналып, жалғыз пәтерге зар болғандар МЕНдей хәл кешіп жүр. Бір үй тұрмақ, бір тілім жерге жете алмай жүргендер бар. Ата заңымыз бойынша әрбір Қазақстан азаматына 10 соток жер тиесілі. Яғни, Қазақстан Республикасының кез келген азаматы 10 соток жерді тегін алуға толықтай құқылы. Бірақ, құқықтық нигилизмнің әлдеқашан ішімізге еніп алғанын МЕН мойындаймын. Мойындаған соң «Сен тимесең, мен тименнің» кері кеп жүр. Содан кейін де мемлекеттік һәм саяси мәселеде шаруам жоқ. Қолым қалт етсе, сериал көремін. Кешкі алтыдан түнгі он бір он екіге дейін түрік пен үндінің небір шым-шытырық сюжеттерін көріп, ондағы кейіпкерлердің тағдырына алаңдаймын. Келесі бөлімін асыға күтемін, Бани жыласа жылаймын, Бани қуанса қуанамын. Сиырдың сілекейіндей созылып, бітпей жүрген «Келінді»  тіпті қызыға қараймын. Ондағы актерлердің елге келіп, көрерменімен кездескенде тай-тұяғымызбен жиналып Шивті көруге асықтық. 23 мың адам болып бардық. Қысқасы, күніне кемінде үш сағат уақытым сериал көруге кетеді. Оның есесіне, «Ұрпақтарының болашағы үшін күндіз күлмеген, түнде ұйықтамаған» Тоныкөк, Білгелерді, өз заманында жүмлә жұртты жаулаған сайыпқыран Шыңғысханның шын мәнінде кім екенін білмеймін. «Арғы атам – Ертүрік, біз қазақ еліміз» деген алашшыл елді, қазақ деген ұлтты білмеймін, мүлде танымағанмын, зерттеп, зерделемегенмін. Тарихымды танып, салт-санамды ұғынбағанмын, болмысымның жұрнағын да іздемедім. «Тұсында тұлпары тарп ұрған» атайы ерлерімнің ерен ерлігін, даладан дарыған даналығын бойыма сіңірмедім. «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінетін, күдеріден бау тағып, кіреукені киетін» кезді аңсамақ түгілі ойлап та көрмеппін. Құздан құлаған селдей екпінді, қуатты жырдың шырын дәмін татпадым. Сондықтан да ұлттық рухтың қасиетін білмеймін. Тіпті рух дегеннің не екенін білмейтін пұшайман хәлге жеттім. Ештеңені білмеймін, ештеңеге мән бермейтін, ештеңеге бас қатырмайтын мәңгүртке айналып барамын.

Заманында «Мен, мен едім, мен едім» деген өр рухты, өжет жан болғанмын. Бір қарасам, «Мен, мен» деген рухым қайда кеткенін білмеймін, әйтеуір, басы ауған жаққа ұшып кетіпті. Қазір он қазақ ортасында бір орыс отырса сол үшін бәріміз орысша шүлдірлеуге бейім тұрамыз. Өйткені, мен ұлттық "меннен" айырылып барамын. Бүгінде сондай рухты Мұхтар ата Мағауиннен ғана көремін. Көремін де қуанамын, көздің жасын сулаймын да, жүрегім соғып, тулаймын. Әлімсақтан пенде болып туғасын пенделіктің жолын қалай ғана қумаймын? Айтыңызшы, қалай ғана қумайын?

«Исатайдың барында екі тарлан бөрі» болатынмын. Ешкімнен де кем емес, ештеңеден кенде емес едім. Бүгінде жартылай мүгедек, жармақ десе жармақ болдым. Әкем маған «Қазақ мемлекетін құрайық» десе, мен: «Қазақстан болайық» деуден жалықпаймын.

«Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, қараңғылықтың кегіне, күн болмағанда кім болам» дегенмін кезінде. Қазір олай дей алмай жүрмін. Оқу-білімге, ақыл-парасатқа ұмтыла бастасақ, надандық найқалып шыға келеді. Онда да бақталастық пен бақа есептік бой көтеріп, жүрегімді айнытып, көңілімді қалдырады. Ғылым жолы да өзінің әділетінен алшақтап бара жатқанға ұқсайды. Ол ортадан да жиіркенемін, жиренемін. «Отты ғұннан от боп ойнап туған» мен едім. Бүгінде от болып жана алмай, бықсып жатырмын. «Жүректің көзін аша алмай, Хақтықтың сәулесін түсіре алмай, іштегі кірді қашырмай, кеудемді хикмет қыла алмай» азып-тозып жүрген бір бейбақпын. Әрине, ноқаттай боп қарайып қалған жүрекке, нәпсісі өсіп тамыры жуандап алған рухқа Хақ Тағаламның қайдан сәулесі түссін?

«Бөрілі байрақ астында бөгеліп көрген жан емес» ем. Жік-жікке, ру-руға, сақалды-сақалсызға бөлініп кеттім. Сол бөрілі байрақтың астында «күн сөнгенше сөнбейтін» көкбөрі жұрты болатынмын. Қазір шәуілдеген ит сияқтымын. Өйткені менде арамшөптен азат ететін антивирус жоқ. Шырмауықтарға төтеп беретін күш-қуат, әл-дәрменім қалмады. Тіпті оларға қарсы тұратын имунитет жоқ мен пақырыңда. Тек ойыма Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына жолдары орала береді:

Шетсіз, шексіз көлдерден,

Тұманды түпсіз шөлдерден,

Адамдық көші өткенше,

Қасқыр мен қой дос болып,

Доссыз өмір бос болып,

Шын өмірге жеткенше,

Іштен өсіп адамдық,

Сырттан түлеп жамандық,

Тазарып әбден кеткенше.

Талай шаштар ағарар,

Талай тәнді жер алар,

Талай буын қуарар,

Талай өмір суалар...

Тәңірім, тек тәубеме түсіре көрші?!

Шынаргүл ОҢАШБАЙ

Связанные Статьи